Таяуда С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және майдангер жазушы Қалмұқан Исабаевтың 100 жылдығына орай қан майданға қатысқан жерлестеріміз туралы көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Кеңес Одағының батыры Серікбай Мүткеновтің өмір жолына арналған кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Алдымен соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен майдангер жерлестеріміз туралы ауқымды көрме ұйымдастырылды. Көрмеде Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейі қызметкерлерінің ғылыми-өлкетану экспедицияларының нәтижесінде табылған жәдігерлер таныстырылды. Атап айтқанда, майдангер жазушы Қалмұқан Исабаевтың Германия жеріндегі концлагерьден өз қолымен салған суреттері, жазушы Дихан Әбілов, ақын Мұзафар Әлімбаевтың соғыс жылдары жарық көрген шығармалары мен қолжазбалары, фотосуреттері, Кеңес Одағының батыры Серікбай Мүткеновтің 2008 жылы Украинадан арнайы әкелінген жауынгерлік каскасы мен 45 мм-лік зеңбіректің гильзасы қойылды. Одан бөлек, Орхан Дүрманов, Бағау Нокин, Құлмағанбет Қабылкенов секілді майдангерлердің жеке заттары бар.
Аталған жәдігерлердің қатарында кезінде «Қызыл Ту» (қазіргі облыстық «Saryarqa samaly») газетінде әдеби қызметкер болып еңбек еткен Ғалымжан Мақашевтің де заттары көрмеге қойылды. Оларды жауынгердің ұлы Мейрам Мақашев музей қорына тапсырған.
— Әкем 1923 жылы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Соғысқа дейін педучилищені аяқтайды. Қан майданға 1941 жылдың желтоқсанында шақырылған. 7-нші гвардиялық жеке ауыр танк бригадасы құрамында 104-інші гвардиялық ауыр танк полкі барлау взводы командирінің көмекшісі, автоматшылардың моторландырылған батальоны танкке қарсы қарулар бөлімшесінің командирі, автоматшылар бөлімшесінің командирі ретінде (Волховск, Карельск, Ленинград, 1-ші Белоруссия, 3-ші Балтық бойы майдандары) шайқасқан. Польшаны, Норвегияны, Финляндияны, Германияны азат етуге қатысқан. Германияның Берлин қаласындағы соғыста үшінші мәрте жараланады. Жарақаты ауыр болғандықтан біраз уақыт Светлов госпиталінде ем алады. Кейін соғыс аяқталған соң елге оралады. Павлодар облыстық баспаханасының бастығы, Павлодар облыстық «Қызыл Ту» газеті редакциясының әдеби қызметкері, кеңшарлар мен ақпарат бөлімінің меңгерушісі болды.
Әкем қан майдан туралы көп айта бермейтін. Тек «Бұл сұм соғыс сендерге келмесін. Мұндай соғысты көрмеңдер. Өте ауыр соғыс болды», — деп қана отыратын. Құжаттарын аса сақтықпен сақтап отыратын, —
деп еске алады ұлы. Аталмыш шара Кеңес Одағының батыры Серікбай Мүткеновтің өміріне арналған «Ерлік пен естелік» атты кітаптың тұсаукесер рәсімімен жалғасты. Еңбектің авторы – Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінің қызметкері, жас зерттеуші Абзал Рымбек.
— Аталмыш еңбекте Серікбай Мүткеновтің өмірдерегіне қатысты тың деректер және туысқандарының естеліктері ұсынылған. Деректер облыстық мемлекеттік архивтен жинақталды. Жалпы, майдангердің өмірін 30 жыл бойы белгілі журналист Нәби Әбдірахманов зерттеген. Алайда ол кезең Кеңес Үкіметімен сәйкес келгендіктен кей деректерді ашық жаза алмады. Ал бүгінде барлық ақпаратты қаз-қалпында бере алдық деп ойлаймын.
Оған батыр атағы 1944 жылы ақпан айында берілді. Егер бұған дейін Резинодағы ерлігі ескерілсе, екінші мәрте Кеңес Одағының батыры атағын алар еді, — дейді кітаптың авторы.
Шара барысында кітаптың тұсауы кесіліп, майдангер жазушы Қалмұқан Исабаевтың 100 жылдығына орай мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған «Ұранды елдің ұрпағы қайсар» атты облыстық эссе байқауының нәтижесі жарияланып, жүлдегерлер дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Айдана БОРАНБАЕВА.