Ұмытпасам, 1974 жыл. Үшінші курстың соңы. Сол кездегі филология факультетінің деканы Задан Жұмағалиев: — Бала, (Задан ағаның шәкірттеріне осылай сөйлейтін әдеті бар еді) сенің дипломдық жұмысың «Сырбайдың лирикасы». Ғылыми жетекшің — ректор Ебіней Бөкетов, — деді. Шыны керек, жүрегім дір ете түсті.
Қатты қобалжыдым. Біз, студенттер білетін Бөкетов — Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі, техника ғылымының докторы, СССР Жазушылар одағының мүшесі, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, химия мен металлургия саласының бірегей маманы, ауаға кетіп жатқан мыс тозаңын қайта сүзіп, тексеріп, селен деген жаңа металл тапқан, жаңалық ашқан қазақтың Менделееві, әлем әдебиетінің өкілдері Эмиль Золя, Шекспир, Пушкин, Маяковскийді қазақ тіліне еркін қотарған ересен аудармашы.
Бір күні кабинетіне шақырды. Есіктен қысыла, имене кірдім. Сәлем бердім. Солдаттарша тік тұрмын. Сонда Ебіней ағамыз не деді дейсіз ғой. – Отыр, батыр, мына жерге, — деп қарсы үстелге жақын орындықты меңзеді. Иә, Жұмағали отыр деген жоқ, отыр батыр деді. Ауылдағы ақсақалдар айтатын «болар елдің жігіттері бірін бірі батыр дер» деген сөзі ойға оралады. Салыстырсақ, ағаның бойы екі метрге жуық алып адам. Нағыз батыр тұрпатты. Ал мен шағын бойлы шапатымын. Бойым көп болса 1 метр 60 см. Бірақ шыныққан спортшы екенім мойын мен иықтан, шымыр қалпымнан білініп тұратын. Бәлкім, ағай соны аңғарды, сұңғыла адам ғой, бәлкім, жұп-жуас болып тұрып, жұлқынып қалатын қимылды аңғарды ма, кім білсін?! Әйтеуір, батыр дегені жаныма жаққаны рас.
Амандықтан соң: — Сырбайдың қандай өлеңдерін жатқа білесің? деді. Ректордың мысы басты ма, Сырағаның дулығалы, дуалы өзім жатқа білетін Задан ағай тапсырма беріп жаттатып жүретін «Түбірлер» «Құлын», «Ақ түн» өлеңдері аузыма түспей, «Он сегізде әскермін» деген жеңілдеу бір өлеңін желпілдете жөнелдім.
Он сегізде әскермін,
Ростовта келемін.
Күздің желі ұшырған,
Жаздың жасыл желегін, — деп бір дем алып, келесі шумағына көшіп жатыр едім, Академик ишара жасап тоқта дегендей болды. —
Сырбайдың мықты өлеңдері көп қой.
Менің жеті балам бар,
Менің жеті арқа тірер асқарым бар.
Менің жеті далам бар,
Менің жеті асқарым бар, —
деп тебірене мәнерлеп жатқа оқыды.
-Ағай, білемін, — деймін.
— Білсең, осындай ойлы, оңды өлеңдерін жатқа айту керек еді ғой, — деп аумақты көзінен нұр төгіле ескерту жасады. Одан әрі менің қай ақын-жазушының кітаптарын оқып жүргенім, әдеби сынға көзқарасым туралы сұрақтар қойылды. Ағаның бұл сұрақтарына мен мүдірген жоқпын. Одан әрі ректорым әр ақынның, жазушының жазу мәнері, ерекшелігі, өзекті ойы болатынына тоқталды. Бір мезет мен білгішсініп, Сырбай ақын жапырақтар туралы, Ұлы отан
соғысы тақырыбын көп жазады деп қоямын…
— Қарағанды қаласында Сырбайдың шығармашылығы туралы кітаптар мен деректер жоқтың қасы. Жуырда дипломдық жұмыс алған оннан аса студентті Алматыға Пушкин атындағы мемлекеттік орталық кітапханаға жібермекшіміз. Қажетті деректерді, әр жылдардағы газет тігінділерін содан табасыңдар. «Жұлдыз» журналында Сәбит Досанов деген жазушы, әдебиет сыншысы бар. Соған жолық. Мына записканы сол ағаңа бер, — деп Ебіней аға бүктелген шағын парақты маған ұстатты. Сыртқа шыққан соң, ағай не жазды екен деп, бүктеуді ашып: — Сәбит, мына жігіт — менің шәкіртім. Сырбай Мәуленов туралы еңбек жазбақшы. Кеңесіңді айт, бағыт бер. Ой сал, — деген жазбаны оқыдым. Таланты таудай академиктің ағалық қамқорлығын сезініп, көңілім көлдей толқыды.
Алматыдан олжалы оралдық. Қалыңдығы бір елі дәптердің ішін алымды, адуынды, алғыр ақын Сырбай Мәуленов туралы жазылған мақалалардың, өлеңдердің керек-ау дегендерін түртіп алып, өзім топшылаған ойлармен толтырдық. Өнер, әдебиет туралы айтқан әлем ойшылдарының еңбектерімен таныстық.
1975 жылдың жаңа оқу жылы басталған қыркүйек айында Ебіней ағаға кіріп, диплом жұмысымның көлемі шамалы 20 беттей алғашқы нұсқасын ұсынып, «Сөз басы», «Сурет пен әуен», «Қиял мен шабыт ұштасқанда», «От оранған жыр», «Тебіреніс арқауы — табиғат», «Сөз соңы» атты алты тараудан тұратынын қысқаша баян еттім.Қараймын, ағай зейін салып тыңдап отыр. Бір сәт салалы саусақтарымен қалың қара шашын саумалап жіберіп, орындығына шалқайды да: — «Сурет пен әуен» мен «Тебіреніс арқауы табиғат» егіз тақырып емес пе? Оның үстіне «қиял мен шабытың» да қайталау болмас па? – деп маған әнтек жымия қарады. – Жоқ, ағай, бұл тарауда мен Сырбай ақынның ерекше табиғи талантына тоқталамын, — деп уәж айтып жатырмын.
Осы кездесуде ағай сол кездегі талапқа сай көлемі кем дегенде 30 беттік дипломдық жұмысты толық жазып әкелуді тапсырды. Бұл тапсырма емес, бұйрық десе болар. Мен солай түсіндім.
1976 жылдың қаңтар айында 39 беттік, қолмен жазылған қолжазбамды ректордың қабылдау бөлмесіне тапсырдым. Менің ол кездегі қолмен жазу мәнерім бүгінгі 14 көлемді шрифт десе болар. Мүлде ұсақ жазатынмын. Бір жұма болды ма, болмады ма, ректордың қабылдау бөлмесінен: «жұмысыңыз тексерілді, алып кетіңіз» деген хабар алдым. Алып-ұшып, алқынып оқу залына кіріп, бірінші бетті аштым. Бірінші беттің төменгі жағында ғылыми жетекшімнің өз қолымен жазған Қоғабаев Жұмағали деп леп белгісі қойылған жазу тұр. Мұны жақсылыққа жорып, келесі беттерді парақтадым. Үшінші бетте «Асау толқын су өрге сүйремес» деген сұрау белгісі тұр. Менің «Өлең өнерін қайтсек Ертістің асау толқынындай өрге сүйрейміз» деген шұбалаңқы сөйлемді меңзепті. Жетінші бетте талант, қабілет туралы К.Маркс пен В.Ленин айтқан сілтемелерге сүйене отыра ғылым, біліммен ұштастыруды ұсыныпты. «Талантты дамыту керек» деген жазба қалдырыпты. Тоғызыншы бетте бір сілтемеге «Екеуі де бірдей айтты ма? деген белгі қойыпты. Он бірінші бетке «Ғабит Мүсіреповтің сөздерін бағалап қайтесің» депті. Жиырма бесінші беттегі «Құлын» деген өлеңге жазған соңғы тұжырым сөйлемді ұнатпай, «Олақ сөйлем. Осы өлеңді әдемілеп талдау керек. Өлеңнің ырғағы ерекше екенін ескерткен жөн» деп ескертіпті. Жиырма сегізінші бетке «Кавычка дегенді ретімен қойып, жалпы грамматика ережелеріне берік болсайшы» деп, менің пунктуация ережелеріне немқұрайды қарайтынымды байыптапты. Өзім керексіз қылып сызып тастаған 34-нші бетке «Басу қажет» десе, 35-нші бетке «Біреуге сүйенбей, сен лириканы өзіңше дәлелде» депті.
Ғылыми жетекшімнің өткір, өнімді талдауынан, елеулі ескертпелерінен соң қолжазбаны тағы қайта толықтырып, қайта қолмен жазып шығуға тура келді. Ол кезде бүгінгідей ноутбук түгілі, қазақша басатын жазу машинкасы некен-саяқ, жоқ десе болады. Толықтырып қолмен жазғанның өзі бір ай уақыт алып, 52 бетке жетті. «Жазған құлда шаршау жоқ» демекші, ұлық ағайдың алдына тағы келдім. Ағай: — Олпы-солпы жерлерін әжептәуір түзетіпсің. Енді машинкаға бастыра беруге болады. Амандық болса, дипломдық жұмысыңды қорғауға қатысамын. Сонда жұмысыңның бағасын
естисің» — деп алдын ала қуантып қойды.
Өкінішке орай, Ебіней Арыстанұлы дипломды қорғау жұмысыма қатыса алмады. Қара теңіздегі Қырым түбегіне демалуға, емделуге жол түсіпті. Дипломдық жұмысым деканатттың шешімімен философия ғылымдарының кандидаты, ұстазымыз Ораз Нұрғалиев ағайға беріліпті. Дипломдық жұмысты қорғау кезінде Ораз аға жоғары баға берді… 1981 жылы осы дипломдық жұмыс негізінде «Қазақстан мектебі» журналына баспаға лайықтап қысқартып, «Сырбайдың сырлы өлеңдері» атты мақала жарияланды.
Заманынан озып туған, жастайынан білім қуған, бойына даналық қонған Ебіней Арыстанұлы «Менен кейін не болатынын білмеймін, бірақ мен еккен дәннің біреуі өз жемісін берсе, мен өзімді бақытты адаммын деп санар едім» деген әулие сөз қалдырыпты. Ұлық ағаның мен білетін бір шәкірті — филолог Ерден Қажыбек ҰҒА-ның академигі, енді бірі — өзіндік жазу мәнері бар жазушы, этнограф Төрехан Майбас, тағы бірі — табиғатты тамылжытып жырлайтын, төкпе лирик ақын, педагог ұстаз Нұрғали Ибрагим. Бұлар — Ебіней аға еккен дән, тұқым, ұрпақ ілім-білім, гуманизм жаршылары,
Жалпы, жетпіс екінші жылдағы бүкіл студенттер қауымы ректор Ебіней Арыстанұлын мақтан тұтты десем, артық айтпаспын. Ректордың қарапайымдылығы, көрегенділігі, көпшілдігі, халықшылдығы, тапқырлығы, қамқорлығы туралы әңгімелер баршылық. Соның бір-екеуін айтайын. Филология факультетінің екінші курсы, орыс тобының студенті Гүлнәр Сәрсенбаева сабаққа кешігіп, асыға басып сол кездегі Гоголь көшесіндегі оқу ғимаратының алдына жақындап қалған екен. Есікке жақындағанда өзін күтіп, есікті ашып тұрған ректор Ебіней Арыстанұлына қарап, ұялған тек тұрмас дегендей: — Сәлеметсіз бе, спасибо!» — деп өте шығыпты. Қыз баланың асығып келе жатқанын көріп, күтіп тұрып, үлкен адамның, ұлы тұлғаның өткізіп жіберуінде үлкен мән-мағына, тәрбие, тағылым, есті ескерту жатқан жоқ па?! Қазір қай ректор осындай қазақы ғибрат, ишарат жасай алар екен?
Енді бірде физика-математика факультетінің студенті (атын ұмыттым, сөз диалектикасына қарағанда оңтүстіктің жігіті), еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер спортшының Ебіней аға туралы айтқан әңгімесін өз құлағыммен естідім. — Қарағандыдағы ең көрікті көшелердің бірі — Бульвар мира. Сол көшемен жайбарақат келе жатыр едім, — деді спортшы, — алдымнан екі аққұлақ кесе-көлденең шыға келіп асылды («тиісті» деп түсіндім). «Ұрыста тұрыс жоқ» дегендей біреуін жақтан ұрдым. Жалп етіп құлады. Милиция да келе қалды. Жақын жерде жүрсе керек. Университетте оқитынымды біліп, оқу орнына шағым түсіріпті. Бір күні университет ректоры Ебіней Бөкетов шақырып жатыр деген хабар келді. Оқиғаның қалай болғанын айтып бердім. Ректор мұқият тыңдады да: — Жігітім, сабырлы бол. Бара бер, — деді. Ал егер Ебіней ағаның орнында басқа бір ректор болса қайтер еді, әрине, «за хулиганство» деп оқудан шығарар еді.
Осы оқиға маған заңғар жазушы, қаныштанушы Медеу Сәрсекенің Ебіней ағаның мектеп оқушысы кезіндегі естелігін еске түсірді. Марьевка орта мектебінің 5-сыныбында оқып жүргенде дене шынықтыру мұғалімі сапта тұрған балаларға: — Орыстар, бір адым алға, қазақтар, екі адым кейін шегініңдер, — деген бұйрық береді. Бұл бұйрықты оқушы бала Ебіней орындамайды. – Неге орындамайсың? – десе, — «Мен — Бағанатыданмын, ал олар ешқашан кері шегінбейді, алға жүреді», — депті. Міне, 11-12 жастағы қаршадай баланың үстемдікке, әділетсіздікке қарсы берген жауабы осындай нық, сенімді болғанын, қиындықты, ұлтқа бөлінушілікті көріп өскенін байқаймыз.
Қарап, аңғарып, байыптап отырсақ, Ебіней Бөкетов тағдыры ұлы ұстазы Қаныш Сәтбаев тағдырымен қатты ұқсас екенін бағамдаймыз. Екеуі де өмір бойы көреалмаушылықтан зардап шекті, қиянат көрді. Бірақ екеуі де қазақ ғылым мен өнерінде, әдебиетте айтып тауыса алмайтын, жазып бітіре алмайтын толағай еңбектерімен ел есінде мәңгі қалды. Ебіней ағамыздың сапасыз көмірден бензин алу ашқанын біреу білсе, біреу білмейді. Кезінде біле тұра, біздің республикада іске асырудан бас тартыпты. Айтып жеткізгісіз қиянат, зорлық. Ебіней ағаның көмірден бензин алу әдісі ағамыз өмірден өткен соң 1984 жылы 24 қаңтарда СССР ҒА-да талқыланған екен. Бөкетовтің өмірден өткенін естіген атақты ғалым Спицин: — Біз онсыз не істейміз, — деп қатты өкініпті. Одан бері 41 жыл өтіпті. Көмірден бензин алу тақырыбы жабулы қазан жабулы қалпында қалғандай. Егер Ебіней ағамыз тірі болғанда, көмірден бензин алу әдісін өмірде іске асырғанда Екібастұз бен Қарағанды ең таза, ең бай қалаларға айналып, бензин тапшылығын көрмей, арзан отынға қарық боларымыз айқын еді. Көкейде көп сұрақ. Өмірдің әттеңменен өтетіні несі? Шерағаң айтқандай, бір кем дүние болатыны несі, кейде әлдіні әлсіз жеңетіні, әзер дегенде, әйтеуір әупіріммен әділдікке қол жеткізетініміз қалай?!
Жұмағали Қоғабай,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, публицист.