Естайдың әнін өзінен үйренген

Сәу 17, 2025

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайында еліміздің еңбек сіңірген әртісі, актер, әншісі Хасен Байырмановтың 120 жылдығына орай «Өмір өсірген өнер иесі» атты әдеби-музыкалық
кеш өтті. Өңіріміздің зиялы өкілдері мен жас буыны дара тұлғаның өмір жолымен танысып, жергілікті өнерпаздардың әсем әуендерін тыңдады.

Өнер иесі 1905 жылы 8 сәуірде Павлодар облысы, қазіргі Ақсу қаласы аумағында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Талантты актер қазақ театр өнерінің дамуына зор үлес қосып, сахнада сан тағдырлы, алуан мінезді жүз-
деген ер-азаматтың бейнесін сомдаған. Халық әндері мен композиторларының туындыларын ерекше шеберлікпен орындаған. Әсіресе, әйгілі әнші, композитор Естай Беркім-баевтың өз аузынан естіп, үйренген «Қорлан», «Жайқоңыр», «Бір мысқал» әндерімен қатар, дауылпаз ақын Иса Байзақовтың желдірмелерін өзіндік мәнерімен шырқап, төл шәкірті болған.

Жиынға жиналғандар қатарында Хасен Байырмановтың аталас туысы Зада Хайыргелдин өнер иесінің кең жүрегі мен мейірімділігін еске алды. Сондай-ақ, Павлодар өңіріне алғаш рет ұсынылып отырған жәдігерлері мен жеке заттарын қызы Ләйлә Хасенқызы табыс-тады.

– Осыдан екі жыл бұрын әлеуметтік желіге елеусіз қалған есімдердің қатарында аталған Хасен Байырмановты жариялаған едік. Оны көрген қызы хабар беріп, әкесінің баянды өмірінің тәтті де ащы тұстарымен бөлісті. Ол жерлесі Сәбит Дөнентаевпен дос болып, беделі зор тұлғалардан тәлім алып, өнерін шыңдаған. Бүгінде бастамасы бар істің жалғасы бар деп ойлаймын. Қазақ өнеріне елеулі үлес қосқан өнерпаздардың есімі өшпеу керек. Алдағы уақытта дәл осындай арнайы кешті әншінің туған жері Ақсу қаласында өткізу жоспарда бар, – дейді Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыров.

Есімі өшпес Хасен Байырманов 1930 жылы режиссер Жұмат Шаниннің шақыртумен Алматыдағы драма театрға актерлік қызметке орналасады. Кейін Семей театрына ауысып, ұзақ жылдар талмай еңбек етті. Талантты тұлғаның бүкіл ғұмыры өнер саласына, оның ішінде қазақ драма өнерінің дамуына арналды. Театр сахнасында 50 жылға жуық жемісті еңбек еткен актер 200-ден аса басты және қосалқы рөлдерді сомдайды. Оның ішінде М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасында Кебектің, Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібегінде» Төлегеннің, «Ақан сері-Ақтоқтыда» Жантықтың, «Қара қыпшақ Қобыландыда» Қобыланды бейнелерін, тағы басқа көптеген рөлдерді асқан шеберлікпен сомдаған.

Кеш барысында өнерпаз қауым Иса Байзақовтың әндерін шырқап, қатысушыларды жетігеннің сазды үніне елітті.

Салтанат ҒАББАС.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.