Теңіз әскерінің жауынгерлері түгенделеді

Сәу 17, 2025

«Майдан жолы» іздестіру-зерттеу жасағы өткен мен келешек арасын жалғаған алтын көпір іспеттес. Олар соғыс өртінде жоғалған жауынгерлердің есімдерін ұрпақ санасына қайта оралтып, ұмыт қалған ардагерлерге тағдыр сыйлауда. Он бес жылдан бері бұл жасақтың жүрегі ата-бабалар ерлігімен бірге соғып келеді. Әрбір табылған сарбаз – бір тағдыр, әрбір экспедиция – ұмытылмас бір тарих. Бұл жұмыс — жай ғана қазба жұмыстары емес, бұл – мәңгі есте қалатын ерліктерді айшықтайтын ауқымды іс. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «Майдан жолы» іздестіру-зерттеу жасағының жетекшісі Александр Шитовпен әңгімелескен болатынбыз.

— Александр Владимирович, биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл. «Майдан жолы» іздестіру-зерттеу жасағы мерейтой қарсаңында қандай жұмыс атқаруда? Тың жобалар бар ма?

— «Майдан жолы» жасағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімін ұлықтау, ерлігін ұрпақ санасына сіңіруде  жыл сайын түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығын тойлауды да бастап кеттік. Биылғы шаралардың легі оқушылар арасында өткізілуде.  Әрқайсысына жеке тоқталып өтейін. Біз «Жауынгерлік парақ» атты әскери байқауды қолға алдық. Оның аясында аймақ тұрғындары Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер, Кеңес Одағының Батырлары жайлы мәліметтерді жинауда. Бұл шара жыл бойы ұйымдастырылатын болады. «Отбасылық мұрағат» жобасы аясында «Отбасы батыры – ел батыры!» акциясы өткізілуде. Жобаға қатысып жатқан балалардың саны күн сайын артып келе жатқанын атап өту керек. Олар өз отбасының шежіресін жасауға қатысып, Ұлы Отан соғысына қатысқан туыстарының ауыр тағдыры туралы мәліметтер жинастыруда. Жобаны Павлодар қаласының №34 және №26 мектептері ерекше қолдауда. Кездесуде балалар сыныптастарына өз ата-бабалары жайлы білгендерін айтып береді. Қазір жасақтың қорында бірнеше отбасылық мұрағат жиналды. Бұдан бөлек, 1 мамыр күні Павлодар қаласы №4 мектеп аумағында «Даңқ аллеясы» акциясы аясында оқушылар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан аталарының құрметіне көшет отырғызады. 2020 жылдан бастап көктем мен күз айларында 2000-нан астам көшет отырғызылды. Сонымен қатар, балалар арасында «Менің Қазақстаным» атты сурет байқауы  ұйымдастырылады. 9 жыл қатарынан балаларды қорғау күні қарсаңында «Вертикаль» туристік клубымен бірлесіп, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған «Табыс шыңы» атты спорттық турнир өткізіліп келеді. Таза ауада жылдамдық, тапқырлық және ептілікке арналған эстафеталар, әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша жаттығулар, музыкалық байқаулар ұйымдастырылады. Бұл жоба биыл да жалғасын табады.

Жыл сайын 22 маусым — аза тұту күніне орай, «Жад шамы» атты еске алу кеші ұйымдастырылады. Акцияға қатысушылар шырақ жағып, ескерткіштер мен Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қояды. Бұл жобаларға балаларды қатыстыру арқылы бойларына патриоттық сезімді ұялатып, ата-балаларының ерлігіне тағзым етуді үйреткіміз келеді. Қазір көзі тірі ардагерлердің саны күн сайын азайып барады. Ал ұрпақ оларды ешқашан ұмытпай, ұлықтап өтуі тиіс.

Биыл «Майдан жолы» жасағы Беларусь және екі мәрте Ресей мемлекетіне іздеу экспедициясын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Мерейтой қарсаңында өткізілетін шаралардың қатарында  «Жүрек жадындағы естелік» акциясы  бар. Шараны Славян мәдениет орталығы, «Майдан жолы» іздестіру-зерттеу жасағы және ИнЕУ Жоғары колледжі бірлесіп ұйымдастыруда. Акция аясында студенттер мен мектеп оқушылары тақырыптық диктанттар жазуда. «Майдан жолы» жасағының белсенді іздеушісі, коллекционер әрі зейнеткер Владимир Ильич екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі әскери техника үлгілерінің бірегей көрмесін ұйымдастырады. Міне, біз өткізетін танымдық шаралар легі осылай жалғаса береді.

— «Майдан жолы» жасағы құрылғалы бері 15 жылдың ішінде із-түзсіз жоғалып кеткен  қанша жауынгердің жерленген орнын тапты?  Бүгінде іздестіріліп жатқан жауынгерлер бар ма?

— «Майдан жолы» іздестіру-зерттеу жасағы 15 жылдың көлемінде жемісті еңбек етті деп ауыз толтырып айта аламын. Біз 2009 жылдан бастап ERG компаниясының «Батырлар жолымен – Даңқ жолы» атты тарихи-патриоттық жобасы аясында Ұлы Отан соғысы жылдарында хабар-ошарсыз кеткен жерлестерімізді іздеу бойынша экспедицияларды жүргізіп келеміз. Осы уақыт ішінде жалпы саны  321  қызыл әскер жауынгері мен офицерінің денесі табылып, жер қойнына тапсырылды. Қазақстан азаматтарының, кейде Ресей тұрғындарының да өтініштері бойынша  жүздеген жауынгердің есімін анықтап, олардың тағдырын, майдан жолын және майдандас достары жайлы тың деректерді анықтаудамыз.

Қазіргі уақытта «Майдан жолы» жасағы Шығыс Қазақстан инновациялық университетінің студенттерімен және Павлодар қалалық №18 мектеп оқушыларымен бірге 1941–1945 жылдар аралығында әскери-теңіз флотында қызмет еткен, Қазақстанның барлық облысынан шыққан жауынгерлердің тізімін құрастыруда. Ұлы Отан соғысы жылдарында әскери-теңіз флотында қызмет еткен қазақстандықтар туралы жиналған мәліметтер арнайы кітапқа енгізіледі. Бұл мәліметтер соғыс ардагерінің ұрпақтарына өз ата-бабаларының жауынгерлік және еңбек ерліктерін қайта жаңғыртып, отбасылық тарихты қалыптастыруға септігін тигізбек. Мұрағаттағы деректерге сүйенсек, соғыс жылдары флот құрамында 12 мыңнан астам қазақстандық матрос болған. Демек, біздің іздестіру-зерттеу жұмысымыз кем дегенде осынша отбасыға тікелей қатысты. Бұған дейін Қазақстанда бұл тақырыпта кітаптар жарық көрмеген. Тіпті, еліміз бойынша теңізшілерге қатысты зерттеу мүлде жүргізілмеген. Теңізде теңізшілерге ескерткіш орнатылмайды. Сондықтан мұндай жауынгерлердің  есімін олар туған, оқыған, әскери қызметке дейін еңбек еткен жерлерде ғана қалдыруға болады. Сондықтан бұл кітап флотта қызмет еткен жерлестеріміздің есімін ұрпақ жадында сақтауға мүмкіндік берері сөзсіз. Өкінішке қарай, бұл жобаны қаржыландыратын демеуші табылмады. Ұсынысымызды облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасына, сондай-ақ мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына жеткіздік. Бірақ нәтиже шықпады. Бұдан бөлек, «Майдан жолы» павлодарлық іздестіру жасағына оннан астам жоғалған жауынгерлік медаль мен орден тапсырылды. Іздестірушілер бұл марапаттардың иелерін анықтап, олардың туыстарын табуда. Кейін марапаттар салтанатты түрде ардагердің отбасына табысталады.

— Жасақтың тікелей бастамасымен қанша сарбаздың денесі туған жерге жеткізілді? Сіздердің ұйытқы болуларыңызбен қанша батырға ескерткіш қойылды?

— Павлодар, Абай, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының тумасы болған Қазақ КСР-інің 7 жауынгерінің сүйегі табылып, Отанына қайтарылды. Олар туған жерінде, қайтыс болған туған-туыстарының жанына жерленді. Жерлеу рәсімдері әскери құрметпен, мұсылмандық және христиандық дәстүрлерге сай ұйымдастырылды. Мәселен, 2012 жылдың мамыр айында Қазақстанға Павлодар облысы Тереңкөл ауданының тумасы Жұмабай Бектұрсыновтың сүйегі жеткізілді. Оның денесі  Ресей Федерациясының Новгород облысындағы Старая Русса қаласы маңынан табылған болатын. 2013 жылдың мамыр айында Тереңкөл ауданының тумасы Жұмабек Нұркеновтің сүйегі Қазақстанға жеткізілді.  Новгород облысының Софронково шатқалы маңынан табылған жауынгер туған жерінде жер қойнына тапсырылды.  2020 жылдың маусым айында  Смоленск облысы, Темкин ауданы аумағында қаза тауып, денесі табылған жауынгер Өмірзақ Қазанғаповтың сүйегі Отанына жеткізілді.  2020 жылдың қазан айында Ресей Федерациясының Ленинград облысы, Синявин биіктері маңынан табылған  қазақстандық жауынгер Мәукен Нығметовтің сүйегі Қазақстанға жеткізілді. «Ерлікке — тағзым» атты әскери құрмет көрсету рәсімі Ақтоғай ауданы Айнакөл ауылындағы Даңқ ескерткіші маңында өтті.  2020 жылдың желтоқсан айында Ресей Федерациясының Смоленск облысы, Кардымов ауданы аумағында қаза тапқан  қазақстандық жауынгер Сапарғали Мұқаловтың сүйегі Отанына жеткізілді.  Ал 2021 жылдың маусым айында Қызылорда облысы Арал ауданының тумасы Емберген Асановтың сүйегі Ресей Федерациясының Ленинград облысындағы Синявин биіктерінен табылды. Жауынгер Қазақстанда жерленді.  2021 жылдың мамыр айында Солтүстік Молдова Республикасында қаза тауып, табылған қазақстандық жауынгер Иван Чередниктің сүйегі де өз Отанына әкелінді.  Ұлы Отан соғысы жылдары ерлікпен шайқасқан қазақстандықтардың тарихи ерліктері мен есімдерін есте қалдыру мақсатында 20-дан астам ескерткіш пен бюст қайта жөнделіп, орнатылды. Сонымен қатар,  мыңға жуық әскери жәдігер Қазақстанға жеткізіліп, қорғаныс департаменттерінің көрмелері мен музей қорларына, білім беру мекемелеріндегі жауынгерлік даңқ бұрыштарына табысталды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады.

— Жоғалып кеткен жауынгерлердің зиратын іздестіруде қандай қиын-дықтарға тап боласыздар?

— Шыны керек, іздестіру экспедицияларын ұйымдастыру, қазақстандық жауынгерлердің  сүйегін туған жеріне жеткізу шарасы көп қаражатты талап етеді. Биыл біз жыл сайын «Батырлар жолымен – Даңқ жолы» жобасы аясында «Майдан жолы» жасағына  қолдау көрсетіп, қаржыландырып келе жатқан Еуразиялық Топқа (ERG) өтініш жолдадық. Қазіргі таңда жауап күтудеміз.

Жер астында әлі күнге дейін жарылмаған снарядтар мен жарылғыш заттар жатыр. Мұндай орындарда жұмыс істеу  тәжірибесі жоқ іздеушілер үшін өте қауіпті. Осы себепті мен «Майдан жолы» іздеу жасағының барлық дала жұмысын бақылап, үйлестіріп отырамын. Экспедицияға дайындық кезеңінде  іздеушілерге нұсқаулық өткіземін. Бұл ретте іздеу жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау, өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң бақылау, санитарлық-гигиеналық нормаларды білу, жергілікті жерді бағдарлау, өзіне және айналасындағы адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсету сынды әрекеттерді жасақ мүшелері жатқа білуі тиіс.  Экспедиция кезінде күнделікті таңертең іздеу жұмыстары басталар алдында қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық журналға қол қойғызып жүргізіледі. Бізбен бірге экспедицияға барғысы келетіндер өте көп. Бірақ бәрі бірдей біздің жұмысты түсіне бермейді. Үйреншікті өмір ырғағынан шығып,  қазба жұмыстарымен айналысып, қолайсыз, қиын жағдайларға бейімделу үшін үлкен батылдық пен рух күші қажет. Ересектер үшін де бұл оңайға соқпайды. Қаза болған жауынгерлердің сүйегін елге тасымалдау ісінде де қиындықтар туындайды. Жасақ мүшелері өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді.

—  «Майдан жолы» жасағында қанша адам жұмыс істейді?

— Жасақ құрамында 30-ға жуық адам еңбек етеді. Оның ішінде Еуразиялық топ (ERG) металлургтері, жалпы білім беру тарих және география пәндерінің мұғалімдері, сондай-ақ ИнЕУ Жоғары колледжінің студенттері бар. Осы топпен жоғарыда аталған жұмыстарды жүргізіп келеміз. Әрқайсысы өзіне жүктелген міндетті жатқа біледі.

— Соңғы рет тапқан қай жауынгердің денесін іздеп таптыңыздар?

— 2024 жылдың маусым айында Беларусь Республикасының Витебск облысында Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан кеңес жауынгерлерінің сүйектері табылды. Барлығы 18 сарбаздың сүйегі жер қойнына тапсырылды. Олар жерленген жерден  қару-жарақ,  пулемет дискілері мен дулығалар табылды. Жауынгерлер Солтүстік Қазақстан облысы Дубровно ауданында әскери құрмет көрсетіле отырып жерленді.

— Әңгімеңізге рақмет! Жұмыстарыңызға табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.