Мықты мерген

Сәу 17, 2025

Павлодарлық Мария Курбатова – Жеңіс күнін жақындатқан майдангерлердің бірі. Ол қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова оқыған мектепте әскери дайындықтан өтіп, кейін жаудың талай жауынгерін жер жастандырған.
Жаралаған қандыкөйлек қаруластарын да емдеп, көмек көрсеткен. Бүгінде жасы ғасырдан асқан Мария Курбатованың ерлігі тарих бетінде мәңгі сақталары
сөзсіз.

Мария Курбатова 1923 жылы 29 қазанда Тереңкөл ауданындағы Воронцовка ауылында дүниеге келген.  Кейін ата-анасы Павлодар қаласына қоныс аударады.  Мектепті тәмамдаған Мария Курбатова жергілікті фабрикаға жұмысқа орналасады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ол өзі оқыған мектепте орналасқан эвакуациялық госпитальде жауынгерлерді күтуге көмектеседі. Ардагер сол уақытта қан майданда жараланған сарбаздарды арбамен госпитальге жеткізіп, күтім жасап, жарасын таңып-байлап, қажетті көмекті көрсеткен. Ал 1943 жылы Мария Курбатова өз еркімен  майданға аттанады. Соғысқа қатысуы үшін оны Мәскеудегі мергендер мектебіне оқуға жібереді. Сол уақытты ардагер былай деп еске алады:

— Мен Кеңес Одағының батыры  Әлия  Молдағұлова оқыған мергендік дайындық нұсқаушыларының орталық мектебінде білім алдым. Алдымен мергендерді Вишняки ауылында дайындап, содан кейін мектепті Подольск ауданы Силикатная станция-сына көшірді. Әлия бірінші бөлімде, мен екінші бөлімде оқыдым. Ол өте өжет, үздік мерген болды. Оқытушылар оның қабілетін жиі айтып, бізге үлгі қылатын. Біз де Әлиядай мерген болуға талпындық. Оқудың алғашқы күндерінде мен винтовканы қалай ұстауды білмедім, тіпті қолымда да ұстай алмадым. Содан кейін тек оқ атуды емес, тура нысанаға соғуды, қысқа және алыс қашықтықтарға марш лақтыруды, жылдам жасырынуды үйрендім, — дейді Мария Даниловна.

Мергендер курсын аяқтаған аға сержант Мария Курбатова майданға аттанады. Ол 138-ші Қызыл Ту атқыштар дивизиясы 650-ші Суворов ордені атқыштар полкінің құрамында шайқасқан. Украина, Польша, Чехо-словакияны азат етуге атсалысқан. Майдан даласында мергендігімен көзге түскен Мария Курбатованы жау да жақсы танып, есімін естіген кезде қорқа бастаған. Тіпті, оны қолға түсіріп, көзін жоятын адамға сыйақы тағайындаған.

— Павлодарлық құрбым  Дуся Погребная екеуіміз жаудың талай сарбазына оқ жаудырдық. Үш тәулік қатарынан жауды іздеп, окопта жатқан кездер болды. Чехословакияда  біздің қолбасшы мен жеке құрамға оқ жаудырған неміс мергенін аттым.

Ол штабтан шыққан біздің жауынгерлерді мерт қылып, жаралай берді. Қауіпті мерген болғандықтан Дуся серіктесім екеуімізге оны көздеуге тапсырма берілді. Біз әлгі мергенді көп күн іздедік. Қайда жасырынғанын таба алмадық. Біздің көлік жүріп келе жатқан жолдың жанында орман бар еді. Тура жолдың жиегінде үлкен ағаш өскен екен. Сөйтіп, әлгі мергенді сол жерде отырып, аңдуды ұйғардық. Түнімен көз ілмей, қарауылдадық. Таң ата желдің жоқтығына қарамастан ағаштардың сыбдыры естілді. Сол уақытта неміс мергенінің төмен түсіп келе жатқанын көрдік. Жерге түсе бергенде мен оны атып жібердім. Бұл әрекетіміз үшін Дуся екеуіміз алғашқы марапат – «Ерлігі үшін» медаліне ие болдық. Содан кейін жау мені іздестіріп, басымды алған адамға сыйақы тағайындады. Бірақ біздің жауынгерлер Дуся екеуімізді жан-жақтан қорғай білді, — дейді ардагер.

Мария Курбатова соғыс даласында жаумен арпалысып қана қоймай, жараланған жауынгерлерді өлім аузынан құтқарып қалған.

— Оқ тиіп, жараланған жауын-герлерді арқама асып немесе арқан арқылы майдан ортасынан қауіпсіз жерге тасыған кездерім болды. Мұндай кезде физикалық әрі моральдық тұрғыдан өте ауыр болғаны рас. Жарасы жеңіл болса қанды тоқтатуға үлгересің. Бірақ жараның бәрі әрдайым жеңіл бола бермейді. Талай досым көз алдымда қаза болды. Мұндай сәт жүрекке өте ауыр тиетін.

Майданға мергендер мектебін бітірген 15 қыз аттанғаны есімде. Ал Жеңіс күнін тек  құрбым Дуся екеуіміз ғана қарсы алдық. Соғыс аяқталғаннан кейін де хат жазысып араласып, өткенді еске алып тұрдық. Қазір ол құрбым да бақиға аттанған, — дейді ардагер.

Майдан даласында өжеттігімен көзге түскен Мария Курбатова талай медальді кеудесіне таққан. Ол «Жуков» орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

Соғыс аяқталғанда туған жері Павлодарға оралып, тұрмыс құрды. Жолдасымен бала тәрбиелеп, еңбекке араласты. Әр жылдары сатушы, бухгалтер болып жұмыс істеп, мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берді. Бүгінде ардагер балаларынан немере, шөбере және шөпшек сүйіп отырған жайы
бар.

— Әжеміз 5 немереден 9 шөбере, 6 шөпшек көріп отыр. Бала күнімізден әжеміздің ерлігі мен батырлығын естіп өстік. Оның соғыстағы қырағы әрекетімен мақтанамыз. Әжеміз жасы келсе де барлық шаруаны жауапкершілікпен өзі атқаратын. Тек соңғы жылдары аяғындағы жарасының салдарынан арбаға таңылған кезде қимыл-қозғалысы азая бастады. Сол уақыттан бастап үйдегі тірліктің бәрін бір өзі қалай атқарған деп таңырқадық, — дейді шөбересі  Анжела Сидоренко.

Жасы келген ардагердің үйінен әлі де қонақ арылған емес. Мария Курбатова  жағдайын сұрап келген әр
адамға тек бейбіт өмір тілейді.

— Еліміздің тұрғындарына бейбітшілік тілеймін. Балалар соғыстың не екенін білмей өссе деймін. Ұрпағымыз ашық аспан астында бақытты ғұмыр кешсін. Біз осы күнге жеткізу үшін кеудемізді оққа төседік, — деп тілегін арнады ардагер.

Бүгінде ғасырдан асып, 102  жасқа жетіп отырған Мария Курбатоваға мықты денсаулық, ұрпағының амандығын тілейміз.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.