Қырықбай Мазанұлы Алдабергенов — қазақ журналистикасының кәсіби және ғылыми қалыптасу жолына ықпал еткен ғалым-зерттеуші. Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеудегі ғалымның еңбектері Қазақ Ұлттық университетінде басталып, Павлодар өңірінде үлкен екпін алды. Осы уақыт аралығында ол өзінің туған жерінде бірнеше буын тарихшы, журналистерді даярлады. Бүгінгі күні оның мыңдаған шәкірті әртүрлі деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етуде.

Тарихты тасқа басқан

Қырықбай Мазанұлы — тарихшы, журналист, ғалым, әдебиетші ретінде бірнеше саланың басын біріктірген «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат. Журналистика дегеніміздің өзі де бірнеше саланы жетік білуден тұратынын анғарсақ, ғалым зерттеулерінде қазақ тарихы, журналистика тарихы, шежіре және әдеби шығармалар сабақтасып жатады. Жаңа технологиялар мен ақпараттық кеңістік қаншалықты кеңейгенімен оның тарихи зерттеулерінде ұлттық таным мен түсінік өз орнында сақталып қалды. Бұл тұста ғалым еңбектері тарих, шежіре, әдебиетті біріктіретін симбиоз ретінде танымал. Қырықбай Мазанұлының ғылыми-педагогикалық еңбегіндегі басты сипат – өңіріміздің журналистерін оқытуы. Ол С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде журналист мамандарын даярлауда көп еңбек сіңірді. Университет қабырғасында журналистика кафедрасын құрып, кафедраның қалыптасуы мен орнығуына, маман дайындау ісіне үлкен үлес қосты.
Ғалым еңбектері жайында С.Сүтжанов: «Зерделі ғалымның еңбектері тарихи дәлдік пен нақтылыққа негізделеді. Ғалым қазақ тарихын, әдебиеті мен мәдениетіне қатысты ойларды баспасөз материалдарымен дәлелдейді», — деп журналистік қырының ғылым еңбектерде өз ізі мен әдіс-тәсілдерін қалыптастырғанын айтады.
Сондай-ақ, зерттеуші, ғалымның шәкірті Гүлмира Әшірбекова «Ғұмыр қысқа, жол ұзақ» деп аталатын естелігінде ғалымның ұстаздық еңбегін еске алады. Терең де мол дерек пен мағлұматқа, талдау мен сан түрлі материалдарға бай дәрістерін еске алып, шәкірттеріне деген адал көңілін ашады. Ғалым өз шәкірттерін ізденіс жолына түсуге ықпал етіп, ол ізденістің тек еңбекпен, терең ынтамен ғана орындалатындығын айтады. Ол Қазақ ұлттық университетінде ұстаздық еткен жылдары өз шәкірттеріне еңбек етуді, ғылым жолы үшін мол ізденістің қажеттілігін, ал журналист үшін ізденіс пен шындық, нақтылық пен дәлдік керек екендігін үйреткен. Бұл тұста ғалымның нақтылық пен дәлдікті ғылыми деректер мен мәліметтерден, баспасөз материалдары мен ғылыми еңбектерден алу керектігін айтып, ақыл-кеңесін беріп, тәжірибелерінің шыңдалуына ықпал еткенін жазады.


Тарих ғылымдарының кандидаты, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ғалымы З.Айткенов пен ғалым Б.Абдрахманов Қырықбай Мазанұлының 300-ден астам ғылыми еңбек, монография авторы екенін айтады. Ал Торайғыров университетінің профессоры, ақын, жазушы С.Елікбаев Қырықбай Мазанұлының ғылыми ортадағы үлкен ісі шәкірт тәрбиелеу деп біледі. Өз шәкірттерінің білім мен ғылымға дұрыс ден қоюына жол сілтеген ғалымның тікелей жетекшілік етуімен 10-нан астам ғылым кандидаты қазақ тарихы мен журналистика тарихына қатысты іргелі зерттеулер жасады. С.Елікбаев Қ.Алдабергеновтің Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия ғалымдарымен бірлесе жұмыс істеген еңбектері де қазақ тарихындағы кең мағыналы зерттеулерге жол ашқанының кепілі деп бағалайды.

Өмірінің өзі — өнеге

Қырықбай Мазанұлы — Павлодар өңірінің тумасы. Ғалым 1952 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданы Жосалы ауылында дүниеге келген. Анасынан ерте айырылған алғыр бала әкесінің тәрбиесімен өсіп-өнді. Әкесінің қасында жүріп, құйма құлақ жас өрен ауыл ақсақалдарының, баталы, аузы дуалы қариялардың ескі әңгімелерін, аңыздар мен дастандарын, шежірелі мол тарихтың сырлы саздарын естіп, санасына құйып өсті.
Мектеп кезінен үздік оқып, әдебиет пен ғылымға құмартып өскен Қырықбай Мазанұлы ынталы істерінің нәтижесінде 7-сыныпта Кеңес өкіметі кезіндегі балалар үшін ең жоғары марапат – «Артек» пионер лагеріне жолдама алады. Осылай өзінің білім мен ғылымға құлшынысын ерте танытқан Қырықбай Мазанұлы мектеп бітірген соң отбасы жағдайына байланысты ауылда қалып, аудандық баспасөз қызметінде жұмыс істейді. Әр түрлі қоғамдық, ауылшаруашылық жұмыстарына араласады. Алғашқы еңбек жолын Баянауылдағы «Жеңіс» газетінде, ауылшаруашылық бөлімінде бастайды. Ал 1983 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін оқып, тәмамдайды. Қырықбай Мазанұлы өзінің дипломдық жұмысында «1818–1884 жылдардағы «Отечественные записки» газетіндегі қазақ халқы мен тұрмысы, шаруашылығы мен мәдениеті туралы» жазбаларды зерттейді.
Содан 1983–1987 жылдары «Қазақстан» телерадиокомпаниясының редакторы болып қызмет істейді. Осы аралықта теле-
видениедегі журналистік ерекше-ліктердің қыр-сырына қанығады. Радиожурналистиканың ерекше-ліктерін тек теория жүзінде біліп қоймай, тәжірибе негізінде шыңдалып, телевидение ұста-ханасынан өтеді. «Қазақстан» телерадиосында «Қазақстан ғылымы», «Көкжиек» хабарларын шығарады. Ғалымның әр ғылыми еңбекті саралап талдап, оның маңызы мен қоғамдық мәнін анықтауға деген ұмтылысы кейінгі зерттеулерінде анық аңғарылады.
1987 жылы Қазақ ұлттық университетіне, өзі оқыған журналистика мамандығына оқытушы болып жұмысқа қабылданады. Университет ұжымы өз шәкірттері ішінен терең білімді серік етіп, ғылыммен айналысқан жас ұстаздан болашақ ғалымды көреді. Ол Қазақ Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі М.Асылбековтің жетекшілігімен 1992 жылы «Отечественные записки» және Ресейдің отарлау саясаты» деген тақырыпта Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Ғылыми кеңесінде зерттеу жұмысын қорғап шығады. Ғалым орыс жазушылары И.Некрасов, И.Тургенев өз шығармаларын ұсынып тұрған «Отечественные записки» журналындағы отарлау саясатына қатысты тұстарды талдайды. Бұл басылым 1818 жылдан 1884 жылға дейін шығып тұрған. Сондықтан да, бұл журналда қазақ даласын отарлауға қатысты көптеген қайшылықты ойлар жарияланғаны анық. Осы зерттеудің негізінде ол 1997 жылы Қазақ журналистикасының тарихынан кандидаттық диссертация қорғайды.

Ғалымның хаты өлмейді…

Ғалымның зерттеулерінде тек қазақ тарихы мен журналистика тарихы емес, сондай-ақ, әлем баспасөзінің тарихы да бар. Мәселен, 1998 жылы С.Қозыбаев, А.Рамазановалармен бірге «Әлем баспасөзі тарихынан» еңбегін жазды. Бұл еңбек әлемдік журналистиканы зерттеудегі басты оқулықтардың бірі ретінде әлі де құнды. Бұл кітап 2000 данамен жарық көрген. Ал 2000 жылы академик М.Асылбековтің ғылыми жетекшілігімен «Ресейді Қазақстандағы отарлау саясатының бағыттары мен нәтижелері мерзімді басылымдар материалдары бойынша» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады.
Сөйтіп, 2002–2004 жылдары С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті тарих, археология және этнология
кафедрасының меңгерушісі, 2004–2006 жылдары Павлодар мемлекеттік педагогика инсти-тутының ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, 2006–2016 жылдары С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті журналистика кафедрасының меңгерушісі болды.
Ғалым өзінің ғылыми даңғыл жолын журналистика тарихын зерттеуден бастағаны белгілі. Ол Кеңес өкіметі кезінде аттарын атауға тыйым салынған қазақ баспасөзіндегі ірі басылымдарды зерттеуге ден қояды. Халықтың санасын оятқан «Айқап» журналы туралы, «Серке» газетінің басылымдарын жинақтап, олардың қазақ руханияты мен журналистика тарихындағы алар орнын айшықтап берді. Осының нәтижесінде кейін «Қазақ журналистикасының тарихы» атты зерттеу еңбектерінен жинақталған оқулық жарық көрді.
Қырықбай Мазанұлының зерттеулеріндегі басты бағыт — тарихи дәлдік пен нақтылық. Ғалым тарихи деректердің нақтылығына мән береді. Ғалымның зерттеу тақырыптары ел өткеніндегі күрделі де қиындығы мен тауқыметі мол жылдарды зерттеуден тұрады. Сонымен бірге, Қ.Алдабергенов – әдебиетті терең білетін ғалым. Әдеби шығармаларды оқып, талдап қана қоймай, өзі де өлең жазатын. Ақынның ішкі сезімдері мен көңіл иірімдері өзгеге ұқсамай, өз стилімен, көркем бояуларымен өрілетін.
Оның «Баласымын халқымның артқан сенім» деп аталатын жыр жинағы 2005 жылы жарыққа шықты. Көңіл күйі болып төгіліп түскен махаббат, адалдық, мейірім мен табиғат жайындағы жырлары мен адам және қоғам туралы терең толғамға толы лирикасы Қырықбай Мазанұлының азаматтық келбетін де танытады.
Қорыта келгенде, Қырықбай Алдабергенов – қазақ журналистикасын зерттеуші, тарих пен қазақ баспасөзін сабақтастыра зерделеуші, Павлодарда кейінгі 20 жылдың көлемінде қазақ журналистикасының кәсіби және ғылыми қалыптасу жолына ықпал еткен тұлға.

Түйін:

Ғалымның қазақ тарихына және баспасөз тарихына қатысты еңбектерінің арасында үнемі үндестік сақталып отырады. Қырықбай Мазанұлы кез келген басылымды, журналистік үрдістің дамуы мен қозғалысын зерттеуде оны тұтас қоғамдық өзгерістермен, тарихи жағдайлармен бірге ұштастыра білді. Бұл қазақ баспасөзінің — қоғам айнасы екенін дәлелдеумен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарихи жағдайларды барынша нақты және дәл бағалауға мүмкіндік берді.

Гүлраушан БОЛАТ.
Торайғыров университетінің студенті.