Халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде тағы да жаңа реформалар жасалуда. Бұл жаңашылдықтар қазақстандықтар үшін қаншалықты тиімді? Жалпы, алдағы уақытта аталған салада қандай өзгерістер орын алмақ? Соңғы жаңалықтарға зер салып көрейік.
Жаңа тәртіп енгізіледі
Бұдан былай қазақстандықтар атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) жаңа тәртіппен алуы мүмкін. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің айтуынша, бұл өзгеріс Мемлекет басшысының көмекке мұқтаж жандардың жиынтық кірісі мен шығысын айқындауды ескере отырып, халыққа әлеуметтік көмек көрсету тетігін жетілдіру жөнінде берген тапсырмасын орындау мақсатында енгізілуде. Жақында жаңа бұйрық жобасы жасалып, қоғамдық талқылауға ұсынылды. Сол бойынша атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер азаматтар мемлекетке шығыс операцияларын, яғни банк шоты, банк алдындағы қарызы, шағын несиесі, жинақ салымы мен депозиттегі қаражаты туралы мәліметтерді толық ұсынуы тиіс.
— Басты мақсат — көмекке нақты мұқтаж азаматтарға жиынтық кірісі мен шығысын айқындап, әлеуметтік қолдау көрсету. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тетігіндегі өзгерістер көмекке шын мәнінде мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларға мемлекет тарапынан нысаналы қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — делінген министрлік ақпаратында. Сонымен қатар, мамандар атаулы әлеуметтік көмекті жаңа тәртіппен тағайындау мемлекеттік қолдаудың ашықтығын қамтамасыз ететінін алға тартуда.
Аталмыш құжат жобасы көпшілік тарапынан қолдау тапса, биыл жаңа тәртіп енгізіледі деп жоспарлануда.
Айта кетерлігі, ағымдағы жылы да атаулы әлеуметтік көмек алу талабы өзгерген болатын. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, осы жылы АӘК тағайындау үшін кедейлік шегі халықтың орташа табысына байланысты есептелген. Ал кедейлік шегі орташа табыстың 35 пайызы деңгейінде, бірақ қолданыстағы деңгейден төмен емес, яғни өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы көлемінде айқындалған. Сондай-ақ, учаскелік комиссиялардың жұмысы күшейтіліп, қызметін цифрландыру ісі жүзеге асқан. Бұрын олар құжатқа қарап тексеретін болса, бүгінде көмекке мұқтаж жандардың үйіне барып, отбасының материалдық жағдайын көзбен көріп, мобильдік қосымша арқылы бірден шешім шығаратынын айта кеткен жөн.
Қолдау тетігі қосылады
Елімізде көмекке мұқтаж отбасыларын қолдау тетігі іске қосылмақ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, бұл жаңашылдық арқылы қиындыққа тап болған жандар тиісті көмекке қол жеткізе алады.
— Қазіргі таңда әлеуметтік бюджетті бөлудің категориялық жүйесі өте тиімсіз екенін көріп отырмыз. Мұндай жағдайда көмекті нақты мұқтаж адамдарға беру керек. Мемлекет басшысы нақты тапсырма берген еді. Бүгінде цифрлық шешімдерді пайдалана отырып, біз шынымен мұқтаж адамдарға төлемдерді қамтамасыз еттік. Барлығын қамту үшін Отбасын қолдау орталықтарының күші мен ресурстарын пайдалануды жоспарлап отырмыз, — деді С.Жақыпова. Оның айтуынша, еліміз бойынша 100-ден астам осындай орталық құрылған. Министрлік осы орталықтар үшін әлеуметтік қызмет көрсетудің интеграцияланған моделінің стандартын әзірледі. Бұл модель барлық мемлекеттік органдардың бір цифрлық платформада тікелей өзара іс-қимылын қамтиды.
— Бұрын олар хат жазып, қандай да бір көмек сұрауға өтініш беріп жүрген. Енді қазір бір батырманы басып, отбасына қандай нақты қызмет қажет екендігі туралы ақпарат алуға болады. Осы қанатқақты жобаны еліміздің барлық өңірінде іске қосамыз. Қиын өмірлік жағдайдағы отбасын қолдау үшін Цифрлық даму министрлігімен бірге цифрлық картада жасанды интеллект тетігін енгіземіз. Бұл өз кезегінде адами факторсыз отбасының қиын өмірлік жағдайдан шығуының жеке жоспарын әзірлейді, — деді министр.
Демек, алдағы уақытта қиындыққа тап болған қазақстандықтарды қолдауға басымдық берілмек.
Мерзімсіз белгіленеді
Бұрын зейнет жасындағы адамдардың мүгедектікке шығуы түрлі кедергілер туғызатын. Енді зейнеткерлерге мүгедектік тобы сырқатының жағдайына байланысты мерзімсіз белгіленбек. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты қорғау министрлігі түсініктеме берді.
— Қазақстанда мүгедектік топ 18 жасқа толған азаматтарға қалпына келмейтін анатомиялық кемістіктер тізіміне енгізілген 59 нозологиялық нысан бойынша мерзімсіз белгіленеді. Сондай-ақ, организм функцияларының тұрақты қалпына келмейтін өзгерістер мен бұзылулар болған, толық көлемде жүргізілген оңалту іс-шаралары тиімсіз, мүгедектік тобы тұрақты болған кезде және бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды кемінде 4 жыл, екінші топтағы мүгедектігі бар адамды кемінде 5 жыл және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамды кемінде 6 жыл динамикалық қадағалаған кезде белгіленеді. Одан басқа, зейнет жасындағы адамдарға 16 болжамы қолайсыз болған кезде, мүгедектік топ мерзімсіз белгіленеді, — деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің бас сарапшысы Жасұлан Үлмесеков.
Айта кетерлігі, биыл еліміз бойынша мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 211 мыңнан астам қызмет алған.
Нұржайна ШОДЫР.