Есімі елімізге ғана емес, әлемге белгілі опера әншісі, жерлесіміз Шахимардан Әбіловпен көптен бері жекелей кездесіп сұхбаттасу ертеден ойымда бар болатын. Алайда сол жоспарым жуырда ғана орындалды. Осыдан екі жыл бұрын Қазақстанның Халық әртісі атағын алған өнер иесінің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында өзімен кездесудің сәті түсті. Шахимардан Қайдарұлы өзі еңбек ететін Торайғыров университетінде бізді жылы шыраймен қарсы алып, жұмыс бөлмесінің төрінен орын ұсынды. Әңгіме барысында шығармашылығы, опера бағыты мен әлемдік сахналарда кеңінен насихаттап жүрген Абай шығармашылығы туралы әңгіме өрбіттік.
— Шахимардан Қайдарұлы, шығармашылығыңыздың темірқазығы – Абай екені баршамызға мәлім. Осы орайда қанша жылдан бері ұлы ақынның өлеңдерін опера бағытына қосып насихаттап жүрсіз. Бұған не себеп болды? Абайды опера арқылы таныта отырып, оны қаншалықты толық тани алдыңыз? Әңгімемізді осы сауалдан бастасақ…
— Бұған дейін бұл туралы республикалық «Ана тілі», «Егемен Қазақстан» секілді газеттерде жарияланған болатын. Иә, шынымен шығармашылығымның бастауы да темірқазығы да Абай болды. Алматыдағы консерваторияны аяқтайтын жылы дипломдық жұмыс ретінде Абайдың шығармасын таңдап алдым. Өйткені бүгінге дейін ақынның әр туындысын орындаған сайын тереңінен үңіліп, өзіме жаңалық ашамын. Жалпы, Абайдың бейнесіне үлкен дайындықпен және терең ізденіспен келдім. Мәселен, ұлы ақынның сахнадағы бейнесін сәтті шығару үшін әуелі романс-тарын орындадым. Одан кейін ұлттық сазгерлердің мұрасына ден қойдым. Абайды түсіну үшін әлемдік классиканың озық майталмандары –
Шуберт, Малер, Чайковский, Рахманиновтардың шығармаларын шырқадым. Бүгінге дейін қанша жыл айтулы партияны орындап келемін, алайда әлі күнге дейін толықтай түсіне алдым деп айта алмадым. Оны қанша мәрте орындасам да, бәрібір бірдеңе жетіспей тұрғандай сезімде боламын. Абай мен үшін жұмбағы шешілмеген терең тұңғиық секілді. Ал бұл – классика, философия.
Абайдың бейнесін көптеген шетелдік сахнаға алып шықтым. Сонда опера өнерінің тұрақты әрі талғампаз көрерменінің таңдай қағып, таңданған сәттерін жиі байқадым. Осыдан-ақ Абайдың бейнесінің күрделілігі мен тереңдігін байқаймыз.
Осы уақытқа дейін гастрольдік сапармен 50-ге тарта елді аралап, сахнасында өнер көрсеттім. Олардың әлеуеті де, экономикасы да біздің елден қаншама жыл бұрын дамып кеткен. Алайда олар өзінің тілін, ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрін ұмытқан жоқ. Сондықтан болар, бүгінде олардың барлығы ана тілін құрметтеп сөйлейді. Ал бізде, өкінішке қарай, кей адамдар өзге тілде сөйлейді. Осыдан соң қалай өзіміздің тілімізден, әдебиетімізден айырылып қалмаймыз? Ал осы және өзге де өзекті мәселелерді Абай арқылы ғана шеше аламыз. Себебі, біз қазақты Абай арқылы көрсете аламыз.
Бар әлемдік дүние Абайда жатыр. Ұлы ақын шығармаларында Құранның аяттары мен хадистері, білім, ғылым және мәдениет секілді бағыттарды сөз етеді. Мәселен, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы» атты өлеңінен Абайдың бар қасиеттің өнерде жатқанын байқауға болады. Ал өнер — білімге құштарлық һәм кісілік қасиет. Бірақ, қазіргі таңда мұны кей адамдар түсіне бермейді. Сондықтан Абайды оқу қай кезде де болсын аса маңызды.
Бүгінге дейін бірқатар елдің өнерін меңгердім. Дегенмен өзіміздің халқымызға тән өнерді әлемге ән арқылы, әсіресе Абай арқылы шығаруымыз керек. Өйткені біздің бар күшіміз – мәдениетте.
— Сіздің ата-анаңыз да өнер адамдары болғанынан хабардармыз. Осыдан-ақ мұндай талант сізге әкеңіздің қанымен, анаңыздың сүті арқылы бойыңызға дарыса керек-ті.
— Иә, анам әнді керемет орындаса, әкем домбыра тартып, Құранды нақышына келтіріп оқитын. Оқығанда жай оқымай, әндетіп оқитын. Кезінде Ғабдыл-Уахит хазіреттің шәкірті болған. Әкем мінезді кісі болды. Коммунист бола тұра, сол заманда бес уақыт намазын қаза қылмаған адам. Ұлы Отан соғысына қатысып, қиындықты көп көрді. Бірақ сонда да өнерге деген шексіз махаббатын сөндірмей өтті. Сол талант әкенің қаны, анамның сүті арқылы менің де бойыма дарыса керек, әсіресе ән салуға айрықша құштар болып өстім. Туған жердің де әсері тиген болар. Өзім қалың қарағайлы Шарбақты ауданына қарасты Арбиген елді мекенінде туып-өстім. Кейін әнші боламын деген арманмен арман қала Алматыға аттандым. Арманым алдамады. 1967 жылы сол шаһардағы эстрада-цирк студиясына оқуға түсіп, Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Ұлықпан Есенов, Қапаш Құлышевалармен бірге оқыдық.
— «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, әр шәкірт үшін ұстаздың орны бөлек екені анық. Опера бағытының қыр-сырын үйреткен ұстаздарыңыз туралы айта кетсеңіз…
— Опера – классикалық музыканың күрделі түрі. Осы орайда Бекен Жылысбаев, Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Бибігүл Төлегенова секілді өнер иелерінің барлығын ұстазым деп айта аламын. Олардан операның қыр-сырын меңгеріп, тәжірибе жинап, көп дүниені үйрендім. Кейін жоғары оқу орнының басшылығы дипломымды ала салысымен мені оқу орнына бірден оқытушы ретінде қабылдады. Осы уақыттан бері осылайша шәкірттерді тәрбиелеп келемін. Консерваторияның деканы, 2007 жылдан бастап кафедра меңгерушісі болдым. Өзіме ұстаз болған аға-апайлармен әріптес болдым. Сол кісілермен бірге жұмыс істей отырып, өзім де көп нәрсе үйреніп, ұстаздық ұлағатын бағыт-бағдар етіп, жақсы қасиеттерін бойыма сіңірдім.
Опера бағытын толықтай меңгеру үшін шетелдерге шығып, олардың музыкасын толықтай меңгеру керек. Бар өнерді кеудеңе сыйдыра алмайсың. Бірақ опера барлық өнерді бойына жинай алады. Себебі операда сөйлейсің, ән айтасың, онда оркестр сүйемелдейді және билейді. Осыдан-ақ операның әлемдік дүние екенін түсінесің. Жалпы, адамның бойында бір-біріне ұқсай бермейтін 8 млрдтан аса дауыс бар. Алайда біз қазіргі уақытта бір-бірімізге еліктей бастадық. Әрине, бұл дұрыс емес. Өйткені әркімнің өзіне тән дауысы бар. Сондықтан Алланың берген сол дауысын көрсету керекпіз.
— Өзіңіздің бір сұхбатыңызда шетелдерде операның даму деңгейі жоғары екендігін атап өтіпсіз. Ал біздің елімізде операның даму деңгейі қандай? Қазақ көрермені операны қалай қабылдайды?
— Шетелдерде операның даму деңгейі жоғары екендігі рас. Бірақ опера тыңдау біздің елімізде ғана емес, әлемдегі өзге елдерде де қиын. Мысалға әр ел өз операсын өз тілінде тыңдайды. Бірақ мойындау керек, шетелдік мемлекеттер бізден қай жағынан болсын ерте дамыды. Дегенмен біз де олардан қалыспауымыз керек. Ол үшін әлемге белгілі Бетховен, Бах секілді шетелдік және өзіміздің композиторларды тыңдап үйренуіміз қажет. Оған қоса, кітап оқу мәдениетін де қалыптастыруымыз керек.
Өзім тарихта алғаш рет Абайдың 10 өлеңіне моноопера жаздым. Оны еліміздің 5 қаласында орындадым. Олардың қатарында өзіміздің Павлодар қаласы да бар. Биыл 75 жылдық мерейтойыма орай ««Шахимардан достарын шақырады» атты классикалық музыка өнерінің халықаралық ХI фестивалі облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен өтпек. Өнерге осындай қолдау білдірген аймақ басшысына алғысым зор.
— Өнер мен ұстаздық жолды ұштастырған жандардың бірісіз. Осы уақытқа дейін «Міне, менің шәкіртім» деп айта алатын шәкірттеріңіз бар шығар?
— Иә, мен талай жұлдызы жарқыраған опера әншілерін тәрбиелеп шығарған ұстаз ретінде өз шәкірттеріммен мақтана аламын. Олар әлемдік ірі сахналарда Қазақстанның атынан өнер көрсетіп, еліміздің мәдениетін шет мемлекеттерге мойындатуда. Менің қазіргі басты жұмысым – сол жастарды тәрбиелеу. Астана Опера театрында әлемдік деңгейде аттары белгілі 5-6 шәкіртім жұмыс істейді. Алматыда одан да көп. Сол шәкірттерді тәрбиелей жүріп, өзім де ізденіс үстінде боламын. Жасым 75-ке қараса да әлі де үздіксіз оқумен, өнерімді үнемі жетілдірумен келемін. Операмен күнде айналыспасаң, одан тез айырылып қаласың. Бұл шыңы биік өнер деп бекер айтылмаған. Мұнда тек ария айту аздық етеді, айтқан әннің сөзін бүкіл жан дүниеңнен өткізіп, тыңдаушыға әсерлі жеткізу үшін де білім, ізденіс, тәжірибе керек. Опера әншісі кітапты көп оқуы, ойланып, толғануы қажет. Өзім өмір бойы әдебиетпен доспын. Абайдан бастап, Шекспирдің, Лермонтов пен Пушкиннің еңбектерін, орта ғасырдағы араб прозасын сүйіп оқимын. Сократтан бастап, Аристотель, Кант, әл-Фараби, Ғазали, Ясауи сияқты танымал философтардың шығармаларын ақтарамын. Өзіміздің қазақ ақын-жазушыларының еңбектерін де зерделеймін. Жастардан да сондай ізденісті талап етемін.
— Сіздің ойыңызша, опера әншісі болу үшін адамның бойында қандай қасиеттер болуы керек? Осы жолды таңдаған жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
— Жақсы опералық әнші болу үшін әр адам әуелі өзінің тілін білуі керек. Мысалы, мен Жапонияның Токио, Нагасаки қалаларында концерт бердім. Сонда жапондардың өз тіліне деген құрметін, сүйіспеншілігін көріп таңғалдым. Сонысымен де жапондар мықты деп ойлаймын. Қазаққа да жапондардың осы бір тамаша қасиетінен үйренетін тұс көп. Музыканы қазақтың жаны дейтін болсақ, біз орындаған әніміз арқылы ұлттық өнерімізді жаңа белеске шығара аламыз.
Опера мен романсты айту үшін әншіге жан-жақты білім, жан дүниенің соған сай шынайы толқыныс-тебіренісі, үлкен философиялық сана қажет. Көптеген симфонияны, сандаған операны театрларға барып, қайта-қайта жалықпай тыңдап, көңіл құлағына құйып, зердеге тоқу керек. Әрине мұның барлығы адам бойына бірден дарып, құйыла кетпейді. Әлемдік деңгейдегі жақсы әнші болу үшін үздіксіз, ұзақ ізденіс қажет. Бұл тұста ұлы Абайдың «ақырын жүріп, анық бас» қағидасы бағдар болуы тиіс. Сондықтан мен де көздеген мақсатыма жету үшін сапаны, тереңдікті, бастысы байыптылықты мұрат тұттым. Сол жолда іздендім.
Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой айтпақшы, жалпы опера деген бар өнердің басын қосқан үлкен мереке ғой. Өнердің шыңы. Оның ішінде сөз де, ән де, би де, симфония да, романс та бар. Ал оны шығару үшін ең әуелі өзіңнің тамырыңды білу керек. Содан кейін ғана әлемдік классикаға құлаш ұр. Тамырыңды білмей, әлемдік өркениетті игерем деу ұлтты үлкен ұтылыстарға алып келеді. Бұл өнердің қай түріне де қатысты. Осыны ұмытпау керек. Опера әншісіне ең әуелі білім керек. Құр дауыспен ғана әнші алысқа бармайды.
— Мазмұнды әңгімеңізге рахмет! Өнеріңіз үстем болсын!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.