Әлемді дүр сілкіндірген 1941-1945 жылдардағы соғыс сол кездегі кеңес елінің бірлігі мен достығының арқасында жеңіспен аяқталды. Жеңіс сағатын жақындата түсуге майдан шебінде талай боздақтар мерт болып, талай ерлер еліне жеңіспен оралды.
Ел басына түскен ауыртпашы-лықтың барлық жүгі тылда қалған еңкейген қарттар мен буыны қатпаған жастарға және арысын майданға аттандырып, жас ғұмырларын өксікпен өткізген әйел аналарға түскені белгілі. Таңның атысы мен кештің батысына дейін отбасыларын ойламай, соғыс зұлматының хабарын сарғаюмен күткен тыл еңбеккерлерін ешкім ұмытпақ емес. Осындай ауыртпалықты көтерген біздің Баянауыл өңіріндегі колхозшылар Жеңіс күнін жақындатуға еселі үлес қосты.
Өңірдегі 25 колхоздың ішінде Теңдік колхозының басшысы Сарбасов Қалышбектің басқаруымен ең алдыңғы қатардағы колхоздың бірі болды. 1943 жылы егіннің өсімі біршама жоғары болды. Егін ору науқанында 8 звено жұмыс жасады. Звенода екеуіне ат жегіліп, қалғанына өгіз, тайынша, сиыр жегіп еңбек етті. Колхозда сиыр фермасы, қой фермасы жұмыс істеп, колхоздың өнім қоры арта түсті. Бұл шыққан өнімнің есебінен Қызыл армияға жылқы, тамақ, жылы киім, т.б. жөнелтіп отырды.
Көктемгі егіс аяқталып, маусым айында шөп шабу науқанына әзірлік шағында колхозға Баянауыл ауданының бірінші хатшысы Арын Алыбаев, аудандық ауыл шаруашылығының басшысы Ыбырай Молшин екеуі трашпенке арбаға пар ат жегіп, Теңдік колхозына келді. Колхозшылар жиналысын ашып, колхоздың соғыс жылдары ішіндегі көрсеткішін ерекше атап өтті. Өз еңбегінің жемісін естіген колхозшылардың сол сәтте қуаныштарында шек болмады. Колхозшылар даурығы басылған соң Арын Алыбаев колхозшыларға ерекше ризашылықпен қарап тұрып, сіздерді тағы да бір қуантқалы келдік деп сөз бастады.
— Құрметті Теңдік ауылының колхозшылары! Сіздердің ауданы-мыздың 25 колхозы ішіндегі алдыңғы қатарда болуларыңызбен құттықтаймын. Сіздер Қызыл армияға Мәншүк Мәметова танк колоннасының құрылуына орай колхоз басшысы Қалышбек Сарбасовтың басшылығымен ақшалай көмек бергендеріңіз үшін СССР Мемлекеттік қорғаныс комитетінің Қызыл туы мен ақшалай сыйлығын колхоз басшысы Қалышбекке тапсыруға рұқсат етіңіздер деді. Қызыл ту мен ақшалай 20 000 рубль сыйлық табыс етілді. Осы кезде көздеріне еріксіз жас алған колхоз еңбеккерлерінің қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес еді. Тіпті «шіркін-ай, Сталин де бізді біледі екен ғой, кәне көрейікші» деп Қызыл туды ұстап, қуаныштан көздеріне жас алғандары көпке дейін ел арасында айтылып жүріп еді.
Сол күні колхоз бие сойып, той жасады. Күрес ұйымдастырылып, өз еңбектерінің жемісін көрген колхозшылар соғыстың табын ұмытқандай бой жазып, ертеңінде жұмысқа қызу кірісіп кетті. 1943 жылғы бұл қуаныштың жалғасы 1953 жылы Теңдік аудан бойынша 25 колхоз ішінде миллионер колхоз атанған кезде тағы бір табысты қуаныш жалғасын тауып еді. 1943 жылы майдан шебіне жіберілген қаражатқа үлес қосқандар қатарында Сарбасова Сәукен, Мұрсалова Дәмеш, Закирова Мәлике, Шегетаева Напиха сынды ел аналары бар еді.
Адамзат баласының аузында «бұлт астынан күн шығады» деген қағидат бар емес пе?! Осындай жарқыраған сүйінші хабар арада ғасырға жуық уақыт өткенде қасиетті Баянауыл өңіріне келіп жетті. Ол 1943 жылы 13 февраль күні КСРО кезіндегі орталық комитеттен шыққан орталық «Правда» газетінің басылымы еді.
1941-1944 жылы Баянауыл ауданының партия комитетінің хатшысы Бердіғұловтың И.В.Сталинге жазған хаты сақтаулы. Бұл хатта «Павлодар облысы, Баянауыл ауданының колхозшылары атынан танк колоннасының құрылуына мемлекеттік банкке ақшалай 1 215 000 рубль жіберілді. Бұған үшінші бесжылдықтың жеңімпаздары: Молша Шағалин, Теңдік колхозынан Қалышбек Сарбасов, Молотов колхозынан Бердібеков, Бірінші майдан Бектеміров, Жаңа ұйымнан Баженеев, Октябрьден Байдильдиндердің ұйымдастыруымен 25 колхоз ішінде 100-ге жуық колхозшылар өз үлестерін қосып, әл-ауқаттары келгенше 2000-5000 аралығында ұлес қосуда. Жинақ әлі де жүргізілуде» деген хат еді.
Бұған жауап ретінде И.В.Сталин «Павлодар облысы, Баянауыл ауданы І.Бердіғұлов жолдасқа» деп жеделхат жіберген.
Онда: «Баянауыл ауданының колхозшыларына Мәншүк Мәметова атындағы танк колоннасының құрылуына 1 215 000 рубль жіберілген қаражаты үшін менің өз атымнан және Қызыл армияның атынан алғысымды білдіремін» — деп жазылған.
Орталық комитеттен шыққан бұл газеттің Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында аталар салған игілікті жолдың ұрпақтар қолына түсуі Баян өлкесінің жұрты үшін сүйінші хабар емей немене? Ешкім де ешқашан да ұмытылмайды дегендей барлық ел-жұртымыздың мақтанышы.
Сол бір құралған танкінің өзі болмаса да жоғары жақпен байланысып, бір танкіні Баянауыл өлкесіндегі жер жаннаты Торайғар мекеніне орналастырса деген пікіріміз бар. Бұл ел Көктаудың етегіне келетін туристер мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келетін демалушылардың отаны болғандықтан тағзымы мен берер тағылымы көп болар еді.
Келер ұрпақтарға берілетін тәрбиемен қатар аталар еңбегіне деген құрмет қандай игілікті шараға өзінің қосар үлесі бар екенін сезінуге жол ашар еді. Қазіргі кезде осындай бастама ұрпақтар арасында қозғалыс туғызып жатыр. Аталардың ұрпақтары танкіні әкеп қойса, Баянауылдың тасына аталар есімін жазып, тарихта мәңгілік қалдыру жұмысын қолға алу үстінде.
Бұл игілікті істі барлық азаматтар қолдайды деп есептейміз. Бұл шараға аудандық, облыстық басқару органдары да қол ұшын беріп қолдау көрсетсе деген ниеттеміз. Жеңістің 80 жылдығында Баянның кешегі өткен аталар еңбегі мен маңдай терлері елінің атын шығарған дана ойлары зұлмат заманда ұйымдастырған бірліктер мен қажырлы еңбектері келер ұрпаққа: — «Біз қиын заманда мойымай еңбек еттік, ел үшін, халқымыз үшін тер төгіп, бірлік пен ынтымақтастықты көрсетіп бейбіт күнге жеттік. Келер ұрпақ, сендер үшін күресе білдік, сендер жеткен бейбіт күннің керегесін көтердік, еліміздің көк аспанында тек бейбіт күннің шуағы шалқысын!» деп айшықтап тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.
Нескен Мәлікова, Қазақ КСР-не еңбегі сіңген ұстаз, «Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы.