Алдын алуға амалдар жасалуда

Нау 27, 2025

Аймақтағы су тасқыны жағдайына бақылау жалғасуда. Облыс әкімі Асайын Байханов су басу қаупі бар аудан, ауылдардың ахуалымен әуеден барлау арқылы танысты. Нақтысы, Ақмола облысының Сілеті су қоймасын, оған жақын жатқан өңіріміздегі Ақтоғай ауданының аумағын тікұшақпен тексеріп шықты.

Аймақ басшысы Асайын Байханов облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Рүстембек Амринмен бірге әуеден барлау жұмыстарын жүргізді.

Әуеден бақылау Сілеті су қоймасына құйылатын және ағып шығатын сулардың ағынын ескере отырып, жиналған судың көлеміне талдау жасауға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда су қоймасында жиналған судың көлемі 201 млн текше метрді немесе 87% құрайды.

Ақмола облысындағы Сілеті су қоймасынан жіберілетін судың ұлғаюына байланысты Шолақсор ауылына қауіп төнуі мүмкін.

Барлық су басу қаупі бар учаскелер тексеріліп, Сілеті өзенінде санитарлық су жіберу дайындығы, сондай-ақ, барлық су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу үшін келген күштер мен азаматтық қорғау қызметі топтарының дайындығы зерделенді.

Аймақ аумағында су тасқыны кезеңіне тәулік бойы бақылау жүргізілуде, барлық қажетті күштер мен құралдар жұмылдырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

* * *

Өткен аптада күн күрт жылынып, қар тез еріді. Жергілікті билік ауа температурасының құбылуы көктемгі су тасқыны кезеңін күрделендірмейтінін айтады. Өйткені биыл өңірде жауған қардың мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе аз. Онымен қоса, техника күші мен мамандар саны айтарлықтай жеткілікті.

Мезгіл мәселесін алдын алуда облыс әкімі Асайын Байхановтың басшылығымен көктемгі су тасқыны кезеңіне қарсы шараларды үйлестіру және салдарын жою мақсатында жедел штаб құрылған. Оның құрамына облыс-
тық төтенше жағдайлар департаменті мен полиция департаментінің басшылары да кіреді. Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожиновтің сөзіне сүйенсек, «Қазгидромет» облыстық филиалының мәліметіне сәйкес, биыл топырақтың қату көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда аз. Биыл топырақтың қату көрсеткіші – 107 см құраса, өткен жылы бұл көрсеткіш 172 см-ге тең болған. Өңірге түскен жауын-шашын
мөлшері де былтырғыға қарағанда 1,5-2 есе аз.

— Облыс аумағында су тасқыны кезеңі екіге бөлінеді. Біріншісі, қардың еруі наурыздың 2-ші және 3-ші онкүндігіне сәйкес келеді, екіншісі сәуірдің 2-ші және 3-ші онкүндігінде орын алады. Жергілікті биліктің бақылауымен аудандарда мезгіл мәселесіне қарсы шаралар өз деңгейінде жүргізілуде. Қазіргі уақытта ауылдарда қарды сыртқа шығару жұмыстары қарқын алған. Республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда бөгеттерді ашу жұмыстары 100 пайыз аяқталды. Наурыз айындағы жағдай бойынша облыс аумағында 700 мың тонна қар шығарылды.

Қазіргі уақытта 36 елді мекен ерекше бақылауға алынды. Өткен жылы су тасқынынан зардап шеккен Жалаулы ауылында ауқымды инженерлік жұмыс атқарылды. Биіктігі 3 метрге дейін жететін 2,3 км бөгет тұрғызылды, еріген қар суын жинау үшін жалпы көлемі 200 мың метр болатын 3 қазаншұңқыр және 2 су бұру арықтары жабдықталды. Сілеті өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Тарихи су басу қаупі аймағына кіретін Шолақсор ауылының айналасында биіктігі 2 метрге дейін жететін 8,3 км қорғаныс бөгеті жасалды, — деді Серік Батырғожинов.

Серік Барлыбайұлының сөзінше, инженерлік жұмыс аясында жалпы ұзындығы 18 км қорғаныс бөгеті тұрғызылып, нығайтылды. Қосымша 24 су өткізу құбыры орнатылды. 4 шақырым бұру арықтары жөнделіп, салынды. Өзендерді тереңдету жұмыстары да жүргізілді. Жалпы саны 2400-ге жуық күштік құрылым топтастырылды. Сонымен қатар, су қоймаларынан су жіберу кезінде су көлемін бақылау мақсатында «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы «Тасқын» жүйесін әзірледі. Бұл жүйе пайдалауншыларға су ағыны мен көлемінен хабар береді. Ертіс өзені арнасы бойынша гидропосттар бар.

— Жуырда Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарымен көктемгі су тасқыны кезеңінде әрекет ететін шараларды ақылдастық. Облыста тауға жақын орналасқан ауылдар ерекше бақылауға алынған. Ақтоғай ауданына қарасты Шолақсор ауылы, Ертіс ауданындағы Ұзынсу, Тоқта ауылдары мен Баянауыл ауданында Ащысу өзендерінен келетін тасқын сулардан жапа шегуге бейім 8 ауыл бақылауда тұр, — деді С.Батырғожинов.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары биыл Қарағанды облысына қар өткен жылмен салыстырғанда
1,5 есе мол түскенін айтты. Жуырда Баянауыл ауданы және Қарағанды облысының жауапты мамандары Ақжар бөгетіне барған. Қазіргі уақытта Баянауылда қар суының еруі ерте жүруде. Бұл жағдай ахуалдың ушықпауына көмектеседі. Өйткені Қарағанды облысындағы еріген қар суы қосылса, жағдайды күрделендіруі мүмкін. Бұл ретте ауданның Қ.Сәтбаев, Ұзынбұлақ, Жаңажол және Жаңатілек ауылдарында лиманды суару жүйелерін қайта жаңарту бойынша жобалар іске асырылуда. Жоба Қарасу, Ащысу өзендерінен келетін тасқын суларды жинақтауға және оларды лимандардың суармалы алқаптарына жіберуге бағытталған. Бұл өз кезегінде су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Ауа температурасы күрт жылынып, жағдай осылай жалғаса берсе, өңірдегі ахуал ушықпай ма? Бұл сауалға Серік Барлыбайұлы су тасқынына қарсы шараларды алдын алуда техника мен маман саны қажетті мөлшерде жеткілікті екенін айтты.

— Көктемгі су тасқынының алдын алуға 700 техника әзір. 2400-ге жуық маман бар. Мұндай құрылымдық күшке қажеттілік жоқ. Десе де, техника мен маман саны жеткілікті. Әр ауданды аралап, елді мекендерде атқарылып жатқан жұмыстарды бақыладық. Жоқ дегенде әр ауданда 30-дан 70 техникаға дейін бар. Аймақта 366 мотопомпа бар. Бұдан бөлек, 2 үлкен сорғы бар. Сондықтан техника тапшылығы жоқ. Қазір қардың күрт еруіне байланысты, жауапты мекемелер күні-түні жұмыс істеп, ахуалды бақылауда ұстап отыр. Қандай да бір үй ауласын су басса, жедел түрде шешім шығарылады. «Көктем – 2025» оқу-жаттығуы кезінде шұғыл әрекет ету барысын тексердік. Қауіп төнетін елді мекендер назарға алынған. Сондықтан су тасқыны кезеңіне қарсы тұруға қауқарымыз жетеді, — дейді С.Батырғожинов.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.

Суретті түсірген — Валерий Бугаев.