Уақыт өткен сайын әлеуметтік желілерді шектеу мәселесі жиі айтыла бастады. Смартфонға телміріп, желінің жетегінде кеткен жеткіншектерді ата-аналары да көп жағдайда бақылай алмай жатады. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде ата-аналардың 62 пайызы балаларының ғаламтордан не көріп, оған не жариялап жатқанынан бейхабар.
Күштеп сауықтыруға көшкен
Балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желіні пайдалануын шектеу мәселесі өзекті болып барады. Күні кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай құзырлы министрліктерге арнайы сауал жолдады.
— Бұл – төрткіл дүниеге дабыл қақтырып отырған мәселе. Әлемдік деңгейде белгілі психологтар әлеуметтік желі жастар арасында депрессияны күшейтіп, назар аудару қабілетін төмендетіп, тәуелділік тудырып, адамдармен шынайы қарым-қатынасты әлсірететінін дәлелдеген. Әлеуметтік желінің рухани-мәдени зиян-залалын қазірдің өзінде сезініп отырмыз. Халықаралық Kaspersky Lab компаниясы өткен жылы жүргізген сауалнамаға назар аударсақ, санаға салмақ түсіріп, көңiлге мұң әкеледi. Оның деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы балалардың 88 пайызында жеке смартфон бар. Ал оның 28 пайызы барлық бос уақытын гаджетте өткізетіні белгілі болды. Жасөспірімдердің 74 пайызы TikTok-ты, 59 пайызы – YouTube-ты, 57 пайызы Instagram-ды белсенді пайдаланады. Әрбір бесінші ата-ана өз баласының әлеуметтік желілердегі парақшасында қандай ақпарат жарияланғанын білмейді. Ата-аналардың 62 пайызы балаларының экран алдындағы уақытын бақылау үшін ешқандай арнайы бағдарлама мен шектеу қолданбайды, — дейді Мәжіліс депутаты.
Әлеуметтік желіге деген тәуел-діліктің зардабы тым ауыр. Әлем елдері оны психологиялық аурудың бір түрі ретінде қабылдап, салдарымен күресуді бастап кетті. Мысалы, қазір Оңтүстік Корея мен Канада ондаған сауықтыру орталығын ашып, заманауи гаджеттерге тәуелділерді күштеп сауықтыруды қолға алды.
Жарқынбек Амантай желіге желіккендер психологиялық, физи-калық, әлеуметтік қиындыққа тап келіп жатқанын айтады. Интернетке тәуелді жасөспірімдер арасында психологиялық ауытқуларғ атап болу көрсеткіші 2,5 есе жоғары. Депрессияға шалдығу ықтималдығы 3 есе көп болады екен.
Шектеп жатқандар бар
Бүгінде әлеуметтік желіні шектеп жатқан елдер аз емес. Олардың қатарына Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, АҚШ, Австралия және тағы басқа дамыған елдерді жатқызуға болады.
Атап айтсақ, Қытайда 2023 жылы кәмелетке толмағандардың мобильді құрылғыларды қолдануын реттейтін заң жобасы ұсынылған. Оған сәйкес, балаларға кешкі 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін смартфондарды пайда-лануға тыйым салынды. Франция үкіметі 15 жасқа дейінгі оқушылар үшін мектептерде телефон пайдалануға тыйым салып, балалардың интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеді.
Осындай ондаған мысалды келтіруге болады. Елдің болашағын, өскелең ұрпақтың қамын ойласақ, онда қазірден бастап нақты шешімдер қабылдауымыз қажет, дейді халық қалаулылары. Яғни, жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануын заңмен реттеу керек.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары еліміздің Оқу-ағарту министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркә-сібі министрлігі ведомствоаралық топ құрып, әлеуметтік желілердің өскелең ұрпаққа тигізетін зиянын жан-жақты сараптап, саралап, арнайы заң жобасын әзірлеуі қажет екенін айтуда. Сондай-ақ, жауапты министрліктер әлеуметтік желілер мен онлайн ойындарды пайдалану бойынша жас шектеулерін енгізу, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға гаджеттерді пайдалану уақытын белгілеу бойынша тиісті ұсыныс әзірленуі керек. Бұдан бөлек, ата-аналар үшін балаларының интернет әлеміндегі іс-әрекеттерін, өткізген уақытын қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай мемлекеттік бақылау жүйесін құру ұсынылуда.Жасөспірімдер арасында физикалық белсенділікті дамыту интернетке тәуелділіктің алдын алудың тиімді жолдарын қарастыруда аса маңызды.
Бұдан не ұтамыз?
— Әлеуметтік желілердегі мазмұн кейде жасөспірімдердің психологиялық жағдайына теріс әсер етеді. Шектеулер олардың эмоционалдық тұрақтылығын сақтауға көмектеседі.
— Әлеуметтік желілерге шектен тыс тәуелділік оқушылардың сабаққа назарын азайтып, білім сапасына кері әсерін тигізуде. Осы олқылықтың да орнын толтырар едік.
— Балалар алаяқтық, кибербуллинг, зиянды контент сияқты интернеттегі қауіптерге жиі ұшырайды. Белгілі бір шектеулер оларды осындай қауіптерден қорғай алады.
— Әлеуметтік желілерге тәуелділік балалардың нақты өмірде қарым-қатынас жасау дағдыларын әлсі-ретуі мүмкін. Шектеулер олардың әлеуметтік бейімделуіне оң әсер етеді.
— Ұзақ уақыт телефон немесе компьютер алдында отыру көздің шаршауына, дұрыс ұйықтамауға, физикалық белсенділіктің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Өскелең ұрпақтың денсаулығына назар аудару — маңызды.
— Әлеуметтік желілердегі шексіз контент уақытты босқа өткізуге итермелейді. Шектеулер балаларға өз уақытын пайдалы іс-шараларға жұмсауға мүмкіндік береді.
— Әлеуметтік желілерде барлық жастағы балаларға сәйкес келмейтін мазмұн бар. Белгілі бір шектеулер олардың жасына сай ақпарат алуына көмектеседі.
— Әлеуметтік желілерге ішінара тыйым салу ата-аналарға балаларының интернеттен қандай ақпарат алып жатқанын бақылауға мүмкіндік береді.
Осы ұсыныс төңірегінде көпбалалы ана Гүлия Қылышбекқызының пікірін білген едік. 7 баланы өсіріп отырған ана ұл-қыздарының смартфонын толық бақылау мүмкін емес екенін айтады.
— Балаларымның алды студент. Үш балам мектепте білім алады. Қазір ұялы телефон қажеттілік болғаннан кейін бәрінде бір-бір смартфон бар. Мектеп жасындағы ұл-қыздарымның ғаламторда не көріп, не оқитынын бақылай аламын. Тәртіп бұзса, телефонды бір аптаға алып қойып, жазалайтыным да бар. Ал студент балаларымды толық қадағалаймын деп айта алмаймын. Өйткені қазіргі жастар біз білмейтін ғаламтордың мүмкіндігін жақсы пайдалана алады. Оларды әлеуметтік желіден шектеу мүмкін емес. Бірақ дұрыс жүріңдер, жамандық атаулыдан аулақ болыңдар деп ақылымды жиі айтамын, — дейді көпбалалы ана.
Торайғыров университетінің студенті Аяулым Атшыбай жастардың бәрін әлеуметтік желіден шектеу дұрыс емес деген пікір айтады.
— Қазір студенттерді смартфонсыз елестету мүмкін емес. Өйткені сабаққа қажетті қосымша білімді ғаламтордан аламыз. Өзім әлеуметтік желінің көмегімен ағылшын тілін де меңгерудемін. Арнайы қосымша жүктеп алғанмын. Бұдан бөлек, такси қызметі, банк картасы, цифрлық құжаттардың бәрі – телефонда ғой. Әр адам өзіне қажетті дүниені әлеуметтік желіден алады. Елімізде болып жатқан оқиғалардың бәрін де интернеттен білеміз. Өзге жастар әлеуметтік желіні теріс бағытта пайдаланады екен деп неге басқалардың да құқығы шектелуі тиіс? – дейді студент.
Әлеуметтік желілер қарқынды дамып, жеңіл пайда, ар-ұяттан аттайтын әрекеттерді ашық жарнамалауда. Өкінішке қарай, жастар түгілі, ересектер де желідегі ақпараттың рас-өтірігін ажыратудан қалдық. Балалар қайдан айырсын? Өскелең ұрпағымыз жат идеологияның, әумесер ойындардың құрбаны болмасын десек, әлеуметтік желілерге шектеу қажет екенін түсінесің.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.