Жұмысшы мамандықтар жылына орай биыл ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен елімізде «Мектеп-Колледж» пилоттық жобасы жүзеге аспақ. Сол бойынша жоғары сынып оқушылары орта біліммен қатар, жұмысшы мамандығын меңгеріп, диплом алып шығады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда жаңа жобаны іске қосуға бағытталған дайындық жұмыстары қызу қолға алынуда. Бұл ретте, аймақтағы ахуал қалай? Павлодарлық оқушыларды алда қандай жаңалық күтіп тұр? Осы және өзге де сұрақтарымызға облыстық білім беру басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Қарлығаш Сембекқызы Асаимова жауап береді.
— Қарлығаш Сембекқызы, облысымызда мектеп оқушы-ларын жұмысшы мамандығына баулуға бағытталған пилоттық жоба қашан және қалай жүзеге асады деп жоспарлануда?
— Өндірісті өңіріміз үшін бұл жобаның мән-маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Бүгінде жаңа жобаны сәтті іске асыруға арналған іс-шаралар үздіксіз жалғасуда. Атап айтқанда, ынтымақтастық туралы келісімшарттарға сәйкес жаңа жоба бойынша жұмыс істейтін білім беру мекемелері анықталып, бекітілді. Осылайша, облыс бойынша 50 бейіндік мектеп таңдалып алынып, жұмысшы мамандықтарды даярлаудың 30 бағыты бойынша колледждермен бірлесіп іске кірісетін болады. Қазіргі таңда жұмыс жоспарлары әзірленіп, оқу бағдарламалары пысықталуда. Педагогтар құрамы да айқындалды. Ал техникалық және кәсіптік салаларда еңбек еткісі келетін оқушылар үшін сабақ алдағы жаңа оқу жылында, яғни 2025 жылдың 1 қыркүйегінде басталады деп жоспарлануда. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар толастамайды. Аймақтағы колледждер жұмысшы мамандықтар имиджін арттыруға арналған «Ашық есіктер күні» және басқа да іс-шаралар өткізу кестесін бекітті. Сол бойынша жұмыстар жүргізіле береді.
— Мектеп бітірген түлек жұмысшы мамандығын алып шыққан соң, бірден жұмысқа орналаса ала ма? Яғни, бұл дипломы қаншалықты қуатты?
— Әрине, жұмысшы мамандығы бойынша білім алып, ары қарай осы салада еңбек еткісі келетін жастарға әрдайым жол ашық. Әсіресе, Павлодар өңірінде өндіріс орындары көп болғандықтан, біздің түлектеріміздің екі қолға бір күрек табуына мүмкіндік мол. Мәселен, жыл сайын павлодарлық колледж студенттерінің 75 пайыздан астамы аймақтағы кәсіпорындарға жұмысқа орналасады, ал қалғандары жоғары білім алу үшін университеттер мен институттарға оқуға түсіп кетеді. Кейбір студенттер әлеуметтік салаларға ауысып жатады. Таңдауға да, талғамға шектеу жоқ. Десе де, жыл сайын кәсіптік-техникалық колледждерге түсетін жастар саны артуда. Айталық, ағымдағы жылы облыс колледждерінде 6797 түлек, оның ішінде 1230 жас жұмысшы мамандықтары бойынша даярланауда. Бұл дегеніміз – түлектер заман талыбына сай сұранысқа ие мамандықтарды таңдап, келешекте де кедергісіз жұмысқа орналасу керектігін түсінуде деп ойлаймын.
— Сіздің ойыңызша, бұл пилоттық жоба не береді және қандай нәтиже күтілуде?
— Жаңа жоба арқылы оқушылар ерте кәсіби бағдарлаудан өтіп, мамандық таңдау мүмкіндігіне ие болады. Аталмыш жоба аясында аймақ мектептерінде ашылатын 50 профильді сыныпта түрлі бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі. Сондықтан бұл сабақтарға қатысқан шәкірттер болашақ мамандығын қателеспей таңдап, дұрыс қадам жасайды деген үміттемін. Жұмысшы мамандықтарын меңгеріп шығатын оқушыларға теориялық біліммен қатар, кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп, жұмыс барысын өз көздерімен көріп, іске араласуына барынша жағдай жасалады. Бір сөзбен айтқанда, шәкірттер мектеп қабырғасында жүріп-ақ нағыз маман атана алады.
Осылайша, олар мектеп аттес-татын алмай жатып-ақ біліктілік туралы дипломға қол жеткізіп, дайын маман болып шығады десек те болады. Жасыратыны жоқ, кейбір балалар 11-сынып бітіргеннен кейін оқуға түсе алмай қалып жатады. Өмірде түрлі жағдайлар болады ғой. Егер оқушылар осындай кедергіге тап болып жатса, жаңа жобаға қатысушылар ештеңеден де ұтылмай, толыққанды маман ретінде кез келген жұмыс орнына барып еңбек ете алады. Нәтижесінде, елімізде жұмыссыз жүрген жастар қатары азаяды. Ал жұмысқа орналасқан ұл-қыздар ешкімге бағынышты болмай, өздерінің қаржылық жағдайын түзетіп, адал еңбектің арқасында жақсы да жайлы өмір сүру мүмкіндігін иелене алады.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.