Техника тілін меңгерген

Сәу 17, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Еңбектері ел ішінде жиі елене бермесе де, техника саласындағы қажетті мамандықтардың бірі –
слесарь. «Мамандықтың оңайы жоқ» демекші, бұл істің де өзінің қиын тұстары баршылық. Бірақ осы бағытта 20 жылға жуық уақыт еңбек етіп жүрген Дүйсенбек Нұрабаев бұл мамандықты таңдағанына еш өкінбейді. Керісінше, мамандығы өзінің мақтанышы екенін айтады.

Бала кезден техникаға жақын болған Дүйсенбек Нұрабаев трамвай көлігі саласында 2007 жылдан бері еңбек етеді. Сол уақыттан бері мамандығына адалдығынан айнымай келеді. Қазір де трамвай басқармасында тораптар мен агрегаттарды жөндеу слесарі болып қызмет атқарады.

— Бала кезімде Семейден Павлодарға алғаш келгенімде «Трамвайға отырып қаланы араласам екен» деген арманым болатын. Кейін ол арманым орындалып, техника мамандығына оқуға түстім. Қазір де осы сала бойынша еңбек етіп жатқаныма 17 жылдан асыпты. Жұмысым өзіме ұнайды. Өйткені бала кезімнен техниканың тілін меңгердім. Бұл мамандық белгілі бір техникалық білімді, сондай-ақ тиісті құралдармен және материалдармен жұмыс істей білу дағдыларын талап етеді.

Біздің мамандықта бастысы – қала тұрғындары үшін ыңғайлы жағдай жасау, трамвайлардың қала ішінде тұрғындарды тұрақты тасымалдап, бұзылмауын қадағалау, — дейді ол.

Дүйсенбек Дәулетханұлы жұмыс барысында бұзылған техникаларды жөндеп, арнайы кескіндемеге қарап темірден, шойыннан сораптар дайындайды. Әрине, оңай емес. Әр кескіндеменің жүздікпен, миллиметрмен өлшенетін тұстары да бар. Бұл аса дәлдікті қажет ететіндіктен қателесуге болмайды. Алайда біздің кейіпкер бұдан қателесіп көрмеген.

Дүйсенбек Дәулетханұлы жоғары кәсібилігі, жауапкершілігі мен адалдығының арқасында әрдайым күрделі міндеттерді сәтті орындап, сенімді маман ретінде танылды. Еңбегі осы уақытқа дейін бағаланып, бірнеше мәрте мақтау қағаздарымен марапатталып, әріп-тестері арасында сый-құрметке ие болып жүр. Мол тәжірибесі мен біліктілігі оның қызметін-дегі жетістіктерін айқындап, кәсіпорынның дамуына зор үлес қосып келеді.

Айдана БОРАНБАЕВА.