Құбыр жөндеуді құрмет көреді

Сәу 17, 2025

Күнделікті күйбең тіршілікте ел экономикасының күретамыры саналатын мұнай-газ саласының тыныс-тіршілігіне мән бере бермейміз. Аталмыш саладағы отандық мұнай тасымалының да өзіндік қыр-сыры жетерлік. Үздіксіз мұнай тасымалын қадағалап, күн-түн демей тынбай еңбек етіп жүрген мамандар бар. Солардың бірі – желілік құбыршылар.

Самат Нығметов те — көзге көрін-бейтін, бірақ қоғамға маңызы зор мамандық иесі. Ол «ҚазТрансОйл» АҚ-на қарасты Павлодар мұнай құбыры басқармасының желілік құбыршысы қызметін сегіз жылдан бері атқаруда. Ақтөбе облысы, Жарқамыс ауылының тумасы 23 жыл бұрын Павлодар өңіріне көшіп келгеніне еш өкінбейді. Қызметтегі өз орнын тауып, жұмысшы мамандықтар арасында өткізілетін сайыстарда бақ сынаудан жалыққан емес.

– Күнделікті жұмыс күнің жоспарлаудан басталады. Сегіз жылда талай өзгерісті бастан кешірдік. Соңғы үш-төрт жылда жұмысшы мамандықтар арасында өтетін «Үздік маман» байқауына белсене қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүрмін. Сайысқа тыңғылықты дайындалып, күнделікті атқаратын іс-қимылдарымды жылдам әрі тиянақты орындап шығуға тырысамын, – дейді білікті маман.

Желілік құбыршы магистральдік мұнай құбырын жөндейді. Құбырларды кесу, тесу, жалғап қосу секілді техникалық қызметтерді атқарады. Олар ауа райының кез келген жағдайында және жылдың барлық мезгілінде сақадай сай болуы шарт.

– Мамандығымыз зор жауапкершілікті қажет ететіні рас. Неге десеңіз, күннің ыстық-суығына қарамай, кез келген уақытта құбыр бойындағы белгілі бір учаскеге баруға тура келеді. Жұмыс барысында түрлі ауыртпашылық болғанымен, бар күш-жігерімді салатын ісім өзіме ұнайды, – дейді ол.

Павлодар өңіріне алғаш келген жылдары теміржол саласында еңбек етіп, кейін мұнайшы мамандығын таңдаған құбыршы жыл сайын біліктілігін арттырумен қатар өндірістің қоғамдық өміріне араласып, алдыңғы қатарлы маман атануды көздейді.

– Үздіксіз қызмет ететін өндірісте үнемі даму жолдарын қарастырған жөн деп ойлаймын. Бала кезімнен асық ату ойынына қызығушылық танытып, күні бүгінге дейін қолым тисе сайыстардан қалмауға тырысамын. Сондай-ақ, компания қызметкерлері арасындағы спартакиадаларға қатысып, бағымды сынаймын, – дейді жан-жақты маман.

Мұнай тасымалданатын құбыр-лардың үздіксіз, сенімді жұмысын қамтамасыз етуге зор үлесін қосатын желілік құбыршылар — ерік-жігердің иесі. Құбыр кез келген жерде сыр беруі мүмкін. Сол себепті мамандар оның техникалық жағдайын бақылап, жөндеу жұмыстарын дер кезінде жүргізуі керек.

Айта кетерлігі, «ҚазТрансОйл» АҚ-ында жүйелі түрде мұнай құбырларын техникалық тұрғыдан сенімділігін сақтау, арттыру мақсатында толық тексеру шаралары жүргізіліп тұрады. Сонымен қатар, өндіріс қызметкерлері магистральдік мұнай құбырларын тиімді басқару үшін оның техникалық жай-күйіне мониторинг жасалатынын айтады. Одан бөлек, заман ағымына сай жаңа технологиялар енгізіліп, мамандар әлемдік озық тәжірибелерді ұтымды қолдануда. Өз ісіне адал, еңбекқор құбыршы Самат Нығметов те компанияның ұсынып отырған әлеуметтік жағдайына көңілі толады.

– Сегіз жыл бұрын өндіріске енді қадам басқан сәтте қазынасы мол аға буыннан үйреніп, бүгінде техникалық қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстанып, жұмысымды тиянақты орындаймын. Бастысы қауіпсіздік ережелерін сақтап, күнделікті атқаратын ісіңе байыппен қараған дұрыс. Бүгінде жастар арасында желілік құбыршы мамандығының  маңыздылығын насихаттаған абзал, – дейді «Үздік маман» байқауының жүлдегері.

Бүгінде көпбалалы отбасының тұңғыш ұлы да жоғары оқу орнын тәмамдап, мұнай саласына қадам басады. Әке жолын жалғамақ жас түлек кәсіби шеберлігін арттырып, ел болашағының дамуына айтарлықтай үлес қосады деген сенім зор.

Салтанат ҒАББАС.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.