ҰБТ: түлектер нені білуі қажет?

Сәу 17, 2025

Қазіргі таңда қазақстандық түлектер үшін негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) өтініш қабылдау науқаны қызу жүріп жатыр. Бұл шара сәуір айының 25-і күні аяқталады деп жоспарлануда. Яғни, талапкерлер осы уақытқа дейін тіркеліп үлгеруі тиіс. Олар бұдан басқа тағы нені білгені жөн?

Тест қашан басталады?

Осы оқу жылы ҰБТ-ға ел бойынша 185 мыңға жуық түлек қатысады деп болжануда. Олардың қатарында 5 мыңнан астам павлодарлық талапкер бар.

Мамандардың айтуынша, тест тапсыруға тіркелу үшін Ұлттық тестілеу орталығының сайты немесе UTO.kz қосымшасы арқылы өтініш беру керек. Сондай-ақ, талапкерлер тестілеу өтетін күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды.

Қуантарлығы, биыл да түлектер екі рет тест тапсырып, ең жоғары ұпай жинаған нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. Бұл ретте, олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді.

Тестілеу сынағы 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады деп күтілуде.

Дайындық қалай?

Тестілеу орталығының хабарлауынша, талапкерлердің негізгі ҰБТ-ға дайындығын жақсарту мақсатында әр пәнге арналып жеке тақырыптық талдау жасалуда. Яғни, әр тестілеу шарасынан кейін (қаңтар, наурыз) түлектерге жеке тақырыптық талдау бойынша білімдерін арттыру мүмкіндігі ұсынылған. Бұдан бөлек, онлайн байқау сынақтары іске қосылған. Оқу жылының басында тестілеу орталығы арнайы тапсырмалар құрастырылған оқулықтар тізімі мен тест жоспарын да жариялаған болатын. Сол бойынша «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы» пәндерінен 100 тарихи дата тізімі, «Информатика» пәнінен терминдер тізімі, «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланғанын айта кеткен жөн.

Жалпы, түлектердің алдағы сынақты сәтті тапсыруы үшін тестілеу орталығы тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде, дейді мамандар.

Тапсырма саны қанша?

Ұлттық тестілеу орталығының ақпараты бойынша биыл да ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады. Яғни, үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша алынады. Тапсырмалар саны – 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» — 20, «Оқу сауаттылығынан» — 10, «Математикалық сауаттылықтан» — 10 және екі бейіндік пән бойынша әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. Тестілеудегі ең жоғары балл саны – 140. Сонымен қатар, білім сынағын тапсыруға 4 сағат (240 минут) уақыт беріледі. Ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыт ұсынылатын болады.

Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында ҰБТ-ға қатысушының әрқайсысына жеке жасалған тест нұсқасы беріледі. Емтихан кезінде калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Талапкерлерге ыңғайлы болу үшін аталған кестелердің қағаз нұсқалары да ұсынылады.

Ескере кететін жайт, тест тапсырушының өз нәтижесіне қатысты қандайда бір күдігі болса, 30 минуттың ішінде апелляцияға жүгіне алады. Мұндай жағдайда тест қорытындысы туралы сертификат апелляция аяқталғаннан кейін ғана талапкердің жеке кабинетіне жіберіледі.

Шекті бал өзгерді ме?

Бірден айта кетерлігі, осы жылы да шекті балл өзгеріссіз қалды. Яғни, «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» бағыттарына оқуға түсу үшін кемінде 75 балл жинау қажет. Ал «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» үшін тестілеуден 70-тен жоғары ұпай алу керек. Сондай-ақ, ұлттық жоғары оқу орындарында оқығысы келетін түлектер кем дегенде 65 балл, қатардағы басқа университеттер мен институттарға түсу үшін 50-ден жоғары балл алу міндетті. Тестілеу нәтижесі аталған талапқа сай келмейтін талапкерлердің жоғары оқу орындарында тегін білім алуына жол берілмейді, дейді орталық мамандары.

Тәртіпсіздікке жол жоқ!

Тестілеу барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және түрлі құқық бұзушылықтың алдын алу үшін сынақ тапсыратын мекеменің кіре берісінде талапкерлерде тыйым салынған заттардың бар-жоғы жіті тексеріледі. Атап айтқанда, телефон, шпаргалка, кітап, басқа да тестілеуге алып кіруге рұқсат берілмейтін дүниелерді анықтау үшін қол және рамалық металл іздегіштер қолданылады.

— Тестілеу аудиторияларында рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде мобильді және радио-электронды байланыс сигналдарын басатын құрылғылар пайдаланылады, сондай-ақ бейнебақылау жүргізіледі, — делінген тестілеу орталығы ұсынған ақпаратта.

Айта кетерлігі, ҰБТ аяқталған сәттен бастап ағымдағы жылдың 31 қазанына дейін тестілеу өткен аудиториялардағы барлық бейнежазбаға талдау жүргізіледі. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталса, талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Таңдау қандай?

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметі бойынша, жылдан-жылға ҰБТ-ны мемлекеттік тілде тапсыратын талапкерлер саны артуда. Мәселен, биыл наурыз айында 159 мыңнан астам мектеп бітіруші тест тапсырып, оның ішінде 76,2 пайызы — қазақ тілін, 23,7 пайызы — орыс тілін және 124 оқушы ағылшын тілін таңдаған. Сондай-ақ, тестке қатысушылардың басым бөлігі, яғни 17,3 пайызы «Биология-Химия» комбинацияларын таңдаған. Ал талапкерлердің 17,1 пайызы «Математика-Физика» пәндерін, 10,5 пайызы «Математика-Информатика» комбинациясын таңдап алған. Алдағы негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде де түлектер жоғарыда аталған үш комбинацияны көбірек таңдайды деген болжам бар, дейді министрлік өкілдері.

Нұржайна ШОДЫР.