Ел басына күн туған шақта ағаларымыз бен аталарымыз батырлықтың өшпес өнегесін көрсетіп, ұрыстарда ерліктер жасады. Қазақ халқының басына қайғы-қасірет әкелген бұл соғысқа өрімдей жас жігіттер аттанды. Солардың бірі – небары 20 жасында майдан даласына аттанған Арынғалин Құмарбек Арынғалыұлы.
Құмарбек Арынғалыұлы 1922 жылы 15 мамырда Павлодар облысының Май ауданына қарасты Жаңа тұрмыс колхозында қарапайым ауыл шаруасы отбасында дүниеге келген. Балалық шағы да, жастық күндері де қазақ тарихындағы зұлмат замандардың өтінде өтті. Ес білгелі елді жайлаған ашаршылық пен қуғын-сүргіннің лебін сезініп өсті. Ал 1941 жылы Семияр сегізжылдық ауылдық мектебін аяқтап, еңбек жолын да сол өзі туған ауылында бастаған.
1942 жылдың қаңтар айында Май аудандық әскери комиссариаттың шақыруымен Орта Азиялық әскери округінің Солтүстік Қазақстан облы-сындағы Петропавл қаласында орналасқан 44-ші атқыштар полкінің курсанты ретінде әскери қызметке қабылданған. 1942 жылдың қыркүйек айында сол курсты бітіріп, 1945 жылдың мамыр айына дейін Ұлы Отан соғысында 133-ші жекелеген атқыштар бригадасының минамет дивизионының атқышы, Солтүстік-Батыс майданындағы 282-ші атқыштар дивизиясының 874–ші атқыштар полкінің минаметтік ротасы командирінің орынбасары, кейін 1-нші Украин, 1-нші Прибалтика майдандарында 391-ші атқыштар дивизиясының 1024-ші атқыштар полкінің танктерге қарсы қарулар ротасының командирі ретінде қатысқан. 1943 жылы Солтүстік-Батыс майданындағы Калинин облысында орналасқан Вышний Волочек қаласында кіші лейтенанттар курсында дайындықта болып, 1944 жылы 2-нші Балтық маңы майданындағы 1-ші соққы беру әскерлерінің офицерлерді қайта дайындау курсын, ал 1946 жылы Орталық Әскерлері Тобының Баден (Австрия) қаласының жаяу әскерлер офицерлерінің білімін жоғарылату курстарын аяқтаған.
Құмарбек аға соғыс майданында елді сыртқы жаудан қорғаса, бейбіт заманда елдің қауіпсіздігін шетелдің арнайы қызметтерінен қорғау жолында еңбек етті. 1947 жылдың маусым айында мемлекеттік қауіпсіздік органдарына әскери қызметке қабылданып, коменданттың көмекшісі, арнайы комендатураның коменданты, кадрлер аппаратының инспекторы, 8-топтың аға қызметкері, тағы басқа қызметтерді абыроймен атқарған. 1950 жылы Алматы қаласындағы КСРО ІІМ офицерлер мектебін, ал 1955 жылы Мәскеу қаласындағы КСРО Министрлер Кеңесінің жанындағы МҚК 8-ші Бас Басқармасының жоғары мектебін бітірген. Мемлекеттік қауіпсіздік органдарында тәжірибесі толысқан өз ісінің білікті маманы бола білген Құмарбек Арынғалыұлы 37 жылға жуық уақыт аралығында қызмет етіп, 1984 жылы зейнетке шыққан. Отан соғысы жылдары майданда көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен және «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске – 20 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске — 60 жыл» мерейтойлық медальдарымен, «Германиямен болған соғыс-тағы жеңіске — 25 жыл» белгісімен марапатталған. Мемлекеттік қауіпсіздік органдарындағы мінсіз қызметі мен оң нәтижелеріне байланысты 1-ші, 2-ші, 3-ші дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Әскери қызметі үшін», «Әскери ерлігі үшін», «КСРО Қорғаныс министрлігінің ардагері», «ҚР Қарулы күштеріне — 20 жыл» медальдары, басқа да мерейтойлық, ведомстволық марапаттар табысталды.
Еліне адал қызмет еткен Құмарбек Арынғалыұлы зейнетке шыққаннан кейін де ұзақ жыл бойы «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагерлері» респуб-ликалық қоғамдық бірлестігінің Павлодардағы филиалының мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Салауатты өмір қағидасын сақтап, жүгіру, волейбол тағы басқа спорт түрлерімен де айналысып, ақжарқын мінезімен ардагерлердің құрметіне бөленіп, қаламыздың қалаулы азаматына айналды. Өзі дүниеден өткеннен кейін де Павлодар қаласында күштік құрам ұжымдары арасында волейболдан турнир өткізілді. Құмарбек Арынғалыұлы өз отба-сында үлгілі әке болып, тағдырдың талай қиын-қыстау белестерінен бірге өтіп, ынтымақты ғұмыр кешкен өмірлік жары Манзура апамызбен бірге ұлдары — Бақтияр, Мұрат, Қанат және Раушан, Баян атты қыздарын еліміздің лайықты азаматтары етіп тәрбиелеп, өсіріп, немере сүйді.
Еліміздің бүгінгідей жетістікке жету жолындағы Құмарбек Арынғалыұлы сияқты ардагерлеріміздің өлшеусіз ерліктері мен еңбектері, елдің бірлігін бекемдеу жолындағы қызметі мен өскелең ұрпаққа үлгі боларлықтай ұлағатты істері ұмытылмайды.
Райымбек АХМЕТОВ,
отставкадағы полковник, «ҚР ҰҚК органдарының ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысы бойынша филиалының төрағасы,
Павлодар облысының Құрметті азаматы.