Иса Байзақовтың дәл мұндай хас талантты болуына үш құбылыс әсер еткен болар деп топшылайды жерлестері. Атап айтсақ, біріншіден — әкенің қанымен, екінші – ананың ақ сүтімен және үшінші — туған жердің топырағымен дарыған болса керек. Себебі, оның айналасындағы адамдардың барлығы зиялы әрі өнер-білімге құштар болған.
Ертіс ауданы Үлгілі ауылындағы мектеп музейінде ақынның өмірі мен шығарма-шылық мұрасынан бөлек әке-шешесі мен ұрпақтары туралы да мәлімттер көп сақталған. Иса Байзақов 1900 жылы Үлгілі ауылының жанында Жабысқан деген шағын елді мекенде туған. Әкесі Байзақ пен анасы Ғазизаның шаңырағында 18-ші перзент болып өмірге келіпті. Анасы негізі 21 құрсақ көтерген адам екен. Исаның әкесі де, шешесі де өнерлі адамдар болған дейді. Оның сыртында нағашыларының арасында да сөзге жүйрік, тілге шешен, әнге құмар адамдар болыпты. Міне, осындай текті отбасында дүниеге келіп, мәдениетті ортада құндақталып өсуі де оның ұлы адам болып қалыптасуына әсер еткен.
— Оған мұндай ерекше қасиет әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен дарыған деуімізге нақты себеп бар. Әкесі Байзақ ескіше хат таныған, жасында ән салып, өлең шығарған сауыққой кісі болыпты. Анасы Ғазиза да өнерге жақын, әнді тамаша орындайтын адам екен. Сонымен қатар, оны әлдилеп ақ бесікке салған Үлгілі ауылы да — қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, адамдары өнерлі, топырағы құнарлы жер. Туған жердің киесі дегеніміз осы. Исаның есімі небәрі 10 жасында ел аузына ілініп, атағы шығып, «ақын Иса»,«әнші Иса» атана бастайды, — дейді Нәйла Байжанқызы.
Иса ата-анасынан ерте жетім қалған. Анасы дүниеден өткеннен кейін нағашы жұртында тәрбиеленіп өсіп,
үлкен азамат болды. Рахмет есімді нағашы ағасы домбыра тартуды үйретеді. Өнер жолындағы алғашқы қадамдарының бірі осы нағашылар жағында басталған дейді ақын өмірін зерттеушілер.
Ал жұбайы Шәрбану — қазақ театрының алғашқы қарлығаштарының бірі, кәсіби актриса. Екеуі бірге Қызылорда қаласында жаңа ашылған қазақ драма театрының тұсауын кесіп, ары қарай да бірге жұмыс істеген. 1926 жылы Қ.Кемеңгеровтің «Алтын сақина» пьесасын алғаш сахнаға алып шыққан осы Иса мен Шәрбану екен. Олар басты рөлді сомдап, көрермен көзайымына бөленді. Сонымен қатар, Мұхтар Әуезовтің «Бәйбіше-тоқал» және «Еңлік-Кебек» пьесаларында ойнаған. Аталған спектакльдердің барлығының басты рөлдерін алып отырған. Осылай өмірінің соңына дейін өнер жолында бірге жүрген.
Иса мен Шәрбанудың шаңырағында бір ұл, бір қыз дүниеге келіп, олар да оқу оқып, өнер-білім жолына түскен. Ұлының есімі — Ертіс, қызы — Мағфуза. Ертіс тарих ғылымдарының докторы болса, қызы — кәсіби актриса. Ұлы Ертістің екі қызы бар, олар бүгінгі күні Алматыда тұрады.
Тілеуберді САХАБА, Ертіс ауданы.