Кез келген ата-ананың негізгі мұраты – дүниеге дені сау ұрпақ әкеліп, оны салиқалы адам етіп тәрбиелеу. Алайда бүгінде елімізде қатарластары секілді ойнамайтын, мінез-құлқы өзгерген, қарым-қатынас орнату қабілеті бұзылған балалардың қатары көбейіп барады. Біздің облысымызда да бұл жағдай мәз емес.
Облыстық психикалық денсаулық сақтау орталығының балалар психиатры Мақпал Тоқаева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында аймақта аутизм диагнозы қойылған балалардың саны өткен жылдан қарағанда 1,3 есе өскенін атап өтті. Мәселен, өткен жылдың бірінші тоқсанында бұл диагнозбен 540 бала тіркелсе, биыл олардың саны 707-ге жеткен.
— 2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күні. Бұл күн 2007 жылдың желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының қабылдауымен белгіленген. Мақсаты – ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға көмек көрсету және өмір сүру деңгейін көтеру қажеттігін атап өту. Аталмыш күн аясында ата-аналар тарапынан аутизмді диагностикалау бойынша кеңес сұрайтындардың көбейгенін байқадық. Бүгінде ата-аналардың бұл диагноз туралы хабардарлығы артып келеді. Бұл жақсы. Өйткені аутизм неғұрлым ерте анықталса, баланың қоғамға араласу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Аутизм туралы ақпаратты арттыру мақсатында сәуір бойы Павлодар облыстық денсаулық орталығында «Ашық есік күндері» өтеді, — деді М.Тоқаева.
Балалар психиатрының сөзінше, бүгінде шамамен 100 баланың біреуінде АСБ (аутизм спектрі бұзылған) белгілері бар. Егерде балада АСБ-ның алғашқы белгілері анықталса, «Google»-дағы «M-Chat» онлайн тестін өтуге болады. Ондағы нәтиже бойынша 2,5 жасқа дейінгі баланың аутизм қаупі анықталады. Ал соңғы диагнозды балалар психиатры қояды.
— Аутизмнің анықталуының нақты себептері анық емес. Ғалымдар туу жарақаттарының, инфекциялардың, миының жарақаттануының және вакцина енгізудің аурудың дамуына ықтимал әсерін болжайды. Кейбір ғалымдар аутизмді балалық шизофренияға жатқызады. Мидың туа біткен дисфункциясы туралы да ұсыныс бар.
Диагноз қою үшін өмірдің алғашқы 3 жылында даму ауытқуларын атап өту керек. Бірақ синдромның өзі балалық және жасөспірімдік кезеңнің барлық тобында диагноз қойылуы мүмкін. Балалық шақтағы аутизм психикалық дамудың кез келген деңгейінде болуы мүмкін, бірақ жағдайлардың төрттен үшінде айқын ақыл-ой кемістігі байқалады, — дейді ол.
Айта кетейік, аутизмге күдікті жас пациенттер учаскелік емхананың педиатр дәрігерінің жолдамасымен Усолка, 42-үй мекенжайындағы облыстық психикалық денсаулық сақтау орталығында сағат 9.00-ден 16.30-ға дейін, 104-інші және 105-інші кабинеттеріне келіп, балалар психиатрларының қабылдауына кіре алады.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттер газет мұрағатынан алынды.