Қарызы жоқ қоғам қалыптастыру, қаржылық сауаттылықты арттыру, бар қаражатты тиімді басқару мақсатында елімізде қолға алынған «Қарызсыз қоғам» жобасы жалғасуда. Енді былтырғыдай бір апта барып оқуға реті келмесе, онлайн да қаржылық білім алуға мүмкіндік бар.
Себебі, биылдан бастап, «Amanat» партиясы қолға алған «Қарызсыз қоғам» жобасы екі форматта жүзеге асуда. Біріншісі – оффлайн, бірақ өткен жылғыдай бес күн емес, биыл үш күнде жан-жақты білім алып, қаржы әлемінің қыр-сырын меңгеріп шығасыз. Қолыңызға курстан өткеніңіз туралы сертификат та беріледі. Ал екінші формат – онлайн. Бұл — жобаның биылғы жаңалығы. Міне, осы жаңа бастаманың мән-жайын «Қарызсыз қоғам» жобасының аймағымыздағы менторларының бірі Зухра Тұрдиева кеңінен баяндап берді.
Онлайн оқып, қаржылық сауатын арттыруға ниетті жандар qogamfin.kz сайтына тіркелу керек. Бұл ретте айта кететіні, жоба биыл несиелік берешегі 90 күннен асып кеткен азаматтар аудиториясына басымдық береді. Сәйкесінше, осындай критерийге сай келетін жандар сайтқа тіркеліп, білікті мамандардың бейнежазба түріндегі сабақтарын көріп, сауатын ашады. Сайтта екі тілде қаржылық сауаттылыққа оқытатын сабақтар жүктелген. Қазақ тіліндегісін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев жүргізсе, орыс тіліндегі онлайн оқу сабақтарына «Қарызсыз қоғам» жобасының атқарушы директоры Олжас Ордабаев жауапты.
— Сайтта қаржылық сауаттылыққа қатысты ең маңызды тақырыптар қамтылған. Әрқайсысы бірінен бірі асып түседі. Әрбір тақырып өзекті әрі қызықты. Түсінікті тілмен айтылады. Онлайн оқудың бір тиімділігі, оқитын азаматтар өзіне ыңғайлы уақытта тақырыппен танысып, оқи алады. Мұнда 23 тақырыпта бейнесабақтар жүктелген. Мәселен, бірінші сабақта қаржылық жағдайды диагностикалау тақырыбы қаузалса, екіншісінде мамандар несие алар кезінде ескерілуі тиіс пайыздық мөлшерлемеге назар аудартады. Одан кейінгі сабақтарда депозит, қарыз кестесі, қарыз алу кезіндегі психология тақырыптары да қозғалады. Қарызды жабудың тиімді жолдары, омбудсманның функциялары, елімізде жасалатын салықтық жеңілдіктер турасында да біле аласыз. Коллекторлармен қарым-қатынас, жеке
тұлғалардың банкроттығы мәсе-лелері де назарға алынған. Алаяқтардан қорғанудың да жолдарына жеке бір сабақ арналған. Қаржыны басқару үшін қажетті ұзақ мерзімді стратегия құрудың да қыр-сырын үйретеді, — дейді Зухра Махмұтқызы.
Сондай-ақ, ментордың мәлім-деуінше, қарызға бата бермей, қосымша табыс көзін табуға бағыттайтын арнайы бейнесабақ та бар. Бұл тақырыпқа екі сабақ арналған екен. Оның да бекер емесі анық. Яғни, қарызы жоқ қоғамға айналдыру үшін алдымен азаматтарды қосымша табыс көзін іздеуге жетелеудің маңызы зор болып отыр. Ал Мемлекеттік сатып алу веб-порталында тауар жеткізу, қызметтер мен жұмыстар көрсету мүмкіндіктері баяндалатын тағы бір сабақтың онлайн оқушылар үшін орны бөлек болып отыр. Бұл да азаматтарды қосымша табыс табуға бағыттайды. Одан бөлек, өзін-өзі жұмыспен қамтудың мемлекеттік тетіктері түсіндірілетін тақырып тағы бар. Қаржылық тұрақтылық, жұмысқа орналасуда жәрдемдесетін мемлекеттік бағдарла-малардың түрлерін қаржы мамандары кеңінен баяндап берген. Еліміздегі қаржы институттарымен, олардың басты бағыттарымен курсқа қатысушылар кеңінен таныса алады. Сондай-ақ, мемлекеттік жұмыспен қамту қызметтерінің сервистерімен де таныстырады. Бизнес жоспардың не екенін түсіндіріп береді. Enbek.kz, Skills.Enbek, Business.Enbek және басқа порталдар арқылы оқыту мүмкіндіктері айтылатын жеке сабақ таспаға түсірілген.
— Осы 23 тақырыптың әрқай-сысының соңында курстан өтуші азаматтың алған білімі тексеріледі. Яғни, қысқа сұрақтар қойылады. Осылайша, 23-ші сабақты аяқтап, сұраққа жауап берген соң сертификат шығады. Бұл құжатты қатысушылар жүктеп алады. оқығанын растайтын сертификат бар азамат ары қарай заңгермен жұмыс істеп, қаржылық қиындықтарын еңсерудің жолдарын іздестіреді. Тегін заңгерлік көмек алады. Биыл облыста онлайн оқумен 7 мыңнан астам азаматты қамту көзделген, — дейді Зухра Тұрдиева.
Г.МАҒЖАН.