Асыл дініміздегі ең басты құндылықтардың бірі – қандай бір жақсы амалдың тоқтап қалмай жалғасын табуы. Алланың Елшісі – Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Рамазан оразасынан кейінгі айда тағы жалғастырып ауыз бекітуге шақыруы — соның көрінісі. Бұл – Рамазан айынан кейін келетін Шәууәл айындағы алты күндік ораза.
Шәууәл айы – мұсылман күнтізбесіндегі мерекемен басталатын жалғыз ай. Яғни, бұл айдың бірінші күні Айт мерекесі болып саналады. Алланың ризашылығы мен шапағатын іздеген әрбір мұсылман Рамазан айындағы парыз оразаны өтеп болған соң Шәууәл айындағы нәпіл оразаны да ұстауға тырысады. Яғни, осылай Аллаға тағы жақындай түсу мүмкіндігі туады. Шәууәлдағы қосымша құлшылықтардың ең негізгісі — алты күндік ораза. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір хадисінде: «Кімде-кім Рамазан айының оразасынан соң Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады» деген. Бұл хадис Шәууәл айында алты күн ораза тұту Алла жолындағы сүйікті амал екенін білдіреді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның он есе қарымы беріледі» – деген. Жоғарыдағы хадис пен аяттың мәні былай: Рамазан айындағы отыз күн мен Шәууәл айындағы алты күн қосылғанда, 36 күн болады. Бұл сан он есеге көбейтілсе, үш жүз алпыс күнді құрайды. Бір жылдың қалған бес күнінде ораза ұстауға болмайды. Ол — Рамазан және Құрбан айт мерекелері.
— Бірақ, осы алты күн ораза ұстауды дұрыс түсінуіміз қажет. Көптеген азаматтар бір жыл ораза тұтқанмен бірдей деген деректі естіп, Рамазан айының парыз оразасын ұстамай тек Шәууәл айында ғана алты күн ауыз бекіте салғысы келеді. Бұл — қате түсінік! Бір жылға тең келетін сауап алу үшін Рамазан айының отыз күнін оразамен өткізіп, оған Шәууәлдағы алты күнді жалғастыру қажет. Сонда бір жылдық оразаға тең келетін сауапқа кенеледі екен. Мұны ислам ғалымдары былай түсіндіреді: әрбір жақсылық кемінде он еселенеді. Рамазандағы отыз күніміз үш жүз күнге татыса, одан кейінгі Шәууәлдағы алты күніміз алпыс күнге тең келеді, — дейді «Ақмешіт» мешітінің имамы Нұрмұрат Мұсайып.
Биыл Рамазан айы 29 наурызда аяқталса, 30 наурызда Шәууәл айы басталады. Бұл айдың бірінші күні Ораза айт мейрамы болғандықтан, ауыз бекітілмейді. Сондықтан сол алты күннің оразасын Айт мерекесі өткеннен кейін, айдың соңына дейін кез келген күні ұстауына болады. Осы ретте Рамазан айынан кейінгі ұстайтын ораза туралы имамдардың мына ескертулерін еске салуды жөн көрдік: шәууәл айының оразасы нәпіл ораза болып табылады. Яғни, мұны ұстау ешкімге міндет емес, әрбір адамның өз қалауында. Дегенмен, мұны ұстамаған жан жоғарыда келтірген Пайғамбарымыздың хадисіндегі бір жылдық оразаның сауабынан құр қалады. Шәууәл айының нәпіл оразасы тек сол айда ғана ұсталады. Оның арасын үзбей қатарынан орындауға да екі-үш күнмен бөліп ұстауға да болады. Рамазан айында түрлі себептермен қаза болған күндерді осы Шәууәл айында өтеп тастаған абзал. Негізі бұл аталған 6 күндік ораза Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті болғандықтан, алдымен парыз оразаның қазасын өтеу дұрыс. Шәууал оразасын әр аптаның екі күнінде, яғни, дүйсенбі және бейсенбі күндері ұстаудың шарапаты мол. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Дүйсенбі күні мен бейсенбі күні (апталық) істеген істер Аллаға ұсынылады. Менің істерім Аллаға көтерілерде аузымның берік болғанын ұнатамын» деген екен.
Тілеуберді САХАБА.