Облыс орталығында тұрып жатқан соғыс ардагері Сергей Выжутович те — Жеңіс туын желбірету жолында ерлік танытқан батыр жерлестеріміздің бірі. Небары 18 жасында әскер қатарына алынады. Бірақ, жастығына қарамастан қанды шайқастарда аянып қалмады. Екінші Белорусь майданында 44-гвардиялық дивизияның 133-гвардиялық атқыштар полкі құрамында Польшаға дейін жүріп өтті.
Сергей Николаевич 1926 жылы 20 шілдеде Ресейдің Новосібір облысында дүниеге келген. 1940 жылы отбасымен Қазақстанға Талдықорған жеріне қоныс аударады. Мұнда қант зауытында еңбек етеді. Ал 1944 жылы Алматыда үш айлық оқудан өтеді. Оқу біткен соң Екінші Белорусь майданына жаумен шайқасқа жолданады. Брест қаласына дейін жаяу жүріп өткен. Ал Жеңісті Германияның Росток қаласында қарсы алады.
Ардагердің қызы Людмила Сергеевна әкесі соғыстан кейін де әскер қатарында көп жыл қызмет еткенін айтады. 1946 жылдан бастап Украинаның Чертков қаласында әуемектепте оқиды. 1948 жылы Балтық әскери округінде әскери қызметін жалғастырады. Мұнда 339-шабылдаушы әуе дивизиясының 6-гвардиялық шабуылдаушы әуеполкінде радиомеханик қызметін атқарады.
— Алғашында ұшқыштардың радио-жабдықтары бойынша шебер болдым. Кейін емтихан тапсырып, механик атандым. Мен 12 ұшқышқа қызмет көрсетуім керек болатын. Ұшқыштардың бәрі даңқты. Оларды ұятқа қалдырмау үшін ісіме адал болдым. Өзім жауапты әрбір жабдықты мұқият қадағалайтынмын, — дейді әскери қызметі жайлы ардагер.
1951 жылы әскери қызметін аяқтап Павлодарға келеді. Бір жыл «Октябрь» зауытында еңбек етті. Келесі жылында өмірлік жары, Краснокутск ауданының тумасы Ириада Федоровнамен шаңырақ көтереді. Айта кетейік, Сергей Николаевичтің екі ағасы Александр мен Виктор Выжутовичтер де соғысқа қатысқан. Осылайша, бір шаңырақтан үш ағайынды бейбіт өмір үшін күрескен. Виктор жарақат алып, қанды шайқастан мүгедек боп қайтады. Ал Александр мен Сергей аман-есен оралып, бейбіт күнде ел үшін еңбек еткен. Павлодарда КСРО әскери әуе күшіне ұшқыштарды бастапқы оқыту, даярлау жөнінде жазғы мектеп ұйымдастырылады. Зауытта бір жыл еңбек еткен соң Сергей Николаевич аталмыш мектепке өздігінен ұшатын жабдықтың механик маманы ретінде мерзімінен тыс қызмет етуге шақыртылады. Келісімін беріп, төрт жыл қызметін атқарды. Мұнда олар курстанттарды оқытатын. Мектепті бітіргендер училищеге түседі. Бұл мектепте білім алғандар нұсқаушымен және өздігінен 40 сағат ұшуы керек болған. 1956 жылдың соңына дейін осында абыройлы қызмет атқарады. Осылайша, он жылға жуықтаған әскери қызметін тәмамдап, еңбек жолы басталады. Әр істе табандылық таныта білетін Сергей Николаевич әуе әске-ріндегі қызметін құрылыс саласына алмас-тырады. Павлодар қаласындағы инженерлік коммуника-циялардың құрылысында ардагердің қолтаңбасы бар. Жылу желілері мен су құбырларын тарту ісіне бір кісідей атсалысқан. Себебі, ол 1956 жылдан бастап 1985 жылға дейін, яғни, зейнеткерлікке шыққанға дейін «Трестпромстрой» құрылыс басқармасында жұмыс істеді. Құрылысшы, шебер, бригадир, прораб сынды еңбек сатыларынан өтті. Бұл аралықта үш жыл жұмыстан кейін кешкі мектепте білім алады.
Жары Ириада Федоровнамен екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде жасы ғасырға жуықтаған ардагер шөбере көріп отыр. Кіші қызы Людмиланың қолында тұрады.
— Әкеміз зейнетке шыққаннан кейін де көп жыл еңбектен қол үзбеген. Саяжайда көкөнісін өсіріп, бәрімізді еңбекке баулыды. Әпкем қайтыс болды. Қазір өзім және бір подъезде тұратын ұлым әкеме қарайласамыз. Әкем соғыс жылдарын еске алуды аса ұнатпайды. Біз, ұрпағы, даңқты әкеміздің ерлігін мақтан тұтамыз, — дейді Людмила Сергеевна.
Ардагердің ерлігі ескерусіз қалған жоқ. II дәрежелі «Отан соғысы» орде-німен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және мерейтойлық наградалармен марапатталған. Бейбіт күндегі өңір дамуына қосқан өлшеусіз еңбегі де өз бағасын алды. Құрылыс саласының үздігі атағын иеленді.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Суреттер ардагердің архивінен алынды.