Үміт үзілмейді

Мам 2, 2025
Cropped of senior handicapped man sitting in wheelchair taken care of in hospital

Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта облысымызда жарымжан жандардың жайлы өмір сүруі үшін жан-жақты көмек көрсетілуде. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік мекемелердің қызметін үйлестіру бөлімінің басшысы Жанат Қасымовтың айтуынша, бүгінгі таңда өңірімізде мүгедектігі бар 29,4 мыңнан астам адам тұрады. Оның ішінде І топта – 4 182, ІІ топта – 11 234, ІІІ топта – 10 075 адам және 18 жасқа дейінгі 3 917 бала бар. Олардың өзгелермен тең өмір сүріп, жұмыс істеп, білім алып, қоғам өміріне еркін араласуы үшін мемлекет тарапынан қолдау шаралары үздіксіз көрсетілуде.

— Аймағымыздағы мүгедектігі бар адамдар техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етілуде. Биыл бұл мақсатқа қазынадан 3,2 млрд теңге қаржы қарастырылған. Мүгедектігі бар азаматтар мен балалар жеке абилитация және оңалту бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылған сауықтыру шараларымен, оңалту құралдарымен қамтамасыз етіледі. Мәселен, осы жылдың сәуір айына дейін протездік-ортопедиялық көмек – 32,2%, сурдологиялық көмек – 58,3%, тифлотехникалық құралдар – 51,7%, арнайы қозғалыс құралдары – 52,9%, міндетті гигиеналық құралдар – 83,2%, жеке көмекшінің қызметтері – 98,7% және ымдау тілі маманының қызметтері 93,6% көрсетілді, —
дейді Жанат Қасымов. Оның айтуынша, мемлекеттік мереке кездерінде жарымжан жандарға жергілікті әкімдіктер тарапынан да әлеуметтік көмек берілуде. Мысалы, 30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституция күні қарсаңында 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларына 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), колледж- дерде ақылы негізде оқитын мүгедектігі бар студенттерге 30, ал жоғары оқу орнында ақылы білім алатындарға 60 АЕК қаржылай қолдау көрсетілуде. Сондай-ақ, жарымжан жандарды сауықтыру, жарыстарға дайындау және коммуналдық шығындар үшін бірреттік төлемдер төленуде. Бұдан бөлек, Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы мүгедектігі бар азаматтардың жүріп-тұруы үшін инватакси қызмет көрсетеді.

Облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Осы жылдың басынан бері 576 мүгедектігі бар адам, оның ішінде 203 бала оңалтудан өтті. Ал 1 мыңнан астам жарымжан жан арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін стационарлық үлгідегі орталықтарда тұрса, 842 мүгедектігі бар адам үйде әлеуметтік көмек көрсету шараларымен қамтылған.

Атап өтерлігі, аймағымызда әлеуметтік кодекс шеңберінде мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша да бірқатар іс-шаралар қолға алынуда.

— Жұмыссыздарға және өз бетінше жұмыс іздеп жүрген адамдарды еңбекпен қамту мақсатында ай сайын бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп тұрады. Ағымдағы жылдың басынан бері облыстағы Мансап орталықтарына жұмыс іздеп келген 537 мүгедектігі бар азаматтың 228-і еңбекпен қамтылды. Олардың қатарындағы 26 адам тұрақты жұмыс орындарына, 155 адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналасты. Сондай-ақ, 3 кісі әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтылды, 2 жас маман «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы жұмысқа қабылданды, 138 азамат қоғамдық жұмыстарға тартылды және 11 адам «Күміс жас» жобасы бойынша еңбек етуде, — дейді бөлім басшысы. Оның сөзінше, 47 мүмкіндігі шектеулі адам «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқумен қамтылып, 1 азамат қысқа мерзімді курсқа жіберілген.

Өңірімізде жарымжан жандар үшін жұмыс орындарын құру мәселесіне де мән берілуде. Осы мақсатта биыл Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында мүгедектігі бар адамдар үшін 13 арнайы жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бұл бағыттағы шараларға бюджеттен 15,3 млн теңге және жұмысшылардың жалақысын субсидиялау үшін 30,9 млн теңге көлемінде қаражат та бөлінген. Сонымен қатар, облысымызда осы жылы мүгедектігі бар жандар үшін 177 кәсіпорын мен ұйымда 604 жұмыс орнына квота белгіленген. Бастысы, денсаулығында кемістігі бар азаматтардың барлығы мүмкіндігінше әлеуметтік көмектен шет қалмайды, дейді басқарма мамандары.

Демек, мемлекеттен қолдау күткен жарымжан жандардың үміті үзілмейді деген сөз.

Нұржайна ШОДЫР.