— Халел Хайруллаұлы, біраз жылдан бері соғысқа қатысқан, қаза тапқан павлодарлықтарды түгендеп, есімдерін кітапқа енгізу бағы-тында еңбек етіп жүргеніңізді білеміз. Бұл маңызды істі бастауға не түрткі болды?
— Алғаш рет елімізде әскери мобилизация, соғыстың тікелей және жанама шығындары туралы мәліметтері жалпыланған статистикалық деректер 1995 жылы «Боздақтар» атты естелік кітабына енді. Осы кезден бастап тарихи ғылым, ресми ақпарат көздері аталған басылымдағы статистикалық мәліметтерді пайдалана бастады. Дәл осы кітап біздің өңірімізде де қолға алынды. Бекболат Хазыров бастаған, Сергей Шевченко, әріптесіміз Вера Болтина есімді жерлестеріміз бастап берді. Бүкіл ардагерлер кеңесі, пионер, жастар ұйымдары атсалысып, үй-үйді аралап, дерек, құжаттар іздестірді. Белсенділер жинаған қаншама материалды мемлекеттік архив пен облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі жалпылап, басын құрастырды. Сөйтіп, 1995-1997 жыл аралығында үш кітап жарық көрді. Оған ұрыс даласында қаза болған, хабарсыз кеткен
22 мыңнан астам павлодарлықтың есімі кірді.
Міне, осы кітаптар 2009 жылы бұл жұмыстарды біздің жалғастыруымызға негіз болды. Қаза болған, із-түзсіз кеткен жерлестеріміздің есімдерін қалпына келтіруге бағытталған архивтік-іздестіру жұмыстарын ұйымдастыруды қолға алдық. Бұл кезде облыстың архив құжаттамасы басқармасында басшы едім. Содан жаумен шайқаста қаза болған жерлестеріміздің ерлігін ұлықтап, ұрпағы әкесінің, атасының ерлігін біліп жүрсін деген ниеттен осы идея туды. Сонымен қатар, соғыста жеңіске жетіп, туған өлкесіне аман оралған жерлестеріміздің де есімдерін ескерусіз қалдырмай, бір кітапқа топтастыруды жөн санадық. Нәтижесінде, «Жеңімпаздар» атты жоба дүниеге келді. Осы екі жобамызға сол кездегі облыс басшысы Бақытжан Сағынтаев жан-жақты қолдау көрсетті.
— Қос жобаға ақпарат, дерек іздеу қалай жүзеге асты? Ауқымды жұмысты неден бастадыңыздар?
— Алдымен, Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігіне қарасты «Мемориал» деректер базасына жүгіндік. Бұл базамен тұрақты түрде жұмыс жүргізілді. Миллиондаған жауынгерлер ішінен жерлестерімізді іздестірдік. Нәтижесінде құпиясыздандырылған әскери құжаттар негізінде 1351 павлодарлық туралы мәліметтер нақтыланды, толықтырылды.
Одан соң екінші бағыт — шетелдік архивтермен жұмысқа мән бердік. Облыс басшылығына шетелдік іссапарларға шығу жөнінде ұсынысымызды білдірдік. Рұқсат алып, қолдау таптық. Алғашқы іссапар Ресейдің Подольск қаласына болды. Сол кездегі орынбасарым Ханшайым Мақажанова бастаған тәжірибелі архившілер РФ Қорғаныс министрлігінің орталық архивінде нәтижелі еңбек етті. Архив басшылығы жан-жақты көмек көрсетті. Іздестіру жұмыстарының нәтижесі таңқалдырды. Әріптесте-ріміз бұл сапардан түпнұсқа түріндегі әскери құжаттардың 2 мыңнан астам көшірмесін әкелді. Мұнда Қорғаныс министрлерінің 22 павлодар-
лық Кеңес Одағының батыры, 8 жерлесіміз «Даңқ» орденінің иегері ретінде наградталғаны туралы барлық жарлықтары, бұйрықта-рының көшірмесі болды. Сонымен қатар, 314-атқыштар дивизиясының құжаттары анықталды. Бұл дивизия Петропавлда жасақ-талғанымен, оның құрамының 70 пайызы – павлодарлықтар. Олар Ленинградты қорғап, жауға қарсы шайқасып, ерлік танытқан еді.
Мұнымен шектелмеуді жөн көрдік. Қарағандылық әріптесім тағы деректерді соғысқа қатысқан еуропалық елдерден де іздестіру қажеттігі жайында ой салды. Сөйтіп, келесі іссапар Финляндия еліне ұйымдастырылды. Бұл елдің ұлттық архивімен байланысқа шығып едік, басшылығы жылы қабақ танытты. Архившілеріміз бұл елде 90 мыңнан астам құжатты ақтарып шықты. Аталған елде соғыс кезінде тұтқындарды ұстайтын лагерьлер орналастырылған екен. Онда кеңес-фин соғысында түскендер отырған. Архившілеріміз құр қайтқан жоқ. 51 павлодарлықтың құжатын тапты. Олар бізде із-түзсіз жоғалғандар санатында деп саналатын. Олардың кейінгі тағдыры беймәлім. Финляндиялық әріптестеріміз олар босатылып, пойызбен жіберілгенін айтады. Сібірге жөнелтілгенін айтқан екен.
Белоруссияның ұлттық архивіне барып, 1 млн партизанның карточкасын қарап шықтық. Олардың ішінен 19 қазақстандық анықталды, 9-ы павлодарлық болды. Олар тұтқындалғаннан кейін осы партизандық жасақтарға түскен көрінеді. Соғыс тақырыбын бір кісідей білетін әріптесім Бекмұхамед Ислям Украинаға барып, Харьков мемлекеттік университетінде құжаттармен танысып келді. Мұнда қазақстандық 100-ші және 101-ші дивизиялардың құжаттары сақтаулы еді. Олар Харьков «қазандығында» ерлікпен қаза болған. Сондағы маңызды құжаттарды тереңінен зерделеп, құнды кітап алып келді. Кітапта барлық тұтқындардың тізімі бар. Кейін оларды жаппай атып тастаған екен. Осылайша, қос жобамыздың ең басты дереккөздері осы шетелдік іссапарлар болды.
Тағы бір бағытымызға келсек, архивтік-іздестіру жұмыстарының географиясын кеңейтуге көштік. Германиядағы «Саксон мемориалы» қоғамдық ұйымы. Мұнда екінші дүниежүзілік соғыстың салдары қамтылған. Тұтқындар лагерінде қаза болған барлық кеңес әскерлерінің тізімі түзілген екен. Тізімде 6 мың қазақстандық болды. Көпшілігіңіз білетін боларсыздар, Германиядағы Қазақстан елшілігі ұйыммен бірлесіп, «Арманда кеткен боздақтар» кітабын шығарды. Сол кітапты алғыздық. Онда да павлодарлықтар табылды.
— Ұрпақ үшін бабаларының ерлігін ұлықтау жолында ауқымды жұмыс атқардыңыздар. Іздестіру жұмыс-тарының нәтижесі көптомдық «Боздақтар» кітабына арқау болған екен ғой…
— Тапқан деректеріміз, жерлес-теріміз жайлы ақпарат «Боздақтар» кітабының 2014 жылы жарық көрген төртінші томына енді. Одан кейін 5-ші, 6-шы томдарын 2017 және 2019 жылдары шығардық. Мұнда да шетелдік дереккөздері қолданылды. Мәселен, мәскеулік белсенді Г.Смирнова қаза болған 21 мың жауынгердің тізімін жинапты. Сол тізімді сұратып, ішінен павлодарлықтарды таптық. Әріптесіміз Б.Ислям Карелия аумағында жерленгендер тізімін зерделеді. Бұл тізімнен 51 жерлесіміздің есімі шықты. Кейін Ресей билігі әскери кезең-дегі құжаттарды құпиясыздандыру туралы жарлық шығарды. Әрине, бәрін ашпаса да, біразы қолжетімді болды. Жалпы, біз 6 мыңнан астам павлодарлықты таптық. Сөйтіп, 1997 жылы аймағымызда қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалғандар саны 22 мың адам болса, біздің анықтағанымызбен 28 мың адамға жетті.
— Жасыратыны жоқ, қоғамда кейбір азаматтар өткенді қазбалаудың қажеті жоқ деп санайды. Осы ұста-нымға не айтар едіңіз?
— Майданнан оралмағандарды, жаумен шайқаста қаза болғандарды түгендемеу – тарихқа сын. Біз бен сіздің адамгершілігімізге сын. Жылы жауып қоя салсақ, адам өмірі көк тиын болғаны емес пе?! Сондықтан, ескерусіз қалдыруға болмайды. Олар бейбіт өмір үшін күресті. Әрине, кейбіреулері Жеңіс күні емес, еске алу күні деп атаған жөн деп те жүр. Қалай дегенмен, ерлік танытқан жерлестерімізді ұмытуға хақымыз жоқ. Осыдан 6-7 жыл бұрын «еуроньюсте» бір жаңалық жарияланыпты. Онда «Жаңа Зеландия елі бірінші дүниежүзілік соғысты аяқтады» деп жазылған. Неге? Себебі, олар сол күні бұл соғысқа қатысқан, өзге елдің аумағында қалған соңғы әскерінің денесін шығарып, еліне жеткізіпті. Жапондық-тарды алайық, олар Қарағандыда болған тұтқындарының сүйегін алып кетті. Бұл дегеніміз — мемлекеттің өзінің әрбір жауынгеріне деген құрметі. Олар елін қорғаған, бейбіт өмір үшін күрескен. Әрбірінің есімі тарихта қалуы, ұрпақтың жадында жаңғырып тұруы тиіс. Қазақ үшін, бұл тіпті маңызды. Жеті атамыздың қайда жатқанын, қандай жағдайда қаза болғанын ұрпағымызға айтып отыруымыз керек.
— «Боздақтар» кітабымен қоса, «Жеңімпаздар» кітабын қолға алдыңыздар. Мұндағы мақсат не еді?
— Петропавлда аппарат басшысы болып жүргенімде сондағы ардагерлер кеңесі жыл сайын «Жеңімпаздар» деген атпен кітап шығарып тұратын. Олардың кітабында қаза тапқандар да, елге оралғандар да қамтылатын. Бабаларына жасалған құрметке риза болатынмын. Кейін өз өңірімізде аман-есен туған жеріне келіп, еңбек еткен жауынгерлеріміздің де есімін ұлықтап, жеке кітапқа енгізген жөн деп шештік. Сөйтіп, 2019 жылы «Жеңімпаздар» кітабының үш томдық бірінші шығарылымы жарық көрді. Араға екі жыл салып, үш томдық екінші кітабын шығардық. Үшінші шығарылымына қаржы болмай, біраз кідіріп қалды. Қазір қаржы табылып, енді бірер күнде бір томдық үшінші кітабы жарыққа шығады. Үш шығарылымға соғыстан аман оралып, еңбекпен де еліне қызмет еткен 16 мың павлодарлықтың қысқаша өмірбаяндық ақпараты топтастырылды.
Бірақ бізде әлі қамтылуы тиіс қаншама жауынгер бар. Мәселен, 1944-1945 жылдары дәрігерлік-еңбек сараптамалық комиссияларында есепте тұрғандар ескерілмеуде. Олардың арасында соғыстан мүгедек боп оралғандар бар. Қазағымыз қарапайым, сабырлы ғой. Соғыстан аяқсыз, қолсыз, басқа да денсаулығындағы кінәратпен келгендер көлеңкеде қалып қоюы әбден мүмкін. Ақпараттық-іздестіру жұмыстары бұл тізімдерге жеткен жоқ. 1965 жылға дейін өмірден біразы өтіп кетті. Міне, осы құжаттармен жұмыс істеу керек. Әлі зерттелмеген тұстар көп.
— Бұл соғыс ұлтымызға келген қанды қасіреттің бірі екенін ешкім жоққа шығармас. Қаншама жас қыршыннан кетті…
— 60 жылдары Ұлы Отан соғысында 20 млн қаза тапты делінді. Кейін 30 млн адам деп жарияланды. Қазіргі тарихи баға бойынша қаза тапқандар қатары 42 млн кеңес адамына жетті. Бұл санатта жауынгерлер де, бейбіт тұрғындар да бар. Қазақстанда соғыс оты болған жоқ. Десе де, Гурьев облысында 300 бейбіт тұрғын қаза болғаны туралы ақпарат бар. Неміс авиациясы Гурьев мұнай кәсіпорнын бомбалауынан бейбіт тұрғындар қаза болыпты. Бұл туралы мәлімет 1995 жылы жарық көрген «Боздақтар» кітабында келтірілген. Тікелей адам шығынынан бөлек, жанама шығындар қаншама. Жанама шығын ретінде бұл кітапта бала туу көрсеткішінің төмендеуі мен өлім-жітімнің артуы аталады. Мұның бәрі соғыстың салдары, шығыны деп саналуы тиіс. Мәселен, Павлодар өңірінен 46 275 азамат майданда жаумен шайқасты. Бұл — бүкіл облыс халқының 18,5 пайызы. Ол кезде облыстағы жалпы халық саны 251 257 адам еді. 1940 жылмен салыстырғанда 1945 жылы бала туу көрсеткіші 27 мыңға кеміп қалды. Сондықтан, соғыстың тікелей шығынын ғана есептемеуіміз керек, жанама шығындар да ескерілуі керек.
— Әлемдегі жағдайларға байланысты Ұлы Отан соғысындағы жеңістің мағынасы өзгеше сипатқа ие болғандай… Бұл қаншалықты дұрыс?
— Басқаша түсініп, басқаша арнаға бұру, шыны керек, жаныма батады. Біз кеткен соң «күл болмасаң, бүл бол» деген ұстанымнан аулақ болуымыз керек. Бейбіт өмір үшін күрескен әрбір жерлесіміздің есімін насихаттап, ұрпаққа жеткізуіміз тиіс. Әрбір жас ұрпақ ата-бабасы қандай жолдан өткенін, ерлігін білгені, ұмытпағаны абзал. Бүгінгі бейбіт өмір сол ержүрек аталарының арқасында екенін ұғынып өскені қажет. Егер соғыста қайтқан жауынгерлерді ұмытсақ, бұл олардың екінші рет өлгенімен тең. Насихат, дәріптеу ұрпақтан-ұрпаққа дейін жалғасуы керек.
Тағы бір ұсынысым, облыстан ұрыс даласына аттанып, қаза болған, соғыстан кейін еліне оралғандар туралы мәліметтер жеке бір сайтта электрондық түрде қатталып тұрса деймін. Сол үшін аймағымыздың өз электрондық базасы құрылса деймін. Билік қаржы бөліп, осы жобаны қолға алса, ерлікке жасалған үлкен құрмет болар еді. Бұл елімізде алғашқы бір айрықша жоба атанары анық. Барлық мәліметтерді цифрландырып, сайтқа енгізіп қойса, кез келген адам ата-бабасын автоматты түрде іздеп, жылдам тауып алуына мүмкіндік жасалады.
— Ақпараттарыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.