ТoU профессоры, доцент Мәдениет Елубай: Талмай еңбектеніп, көп іздену қажет!

Сәу 10, 2025

Облысымызда отандық ғылымның дамуына үлкен үлес қосып жүрген талантты ғалымдар аз емес. Солардың бірі – Торайғыров университетінің профессоры, жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы, химия ғылымдарының кандидаты, доцент Мәдениет Азаматұлы Елубай. Ол жоғары оқу орнында оқытушы болып, жастарға ілім-білім берумен қатар, өңірдегі өндіріс орындарынан шыққан қалдықтарды қайта өңдеу саласында да табысты зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Ғалымның ғылым жолындағы өзге де жетістіктері мен еңбектері жөнінде аз-кем сұхбаттасқан едік.

Мәдениет Азаматұлы, ғылым жолына қалай келдіңіз?

— Мен 2006 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік универси-тетін тәмамдадым. Содан кейін білімімді жетілдірейін деген оймен Алматыдағы Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетіне аспирантураға түсіп, 3 жылдай кандидаттық диссертация жаздым. Сол кезде ғылымға деген қызығушылығым артты. Осы салада әлі ашылмаған жаңалықтар көп екенін түсініп, зерттеу жұмыстарымен айналысуға бел будым. Сөйтіп, ғылыми зерттеу институтына жұмысқа орналастым. Ондағы ғылыми іс-шараларға белсенді қатысып, мол тәжірибе жинадым. Мәселен, өндіріс орындарының сұранысы бойынша көмірден сұйық отын алу ісіне өз үлесімді қостым деп айта аламын. Сөйтіп, Алматыда кандидаттық диссертация қорғап, бірнеше жыл еңбек еткен соң Павлодарға қайта оралдым. Осындағы мұнай-химия зауытында үш жылдай жұмыс істедім. Ал 2016 жылдың қыркүйек айында Торайғыров университетінің химия және химиялық технологиялар кафедрасының меңгерушісі болып қызметке қабылдандым. Содан бастап университеттің оқу үрдісімен қатар, ғылыми жұмыстармен де айналысып, қаржыландырылатын жобаларға жетекшілік етіп жүрген жайым бар. Бұдан бөлек, ғылыми мақалалар жаздым, патент алдым. Бүгінде облыстағы ірі кәсіпорындардың сұранысы бойынша бірлескен жұмыстар жүргізудеміз.

— Естуімізше, елуден астам ғылыми еңбегіңіз, бірқатар жобаларыңыз бар екен. Осы дүниелер қаншалықты кәдеге жарауда?

— Иә, ғылыми мақалалар мен еңбектерім баршылық. Олардың ішінде ағылшын тілінде жарық көрген 1 оқулық, үш тілде шыққан 12 оқу құралы, 5 авторлық куәлік және электронды оқулықтарым бар. Сонымен қатар, 13 мақалам халықаралық дәрежедегі журналдарға жарияланды. ҚР Ғылым және білім министрлігі бекіткен тізім бойынша жазылған 30 шақты ғылыми мақала мен тізімге енбеген журналдарға 80-ге жуық материалым шықты. Қазіргі таңда докто-ранттар мен магистранттармен жұмыс жүргізудеміз.

«Ғылым таппай мақтанба!» — деп Абай атамыз айтқандай, ғылым саласына қолдан келгенше үлес қосудамыз. Мысалы, менің бір ғылыми жұмысым гомогенді катализаторларды қолданып ағынды суды тазартуға арналды. Кезінде оны Алматыдағы жылу-электр станциясына қолданды. Сонымен қатар, ғылыми зерттеу институтында еңбек етіп жүрген кезде көмірден сұйық заттар алу жұмыстарын жүргіздік. Сұйық гомогенді катализдер құрастырып, оны жасап шығардық. Қытайлық өндіріс орындарының сұранысы бойынша да қызмет көрсеттік. Кейін Павлодар мұнай-химия зауытында жұмыс істеп, зерттеулерімізді де осы жақта жүргізуді жалғастырдық. Мен мұнда модернизация үрдісіне қатыстым. Қазіргі таңда ғылыми жобалар бойынша жұмыстар жалғасуда. Өңіріміздегі өндіріс орындарындағы қалдықтарды, соның ішінде мұнай, металлургия шламдарын қайта өңдеу жұмыстары қолға алынуда. Оны керамикалық заттар мен құрылыс жұмыстарына пайдалануға болады.

Жалпы, әр адам ғылым жолына қадам басқан соң көп ізденіп, еңбектенуі тиіс. Сонда ғана жұмысы кәдеге жарайды деп ойлаймын. Әрине, біздің зерттеуіміз мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Болашақта ғылым саласында басқа да тың жаңалықтар ашып, жаңа идеяларды жүзеге асырамыз деген үміттемін.

— Отандық ғылымды қолдауға көңіліңіз тола ма? Неге мән беру керек деп ойлайсыз?

— Соңғы бірнеше жылда Мемлекет басшысы мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ғылым саласын дамытуға бағытталған көп жұмыс атқарылуда. Мысалы, отандық ғылымға бөлінетін қаражат мөлшері жыл сайын артып, осы салада жүрген мамандарды жігерлендіруге бағытталған конкурстар көбеюде. Мұның бәрі ғылымға оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Алайда өндірістік жағынан қолдау сәл төмендеу. Келешекте осы мәселеге мән беріліп, жақсы жағдайлар жасалады деген үміттемін. Өткен жылдың күзінен бастап әр өндіріс саласында министрліктің қолдауымен хакатондар ұйымдастырылуда. Мұндай игі шара осындағы алюминий зауытында да болып өтті. Бұл ретте, өндіріс пен ғылым саласы үндесіп, бірқатар мәселені шешуге жол ашылады деп ойлаймын. Сондықтан кәсіпорын тарапынан да ғалымдарға жағдай жасалып, жемісті жұмыс жасау үшін материалдық база мәселесі оң шешімін табуы тиіс. Сондай-ақ, университет оқытушыларының жалақысын көтеру ісі де назарға алынғаны жөн. Жастарды ғылымға тартып, қызығушылығын арттыруға көңіл бөлінуі керек. Олардың үлкен конференцияларға қатысуына, ғылыми мақалаларын халықаралық журналдарға жариялауына қаржы бөлінуі қажет. Сонда ғана жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады.

— «12 сәуір – Ғылым қызметкерлерінің күніне» орай осы жолда жүрген әріптестеріңізге не айтасыз?

— Ғылым жолы — ауыр жол. Сол үшін осы бағытты таңдағандар қорықпай, ерінбей, талмай еңбектеніп, өте көп ізденуі тиіс. «Еңбек бәрін жеңбек» демекші, маңдай тердің арқасында ғана биік шыңды бағындыруға болады.

Ғылым жолында жүрген барлық әріптесімді алда келе жатқан кәсіби мерекемен құттықтай отырып, ойға алған, қолға алған жоба-жоспарларыңыз сәтті орындалсын деймін. Қазақстандық ғылым қарыштап дами берсін!

— Әңгімеңізге рақмет!

Нұржайна ШОДЫР.