Қазіргі уақытта ала кетпенін асынып, қара жерден несібесін жинағандар егістік алқабын егінге дайындау үстінде. Себебі, шаруа адамы «көктемнің әр күні — жылға азық» екенін жақсы біледі. Ағымдағы жылы аудан бойынша көктемгі егін егу жұмыстарына дайындық барысы қалай? Егін егу науқаны қашан басталмақ?
Биыл аудан бойынша егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі артып отыр. Атап айтсақ, егіс алқаптарының құрылымына сәйкес, 2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының болжамды егіс алқабы 118 260 гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді дақылдар — 34752,17 гектар, майлы дақылдар — 31 777,18 гектар, астық дақылдары — 43364,37 гектар, картоп — 5 306,28 гаектар және көкөністер — 3 060 гектар.
Павлодар ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әсемгүл Бектұрованың мәліметінше, аудан көлеміндегі шаруашылықтар ерте көктемнен дала жұмыстарына дайындықты бастаса, аталмыш салаға жауапты мамандар шаруаларды қолдау шараларын жүзеге асыруда. Айтуынша, мемлекеттік тетіктерді тиімді пайдаланып, диқандарға, шаруаларға тиісті қолдау көрсету, ауыл шаруашылығы бойынша бекітілген индикаторларды орындау маңызды. Қазіргі уақытта өңірдің шаруа қожалықтарынан арзандатылған дизель отынына өтінімдер қабылдануда.
— Көктемгі егістің жалпы ауданы 87 189,63 гектар алқапты құрайды. Оның ішінде суармалы жерлердегі жалпы егіс алқабы 15 936 гектарды құрайды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 15 300 гектар шамасында еді. Яғни, суармалы алқаптардың ауданы 4,48 пайыз ұлғайғаны байқалады. Ауыл шаруашылығы техникасына келетін болсақ, 2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарында тіркеме және аспалы құралдары бар барлық модификациядағы мыңнан астам трактор, 230 соқа, 172 қопсытқыш, 482 тырма, 301 сепкіш және 14 егіс кешені жұмылдырылады. Қазіргі уақытта көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жүргізілуде, — деді ол.
Сонымен қатар, бөлім басшысы көктемгі егіс жұмыстары мен вегетациялық кезеңде ауа райы маңызды рөл атқаратынын айтып, «Павлодар ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» топырақтың негізгі топтарының түріне қарай облыс аудандары бөлінісінде 2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын егудің оңтайлы мерзімдерін әзірлегенін мәлім етті. Айтуынша, кестеге сәйкес, майлы және дәнді дақылдарды егудің оңтайлы мерзімі 5 мамырдан 3 маусымға дейінгі аралықты алып жатыр. Оның ішінде күнбағыс 5 мамырдан 20 мамырға дейін, рапс, зығыр – 10-20 мамыр, картоп отырғызу — 3-17 мамыр аралығы және көкөністер егу мерзімі — 25 сәуірден 15 мамырға дейін жалғасқаны абзал. Ал дәнді дақылдарды жаппай егу науқаны ағымдағы жылдың мамыр айының екінші онкүндігінде, нақтылап айтсақ, 15-інші мамыр мен 3-інші маусым аралығында басталады.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ,
Павлодар ауданы.