Терезеден төнген қауіп

Сәу 17, 2025

Күн жылыған уақытта балалардың жарақат алуы немесе оқыстан қайтыс болуына себеп болатын фактор –
терезе. Осыдан тура 4 күн бұрын Павлодар қаласында биылғы алғашқы оқыс жағдай тіркелді. Бесінші қабаттан құлаған 2 жастағы сәбиді періштесі қаққан болуы керек,  облыстық балалар ауруханасында комадан шығып, травматологиялық бөлімшеге ауыстырылды.

Статистика сөйлесін…

Аймағымызда балалардың терезеден құлау фактілері жыл сайын көбеймесе, азайған емес. Облыстық полиция депар-таментінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы 5 бала терезеден құласа, 2021 жылы ашық терезеден құлаған 9 баланың екеуі опат болған. Ал 2022 жылы 11 бала терезеден құлап, тағы екеуі өмірімен қош айтысқан. 2023 жылы терезеден құлаған 9 баланың төртеуі ажал құшқан. Былтыр ашық терезе 13 баланың қайғылы жағдайға душар болуына себеп болған. Өкініштісі, 2 бала алған жарақаттың ауырлығы салдарынан өмірімен қош айтысқан. Сонда қыршынынан қиылып жатқан қаршадай балалардың обалы кімге? Мүгедек болып қалған жазықсыз балақайлардың болашағына кім жауапты? Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының аға инспекторы Бибігүл Қамзина үйде орын алған қайғылы жағдайларға бірінші кезекте ата-ана жауапты екенін алға тартады.

— Талай жыл осы салада еңбек етіп жүргеннен кейін жаз мезгілінде балалар үшін екі есе алаңдаймын. Өйткені жыл сайын суға кету, жол апаты,  терезеден құлау фактілері орын алады. Мұның барлығы ата-ана тарапынан бақылаудың жоқтығынан туындайды. Балалардың жазғы демалысын ата-аналар қамтамасыз етеді. Ұл-қыздарының жазғы лагерьге баруы, еңбек жасағына жұмысқа орналасуы, шетелге демалуы бәрі – ата-ананың ғана рұқсатымен жүргізіледі. Сондықтан баланы еш уақытта қараусыз қалдырмай, мұқият болуды сұраймын, — дейді Б.Қамзина.

Жедел жәрдемнің кеңесі

Өткен аптада орын алған қайғылы оқиға кезінде жедел жәрдем қызметі бала терезеден құлаған сәтте ата-аналар қалай әрекет ету керектігін білмейтінін байқағанын айтады. Облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко мұндай жағдайда ата-аналарға тез әрекет ету маңызды екенін алға тартады.

— Бала жазатайым оқиғаға тап болып, терезеден құлап кетсе, дереу 103 немесе 112 қызметтеріне қоңырау шалу керек. Оқыс оқиға орын алған мекенжай, баланың жасын және оның жағдайын нақты айтқан дұрыс. Есінен танып қалғаны, тыныс алатыны не алмайтыны, алған жарақаты туралы нақты мәлімет бере алу маңызды. Егер бала есін біліп, өздігінен дем алса оны орнынан қозғамау керек. Өйткені биіктен құлаған кезде омыртқа немесе ішкі ағзалардың өзге жарақаты болуы мүмкін. Сондай сәтте бала қозғалса, жағдайы нашарлауы мүмкін. Егер ес-түссіз жағдайда өздігінен тыныс алса, бала сілекейіне тұншығып қалмауы үшін оны бір қырына жатқызған жөн. Егер тыныс алмаса, дереу жүрек-өкпе реанимациясын бастау керек. Бұл әрекеттерді дұрыс орындау үшін диспетчермен байланыста болу қажет. Олар бригада келгенге дейін қалай әрекет ету керектігін айтып отырады. Мамандар мұндай жағдайда оқиға орнына барынша жедел келуге тырысады. Жол кептелісіне байланысты келу ұзақтығы 7-15 минутты құрайды, — дейді И.Мищенко.

Темір торды тегін орнатты

Жаз шықса болды бөлме ішін желдету үшін тұрғындар терезені ашуға асық болады. Онда шыбын-шіркейден қорғайтын тор орна-тылғанымен, ол үйдегі кішкентайлар үшін қауіпті. Өйткені, соған сүйеніп, даланы қарамақ болған бүлдіршіндер тормен бірге сыртқа ауып кетуі мүмкін. Мұндай қайғылы жағдай орын алмас үшін ата-ана бейқамдық танытпай, ұл-қызын көзден таса қылмауы керек деп айтамыз. Десе де, баланы терезе қаупінен қорғайтын жалғыз жол – темір тор.

2019 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары балаларды терезеден келетін қайғылы жағдайдан қорғау үшін тұрғын үй салатын құрылыс компанияларына пәтер терезесіне темір тор орнатуды міндеттейтін заң жобасын әзірлеген еді. Оған сәйкес, жауапты мекеме тұрғын үйді терезені темір тормен қаптап, сатуы тиіс болды. Өкінішке қарай, бұл заң жобасы мақұлданбады.

Десе де, балалардың өміріне алаңдаушылық тудырған жомарт жандар бастама көтеріп, көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың үйлеріне темір торды тегін орнатуды қолға алған болатын.

Мәселен, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Болат Сүлейменов өткен жылы темір тор орнатумен айналысатын компаниямен бірлесіп, 122 пәтердің кішкентай тұрғындарына көмек қолын созған. Компания өкілдерінен темір торды 10 мың 500 теңгеден жеңілдікпен сатып алған. Нәтижесінде жалпы саны 309 темір торды 383 сәби тұратын тұрғын үйлерге тегін орнатқан. Депутат мұндай игі істі балалар қауіпсіздігі үшін жасағанын айтады.

Дәл осындай қамқорлық шарасын Павлодар қалалық білім беру бөлімі бірнеше жыл қатарынан жүзеге асырып келеді. «Қауіпсіз терезе» науқаны аясында балабақшаларда ата-аналармен, темір тор орнататын компания өкілдері және төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен кездесулер ұйымдастырылған.

— Қазіргі уақытта темір тор орнататын компания өкілдері мен демеушілерді іздеп жатырмыз. Жылдағыдай биыл да әр бала-бақшада ата-аналармен кездесу өткізіліп, терезеге темір тор орнатудың маңызы түсіндіріледі. Өткен жылы жаз мезгілінде қаланың кәсіпкерлері мен кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімі, «AMANAT» партиясының Павлодар қалалық филиалының қатысуымен қалалық саябақта «Бала қауіпсіздігі» акциясын ұйымдастырдық. Оның аясында «AMANAT» партиясының қалалық филиалы көпбалалы және толық емес отбасылардың үйіндегі терезеге 12 темір тор орнатуға сертификат табыстады. Сондай-ақ, «Kemel Trade», «AluPlast», «Plastotkos»  кәсіпорындары терезеге бұғаттағыш орнатуға демеушілік көрсетті. Мұндай жұмысты биыл да жалғастырамыз, — дейді Павлодар қалалық білім беру бөлімі мектепке дейінгі білім беру секторының жетекшісі Гүлбаршын Алтыбасарова.

Темір тордың бағасы қандай?

Терезеге темір тор орнатуды біреудің қалтасы көтерсе, басқа отбасының жағдайы көтере қоймас. Осы орайда, Павлодар және Ақсу қаласында танымал «Baby Stop Pavlodar» фирмасының директоры Бауыржан Әлібековке хабарласып, темір тор бағасын білген болатынбыз. Осы салада 8 жыл көлемінде жұмыс істейтін кәсіпкер орнатқан темір тордың сапасына қатысты тұтынушылар тарапынан шағым болмағанын айтады.

— Қазір терезеге темір тор орнату бойынша тапсырыс көп түсуде. Ата-аналар хабарласып, тапсырыс берген кезде бала тағдыры үшін өзім де қуанамын. Біздің фирмада бір терезеге темір тор орнату құны – 14 мың теңге. Бірінші қабаттан бастап 9-10 қабаттарға дейін орната береміз. Бұл сомаға терезе көлемін өлшеу, москит торы мен терезе торын орнату жұмысы толығымен кіреді. Терезені өлшегеннен кейін келесі күні орнатып береміз. Баға арзан болғандықтан терезе санына байланысты басқа жеңілдік қарастырылмайды. Бұдан бөлек, терезені ашуға арналған тежегіштерді (блокиратор) немесе терезе тұтқасына құлып орнатуға болады. Бірақ одан гөрі темір тор орнатқан дұрыс. Себебі блокиратордың беріктігіне сеніммен қарау қиын, — дейді Бауыржан Болатұлы.

Ғаламтордан Павлодар қаласындағы терезе темір торының бағасы 12-15 мың теңге көлемінде екенін аңғардық. Ал блокиратордың құны одан арзанырақ. Оның бағасы 1500-3000 теңге көлемінде. Оған шебердің орнату жұмысына алатын ақысын қоссаңыз, 4-5 мың теңге көлемінде шығады.

Павлодар қаласының тұрғыны Жазира Ермекқызы 5 жасқа толмаған 3 сәбиі барын айтады. Балаларының тағдыры үшін үйінің терезесіне темір тор орнатқан. Сол үшін терезені ашқан кезде балаларының қауіпсіздігі үшін еш алаңдамайтынын айтады.

— Облыс орталығындағы Максим Горький көшесі, 37-үй мекенжайындағы көпқабатты үйдің 6-қабатында тұрамын. Кенжем небары 6 айда, тұңғышым 4-те, ортаншым 2 жаста. Балаларым әлі кішкентай болғандықтан бір өзім үшеуін көзден таса қылмауға үлгере бермеймін. Үйдің ішін желдету үшін терезені ашатынымыз рас. Онсыз мүмкін емес. Сондықтан былтыр жолдасым жаз мезгілінде үйдегі 4 терезенің бәріне темір тор орнатқан еді. Сол үшін де терезе ашқанда балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдамаймын. Барлық ата-аналарға терезеге темір тор орнатуға кеңес беремін. Баланың тағдыры тұрған мәселеде ойланудың қажеті жоқ деп білемін, — дейді қала тұрғыны.

Түйін:

Өткен аптаның соңында терезеден құлаған 2 жастағы ұл баланың тағдырына алаңдамаған адам жоқ. Сәби комадан шығып, палатаға ауысқан сәтте тұрғындардың дені оның амандығын тіледі. Биыл терезе салдарынан орын алатын қайғылы жағдай статистикасы осымен аяқталсын деп тілейік. Қорғансыз баланы қорғау үшін мамандардың пікіріне құлақ асып, жауапкершілікті қазірден бастаған абзал.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.