Сән-салтанатымен асқақтаған мейрам

Нау 27, 2025

Ұлыстың ұлы күні аймағымыздың әр ауданында айрықша аталып өтті. Ұйымдастырушылар мерекелік шараларда Наурыз мейрамының барлық ұлттық нышанын көпшілік назарына ұсынуға тырысты. Солардың бірқатарына тоқталып өткенді жөн көрдік.

Тереңкөлдің тойшыл қауымы да әз Наурыз мейрамын кең көлемде атап өту үшін аудандық мәдениет үйінің алдындағы мерекелік алаңға жиналды. Жарқыраған күн көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қыстан аман-есен шыққан жұртшылық көктемнің көрікті мерекесін сән-салтанатымен атап өтті. Аудан әкімі Азамат Манғұтов жерлестерін мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін
ақтарды.

Алаңға үш киіз тігіліп, әрқай-сысының арқалаған тақырыбы болды. Бірі Ұлы Жеңістің 80 жыл-
дығына арналып, жеңіс тақы-рыбындағы кітаптар, жерлес соғыс ардагерлерінің марапаттары қойылған мән-маңызы терең көрме ұйымдастырылды. Екінші киіз үй Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орайластырылған. Мұнда әр ұлттың ұлттық киімдері мен бұйымдары қойылыпты. Ал «Қолөнер — дәстүр жалғасы» атты киіз үйге кірген көпшілік ауданның қолөнершілерінің туындыларын тамашалай алды.

Бас сахнада Ұлыстың ұлы күніне орай театрландырылған көрініс қойылды. Ауданның шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасы тойдың ажарын аша түсті. Тереңкөлдіктер Ұлыстың ұлы күні ұлтымыздың қайырымдылық, жомарттық қасиетімен ұштасып жатқанын ұмыт қалдырмады. Мерекеге жиналған халыққа демеушілердің көмегімен тегін палау, балаларға шырын мен бауырсақ таратылды.

Ұлттық ойындар ұлықталды. Асық ату, бес асық, қол күресіне қызығушылық танытқан адам қарасы көп болды. Ал ұлттық нақышта безендіріліп, хан тағы қойылған фотоаймақта кез келген адам суретке түсіп, биылғы Наурыз мейрамынан естелік етіп сақтап алды.

Аққулы ауданында әз Наурыз мерекесі жоғары деңгейде тойланды. Биыл аудан орталығында 6 киіз үй тігіліп, әрқайсысы биылғы мерейтой иелеріне арналды. Бұл ретте Атамекен, Иса Байзақов, Абай, Ынтымақ, Ә.Баймолдин атына тігілген киіз үйлерде аудан тұрғындары мен көрермендерге көрме мен ұлттық тағам ұсынылды.

Алаңда арқан тарту, кір көтеру, аударыспақ сынды ұлттық спорттық ойындар да өткізілді. Сонымен қатар, көпшілікке қазанда палау пісіріліп, самауырмен шәй қайнатылды. Тұрғындар Наурыз- көже мен бауырсақтан дәм татты. Бір ерекшелігі, көрермен назарына ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлер де көрсетілді.

Ал Ертіс ауданының қолөнер-шілері Наурыз мерекесіне орай жалпы ұзындығы 40 метр болатын оюлы кілем тоқыды. Бұл ерекше туынды халқымыздың бай мәдени мұрасын дәріптеп қана қоймай, мерекенің сәнін келтірді. Ұлыстың ұлы күні аудан тұрғындары үшін айрықша көңіл-күймен өтті. Орталық алаңға жиналған халықтың қарасы қалың болды. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылды. Балаларға арналған арнайы алаңдар жабдықталып, қолөнер бұйымдарының көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Мереке аясында биыл мерейтойы аталып өтілетін Абай Құнанбайұлы, Иса Байзақов және Аманжол Шамкенов сияқты даңқты тұлғалардың өмір жолынан сыр шертетін сахналық қойылымдар қойылды. Бұл ұлылардан қалған мұраның өскелең ұрпаққа өнеге болуын көздеген тағылымды шара еді.

Наурыз мерекесі қарсаңында өткен «Көрпе фест» байқауы да ерекше назар аудартты. Аудан мектептері бұл шараға белсене қатысып, жалпы ұзындығы 40 метр болатын көрпе тікті. Бұл тек шығармашылық жетістік қана емес, сонымен қатар бірлік пен дәстүр сабақтастығының символына айналды.

Мерекенің тағы бір жарқын оқиғасы – «Тақия фест» фестивалі. Бұл фестивальде 40 мектеп оқушысы ұлттық нақыштағы тақияларын киіп, оларды ұлттық киімдермен үйлестіре білді. Қыздар дәстүрлі бас киімнің алуан түрлі пішіндері мен ою-өрнектерін көрсете отырып, оның қазақ әйелінің болмысындағы орнына тоқталды. Ертіс ауданында аталып өткен бұл мереке халқымыздың мәдени құндылықтарын дәріптеп қана қоймай, көпшілікті береке-бірлікке шақырды.

Баянауылдықтар да әз Наурызды сән-салтанатпен тойлады. Мерекелік шара Қыдыр атаның Наурыз бата беру көрінісімен басталды. Ұлыс күніне арналған думанға жиналған қауымды аудан әкімі Ардақ Кісентаев құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді. Наурыз тойы жергілікті өнерпаздардың ұйымдастыруымен өткен «Ауыл думан» атты концерттік бағдарламаға ұласты. Аудан орталығында 10 киіз үй тігілді. Олар биыл мерейтойы аталып өтетін Жаяу Мұса, Қадыр Тайшықов, Қуат Әбусейітов, Есентай Ерботин, Ермұхан Бекмаханов, Атығай мен Қасым Шаниндер сынды белгілі тұлғалардың есімдерімен аталды. Аталмыш киіз үйлердің жанына ақпараттық тақталар орнатылып, халыққа мерейтой иелері жайлы мәліметтер берілді.

Сондай-ақ, әрбір киіз үйдің алдында ұлттық салт-дәстүрлерге қатысты шағын қойылымдар мен көріністер көрсетілді. Ал үй ішіне бас сұққан тұрғындар наурыз көже мен бауырсақтан дәм татты. Ораза ұстаған жандар да назардан тыс қалған жоқ. Оларға кешкі ауызашарға арнайы дайындалып шағын ыдыстарға құйылған наурыз көже мен бауырсақ таратылды. Наурыз мейрамына орай жарапазан айтылып, ұлттық қолөнер шеберлері өнімдерінің көрмесі мен жәрмеңке ұйымдастырылып, ұлттық спорт ойындары өтті. Шара соңында «Ең әдемі киіз үй» байқауының, ұлттық спорт жарыстарының жеңімпаздары марапатталды.

Наурыз мерекесі шарбақ-тылықтарға да шаттық сыйлады. Аудан орталығына жиналған тұрғындар назарына қазақ елінің тарихынан сыр шертетін театр-ландырылған көрініс ұсынылды. Сонау Сақ дәуірінен бастап Алаш Орда қайраткерлері, тың игеру кезеңі, егемен ел ұрпақтарына дейінгі көріністі бейнелейтін тарихи шеру көпшілік көңілінен шықты.

Орталық алаңда аудан тұрғын-дары үшін мерекелік концерт ұйымдастырылды. Сонымен қатар, шара барысында бір топ азамат қазақша күрес, қошқар көтеру, арқан тарту сынды ұлттық ойындарға қатысып, ақшалай және бағалы сыйлықтарға ие болды. Шарбақтылықтар ауданда тігілген ақшаңқан киіз үйлерге кіріп, ұлттық қолөнер бұйымдары мен этно-мәдени бірлестіктердің көрмелерін тамашалады. Мерекелік шара соңында «Үздік безендірілген ұйымдар» байқауының жеңім-паздары марапатталды.

«Saryarqa samaly»  газетінің  журналистер тобы.