Бүгінде Астана қаласы білімнің отанына айналды. Олай дейтініміз, ширек ғасырдың ішінде шаһардағы білім беру саласында ауыз толтырып айтарлықтай жағымды жаңалықтар мен жетістіктер толағай.
Атап айтар болсақ, Астанада білім беру мекемелерінің саны артуда. Мәселен, соңғы 3 жылда 36 мектеп пайдалануға берілген. Бұл оқу ордаларында 70 мыңға жуық шәкірт білім алуда. Мамандар жан-жақтан көшіп келушілер есебінен оқушылар контингенті жыл сайын 20 мың балаға дейін артып отырғанын айтады. Ал қазіргі таңда бас қалада 236 мыңнан астам оқушы білім алуда. Сондай-ақ, 1-6 жас аралығындағы 60 мыңға жуық балғын 433 балабақшада тәрбиеленуде. Келешегі кемел шаһарда жоғары білім беру жүйесінде де артықшылықтар көп екенін атап өткен жөн. Мұндағы 15 жоғары оқу орнында 67 мың студент білім алуда. Олардың қатарында әлемнің түкпір-түкпірінен келген шетелдік студенттер де бар. Бір ерекшелігі, елордалық жастарға өзге мемлекеттердің профессорлары жиі келіп, дәріс оқуды дәстүрге айналдырған. Бұған қарап-ақ Астананың болашағы жарқын екенін аңғаруға болады.
Айта кетерлігі, осыдан бірнеше ай бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте бұл қала болашақта зияткерлік орталыққа айналуы тиіс екенін тілге тиек еткен болатын. Осыған орай, ҚР Оқу-ағарту министрлігі жас қаланың білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Жол картасын қабылдап, серпінді жобаларды жүзеге асыруда.
Сол бойынша балаларды балабақшамен қамту, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу, педагог мамандар тапшылығын жою мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынуда. Тек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында 88 мың орындық 24 мектеп салу жоспарланған. Балабақшалар санын көбейту үшін қала әкімдігі 185 нысанға арналған жер учаскесін белгілеген. Бұл бағытта қабылданған шара-лардың нәтижесінде мектеп және балабақша тапшылығы мәселесі оң шешімін таппақ.
Жылдан-жылға жайнап келе жатқан бас қалада білім алып жатқан барлық бала бақытты!
Ернұр ДӘУЕНОВ, Оқу-ағарту министрлігінің Білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы:
— Биыл тамызда Астана қаласындағы Оқу-ағарту министрлігінде еңбек еткеніме 3 жыл толмақ. Жалпы, білім беру саласында 10 жылдам астам уақыт жүрсем де, министрлік мен үшін жаңа әрі қайталанбас тәжірибе алаңына айналды. Осылайша, бас қаламен бірге өсіп-өніп, дамудамыз.
Отандық білімге жауапты осынау уәкілетті органның шешімдер қабылдау, оның аймақтарда сапалы орындалуын қадағалауда жауапкершілігі зор. Себебі, аймақтар арасындағы алшақтық пен ерекшелік жұмысты күрделендіре түседі. Соның ішінде Павлодар облысының білім беру саласының дамуына сырт көзбен қарап, көптеген ойлар да келеді. Бастысы, өңірлермен жұмыс істеу коммуникациялық шеберлікті шыңдайды.
Министрліктің қызметкерлеріне әлеуметтік желіде белсенді болу қажет. Сондықтан барлық жаңалықты өзімнің фейсбуктегі парақшамда жариялауға тырысамын және «Saryarqa samaly» газетінің оқырмандарын өзіме достыққа шақырамын.
Н.АҚЫТЕГІ.