«Халықтың қасиетін жанмен ұққан…»

Сәу 24, 2025

Ертіс ауданында Иса Байзақовтың 125 жылдық мерейтойына қарсы бірқатар игі іс қолға алынған. Соның бірі һәм бірегейі ретінде ақын өмірі мен әдеби мұрасына арналған кітапты атап өтуге болады. «Халықтың қасиетін жанмен ұққан» деп аталатын жаңа туынды ағымдағы жылдың соңына дейін жарық көреді дейді құрастырушылар.

Иса Байзақов туралы алғаш зерттеп, есімін халқымен қауыштырғандардың бірі — ақын, журналист, өлкетанушы Мүбәрак Жаманбалинов екені көпке мәлім. Ал одан кейін белгілі ақын Қабек Сағитов көп еңбек сіңірді. Қабек ақынның әкесі Сағит кезінде Исамен бірге көп жүрген және талай айтысқан кісі екен. Қабек ақын сол әкесінен естігендерін жазып жүрсе керек, соңына көп тың дерек қалдырыпты.  Ал бүгінгі күні осы бағытта тынбай еңбек етіп жүргендердің қатарында ауыл тұрғыны Тұрсын Жақыпова бар. Жоғарыда аталған кітаптың құрастырушысы — осы кісі. Кітап мұқабасына «Халықтың қасиетін жанмен ұққан» деп айдар тағуының өзіндік тарихи сыры бар.

— Иса Байзақов дүниеден өтер алдында замандасы Жақан Сыздықов көңілін сұрай барыпты. Сонда Иса замандасына қарап: «Түбінде мен туралы кітап жазар болсаң атауын «Халықтың қасиетін жанмен ұққан» деп қойшы» деген екен. Міне, сол өсиетін біз орындап отырмыз. Иса туралы бұған дейін де бірталай кітап шықты ғой. Ал осы жолы тек жерлестерінің айтуы бойынша, яғни халықтың көзімен жазуды жөн көрдік. Себебі, бір Үлгілінің өзінде Иса туралы айтушылардың қатары көп. Соның барлығын қамтитын боламыз, —
дейді Тұрсын Әділханқызы.

Сонымен қатар, ақын Самат Мәненов бастаған бір топ азамат түскен материалдарды іріктіп, сұрыптап, баспаға дайындап жатыр. Ал кітаптың авторы — халық. Яғни, кітапқа тек жерлестерінің көрген-білгені, естерінде қалған естеліктері ғана жинақталуда.

—  Бұл кітаптың басқаларынан ерекшелігі — бұрын ешбір жерде басылмаған мақалалар шығады. Мысалы үшін айтар болсам, кезінде мұғалім одан кейін журналист болған Мұхаметқали Халиоллин деген кісінің екі мақаласын таптық. Ол кісі Ертістегі №2 қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген, сосын аудандық «Ертіс нұры» газетінде журналист болып істеген. Ол бала кезінде Исаны екі рет көрген екен. Айтуынша, соғыс жылдарында кішкентай балалармен бірге қырманда жұмыс істейді ғой. Сол кезде ақын егіс алаңына келіп, жұмысшы балалармен кездесіп, үгіт-насихат жүргізеді екен. Міне, осы секілді бұрын оқылмаған мақалалар көптеп кездесіп жатыр, — дейді кітап редакторы Самат Мәненов.

Кітап бірнеше тараудан тұрады. Бірінші тарауы ақын туралы естеліктер болса, екінші тарауы туыстары мен ұрпақтары жайлы жинақталуда. Үшінші тарауды жалпы Үлгілінің дарынды тұлғаларына арнапты. Төртінші тарауда Үлгілінің Ұлы Жеңіске қосқан үлесін көрсетуге тырыстық дейді авторлар. Оның ішінде Исаның майдан жолындағы атқарған жұмыстары да бар. Мысал үшін айтсақ, Иса Байзақов ел аралап, концерт қояды екен де одан түскен қаражатты майдандағы сарбаздардың керегіне жолдайды екен. Осылай соғыс біткенше жалғастырып тұрыпты.

Исаның ғажайып әлеміне саяхат жасау — қазақтың халық өнерін зерттеу деп түсінген жөн. Себебі, ол — ақын, әнші, актер әрі жазушы. Бір сөзбен айтқанда, бір өзі бір театрдың жүгін арқалап жүрген.

Тілеуберді САХАБА.