Биыл алғаш рет 23 сәуір күні Ұлттық кітап күні аталып өтіледі. Аталмыш мереке Мемлекет басшысының үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берген тапсырмасына байланысты белгіленді. Мақсаты — қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру.
«Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», – деді Президент Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде.
Қазақтың бас ақыны Абай Құнан-байұлы «Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге» деп дүниенің кілті білімде, білімнің кілті кітапта екенін айтады. Академик Асқар Жұмаділдаев бір сөзінде: «Болашағы зор елдің кітапханасы үлкейеді, болашағы жоқ елдің теледидары үлкейеді» деген пікір айтқан еді. Расында кішкентайынан кітапқа құмар болған жандардың әйтеуір бір күні бір жерден шығатынын көзіміз көріп жүр. Дегенмен Асқар ағамыз кітап оқудың жөні осы екен деп
оған уақытты есепсіз жұмсап, керексіз кітапқа уақыт жоғалту дұрыс емес дейді.
— Көп кітап оқудың көп пайдасы бар деп ойламаймын. Әңгіме кітапты көп оқуда емес. Әңгіме керек кітапты оқуда. Керек емес кітапты оқығаннан не пайда? Босқа миың ашып кетеді. Адамға ең керегі: керекті кітап оқу, керекті білім алу, керекті кәсіп үйрену. Содан кейін адам өзі ойлануы керек. Эйнштейннен қазіргі заманға не жетіспейді деп сұраса, «орындық жетіспейді» депті. Орындыққа отыр да ойлан. Адамға ойлану жетіспейді. Кітапты беталды оқи бергеннен түк те шықпайды. Менің ойымша, қазіргі жастар керек емес кітаптарды көп оқымайды. Керек емес деген — қияли кітаптар, — дейді математик ғалым.
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың оқу залы секторының меңгерушісі Гүлбаршын Жайсанғалиеваның айтуынша, қазіргі оқырмандардың, соның ішінде жастардың таңдауы өзгерген. Яғни, оқырмандар кітапты талғап оқитын деңгейге жетті. Жалпы, кітапханашылар қауымы қазіргі заманауи технологияның дамуымен бірге кітапқа деген сұраныс азайды деген пікірмен келіспейді. Тіпті, оқырмандар жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын алға тартады.
— Облыстық кітапхананың оқу залында 100 мыңға жуық кітап бар. Мұнда оқырмандар үшін барлық бағыттағы кітаптар қойылған. Мысалы, жаратылыстану, саясаттану, техникалық, ауылшаруашылық, медициналық, мәдениеттану, спорт, педагогика, журналистика, көркем әдебиет және басқа да бағыттағы кітаптар сақталған. Бізге студенттерден бастап зейнеткерлерге дейін барлық жастағы адамдар келеді. Үлкен кісілер көбінде көркем әдебиет кітаптарын оқыса, жастар жағы тарихи-танымдық және психологиялық кітаптарға құмар. Соған қарағанда олар өздеріне керегін ғана іздейді, —
дейді Гүлбаршын Орынғалиқызы.
Кітапханада кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған түрлі жобалар мен шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – «Жанды кітап» жобасы. Оқырмандар кітапты оқып қана қоймай, шығарма желісі бойынша сурет салып,
мазмұндап береді. Міне, кітапқа жан бітіру дегеніміз осы, дейді ұйымдастырушылар.
— Алдымен Оралхан Бөкейдің «Атаукере», «Кербұғы» шығармасын таңдап, қатысушыларға ұсындық. Көптеген оқырмандар осыған байланысты сурет салып, монологтарын жаттады. Көптеген оқырманымыз мазмұнын талдап берді. Одан кейін Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасын таңдадық. Бұл кітапта отбасылық құндылықтар жоғары деңгейде суреттелген. Яғни, оқырманға рухани азық беретін кітап. Сондықтан, мұндай шығармаларды оқумен қатар, түрлі тапсырмаларды орындау арқылы бойларына әбден сіңіреді, — дейді оқырманға қызмет көрсету
бөлімінің басшысы Жазгүл Кеңесқызы.
Қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезов бір сөзінде: «Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады» дейді. Ғаламтор — жылдам ақпарат көзі болса, кітап — білім мен ғылымның көзі. Кітаппен сырлас адамның көзқарасы бөлек, көкжиегі кең. Сондықтан, шала сауатты, дүмбілез қоғамды емес, сан ғылымның кілтін игерген интеллигентті қоғам құрғымыз келсе
кітапқа сүйенейік, кітапқа байланайық.
Т.МАРХАБА.