Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылық музей-үйінде бір ғасырға жуық тарихы бар бүктемелі домбыра сақтаулы тұр. Оюмен көркемделген ұлттық аспап — суырыпсалма ақын, әнші, сазгер Құдайберген Әлсейітовтің домбырасы. Бұл — музейдегі ақыннан қалған жалғыз мұра.
Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылық музейінің басшысы Ерлан Рахимовтің сөзінше, домбыраны музейге 1986 жылы ақынның қызы Дәметкен Әлсейітова тапсырған. Кейін шебер Нұрлан Рақышев ұлттық аспаптың бунақтарын тартып, ішегін ауыстырған.
– Бұл домбыраның ғасырға жуық тарихы бар. Тағы бір ерекшелігі – бүктемелі. Бүктеп алып, қоржынға салуға болады әрі атпен жүргенде ыңғайлы. Біздің өңірде мұндай екі домбыра бар. Оның бірі – мәдениет қайраткері, әнші Байғабыл Жылқыбаевтың домбырасы, бірақ оның формасы өзгешелеу. Мұндай аспапты өзге өңірлердегі музейде көрмедім, – дейді ол.
Сол кезде серілік құрып, ел аралап жүрген сазгерлер музыкалық аспапты арнайы тапсырыспен жасатқан. Шанағы, беттақтайы және формасымен ерекшеленген бұл аспап «тұмар домбыра» деп аталады. Бетіндегі оюының атауы – «бітпес ою», яғни өнер шексіз, жалғаса береді, тоқтамайды әрі ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалады деген мағынаны білдіреді. Қапталдарына күміске ұқсас әшекей темірлер салынған.
Айта кетейік, әнші-композитор, ақын Құдайберген Әлсейітов Железин ауданы Қаратерек ауылында дүниеге келген. 11-12 жасынан «Бала ақын» атанған. Омбы, Павлодар, Семей, Ақмола, Көкшетау, Қызылжар өңірлерін аралап, ақын, әнші, сері ретінде танылған. «Құдайбергеннің әні», «Құдайбергеннің желдірмесі», «Баласы Әлсейіттің Кұдайберген» тәрізді термелерімен қатар «Құдайбергеннің Хадиша қызбен айтысы», «Құдайбергеннің термесі», т.б. өлеңдері ел арасында кең тараған.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.
Суретті түсірген – Ольга Бугаева.