Соғыс – майдан. Еңбек те – майдан. Өмір де – майдан. Осы майдандарда күреске түсіп, тартысқан әр
жан – майдангер. Сол себепті бұл поэма «Майдангер» деп аталады. Бұл дастан Баянаула перзенті, соғыс және еңбек ардагері Дүйсенбай Рахметовтің өмірі мен еңбегін арқау еткен. Бас кейіпкердің және оның замандас-тарының – қаруластарының елге сіңірген еңбегі жырланады.
Автор бұл туындысын Ұлы Отан соғысында кеудесін оққа тосып, от кешіп құрбан болған, елге аман-есен оралып, бейбіт күнде өмірден өткен батырлардың рухына бағыштайды. Оқырман назарына поэмадан
үзінді ұсынамыз.
Сөз басы
Азаттықтан сездім мен өмір дәмін,
Бейбіт күнде жайқалтып көңіл бағын.
Парақ жайып, қолыма қалам алдым,
Жыр етем деп елімнің ер ұлдарын.
Ашылардай тарихтың көне сыры,
Алдымда тұрғандай бір белес ұлы.
Дәуірдің дауысы боп естіледі,
Ел жадында сақталған ер есімі.
Бауыржан деген кезде қайраттанам,
Рахымжан деген кезде айбаттанам.
Кір шалдырмай жеткізген бүгінге — Ерлер
Бабадан қалған Елдік-байрақты аман.
Қасым десе, алаулап, жалындаймын,
Талғат десе, арқырап, арындаймын.
Жау жасқаған жүректей дүрс-дүрс етіп,
Даламның кеудесінде дамылдаймын.
Қалмұқан боп сілтеймін жауға қалам,
Дихан болып сиямды арға малам,
Қалижандай қайсармын, қасқаямын,
Мұзафар боп мұзартқа самғап алам.
Асқақтайды аспанға үнім шырқап,
Атқылайды жүректен жырым-бұрқақ,
Менің,
Сенің һәм
Оның атасына,
Жаныменен қарыздар бүгінгі ұрпақ!
Майдангердің баласы сыр қозғатты,
Қаламымның ұшында жыр маздатты.
Бейбіт күнге отырмыз шүкір айтып,
Бір шаңырақ ұлықтап бір боздақты.
Ер атын асқақтатып жыр бастадым,
Жаңылмас тілім сөзден, тынбас жағым,
Батыр, ұстаз Дүйсенбай Рахметов
туралы сыр шертеді бұл дастаным.
Жанарға емес, жүрекке жас аламын,
Бейнесін батырлықтың қашағаным.
Соғыста болған әрбір қаһарманға,
Бұл дастаным – жыр-тағзым жасағаным!
Мектеп. Мұғалім
Дүйсенбай Рахметов аудандық оқу бөлімінің бұйрығымен 1933 жылдың мамыр айында Талапкер серіктестігіне мұғалім болып барды. Серіктікте мектеп үйі жоқ еді. Алғашқыда сабақ далада, қорада, тақтай еденсіз бір бөлмелі үйде өтіп жүрді. Жас ұстаз бастап, азаматтар қостап, жаз бойы 4 кластық мектепке арналған ғимарат салып шықты. Мектеп 1934 жылдың 1 қыркүйегінде дайын болды.
Армандары қырқылған,
Ертең азап шекпек пе ұл?!
Болашаққа ұмтылған,
Халық салған мектеп – бұл.
Аяқты азап шідерлеп,
Шер боп көзден жас тамған.
Ой көктеген ұлы еңбек,
Бейнетпенен басталған.
Қадірлі іске құн беріп
Тұрған ғажап міне, үлгің!
Табалдырық бұл берік –
Босағасы білімнің.
Айқара ашық есігі –
Озық ойдың қақпасы.
Бұл – уақыттың кесімі,
Келешектің жақтасы.
Терезесі – кең, жарық,
Зәулім неткен төбесі.
Шәкірт жолы енді анық,
Биік болса, өресі.
Тұңғыш рет класқа
Кірді асығып балалар.
Ізгілікке ұласқан
ойға шуақ таралар.
Қарсы алды ұстаз шаттана,
Сезім кешіп не түрлі.
Алдындағы топ бала –
Ел ертеңі секілді.
Бәрі де әріп таныды,
Үйренді есеп бәрі де.
Түспесе оқу жарығы,
Бұл жалғанның мәні не?!
Айырды ақ пен қараны,
Шешті өмірдің жұмбағын.
Талай жұмбақ бар әлі,
Сезсе әр сәттің ырғағын.
Кірпіш болып қаланып,
Ғылым кенін қаз ұдай…
Білімдіге бәрі анық,
Тақтадағы жазудай.
Ердің орны – нақ төрде,
Оқу менен күш те – егіз.
Өмір жолы –
Дәптерге
Қаламсаптан түскен із.
Сенімінің салмағы
Үмітімен үндесті.
Ұстаздың да арманы
Балғындармен бірге өсті.
Жақсылыққа жетпекке,
Ашты білім бұлағын.
Сабақ берді мектепте,
Дүйсенбайдай мұғалім.
Үрейді жеңген ер
Майдан оты шыңдайды тән құрышты,
Майдан оты қайрайды жан қылышты.
Свирь өзені бойында жауынгерлер,
Бетпе-бет кеп жауменен, салды ұрысты.
Шегіну жоқ, жол да жоқ ер ығыспақ,
Бұққанды сұм ажалдың қолы қыспақ.
Дүйсенбай жауға қарай оқ боратты,
Қолына пулеметті берік ұстап.
Ұрыс бұл – от уыстап, шоқ қаптырған,
Бір ғана қателікті тоқпақ қылған.
Қасында көмекшісі Синяев бар,
Пулеметтің дискісін оқтап тұрған.
Қарсы бетте – қаскөй көз қанталаған,
Толқынымен өзеннің зар тараған.
Жауынгерлер бір сәт те дамыл көрмей,
Баудай қырды жау қолын анталаған.
О, жалмауыз, тоймайды қанға қалай?!
Қанға бөкті жас үміт – арман-арай.
Алғы шеп сиресе де дүлей дұшпан,
Шегінбей өңмеңдейді алға қарай.
Қимылы шалт, бойын да сақ ұстайды,
Өзге қаруластардан қалыспайды.
Көзін алмай бір сәт те алғы шептен,
— Дискі әкел! — деп Дүйсенбай дауыстайды.
Жауап та жоқ!
Оқ та жоқ ұсынылған.
Тоқтады көмекшінің ісі қылған.
Қарап еді артына бұғып қапты ол,
Мысы құрбан болғандай, күші құрбан.
— Не болды? Қалдың ба әлде жараланып? —
Деді батыр көңіліне алаң алып.
Сөйтсе жолдас Синяев қалшылдайды,
Бұғады, қорқыныштан көзі аларып.
— Әй, мынаның қалтырап жатқанын-ай?!
Жауменен арпалысқан шақта бұлай.
Синяев сөз тыңдамай дір-дір етіп:
— Сақта, Құдай! — дей берді — Сақта, Құдай!
— Есіңді жи! Жол берме қорқынышқа!
Өлмеу үшін бойыңды еркін ұста! —
Деп Дүйсенбай сілкіді көмекшісін –
Жапырам десең жауды, зор тыныста!
Жеңе алмады бірақ ол өз үрейін,
Серпілтпеді жігіттік сезім ойын.
Жалқы мезет жетеді алғы шепте,
Десең егер: «Бордай боп езілейін».
Сол сәтте Дүйсенбайдың жанды көзі,
Бұл өзі бала кезден бар мінезі.
Көмекшіден білген соң қайран жоғын,
Оқтап тұрды,
Оқ та атты жалғыз өзі.
Жауынгер тістенді сол сәт түйіліп,
Соққан дауыл секілді қатты үйіріп.
Қан ішеміз деп келген жау әскері,
Траншея бойында жатты үйіліп.
Жауынгерлер түріп ап сом білекті,
Жігерінің жалауын желбіретті.
Соғыс солай ажал боп алқымнан ап,
Сынайды
Сужүрек пен
Ержүректі!
Дүйсенбайдың даналық дәптері
Соғыс және еңбек ардагері Дүйсенбай Рахметовтің ерекше қасиеті – өз жадынан қанатты сөздер шығарып, жазып қалдыруы. Оның «Қалжырағаннан қалтыраған жаман», «Қаумалаған қауесет қажытады», «Ұлтарақсыздан да ұлылық шығады», «Бұқпа адам – байламсыз», «Ағаттықты пендешілікпен ақтауға болмайды», «Өзің үшін ғана өзеуремей, өзгені де ойлағайсың» деген секілді қанатты сөздері кез келген адамға ой салардай.
Қазақстанның Құрметті журналисі Шакрат Шалбай бір мақаласында: «Дүйсекең өмірде көріп, көңіліне түйгендерін, өзі ұстаған мақсат-мүддесін сөз мәйегіне айналдырып, өсиет-нақыл ретінда қағазға түсіріп жүр екен… Сайып келгенде, Дүйсекеңнің ойлы сөздері ортақ қазынаға айналдыруға, келешек ұрпақ тәрбиесіне жаратуға әбден лайық. Ал мұндай үлкен өнеге өрісінің екінің бірінің еншісіне айнала бермейтіні ақиқат», — деп жазған екен.
Мен де Дүйсенбай атаның даналық дәптеріндегі нақылдардан өзімізше ой түюге талпындым:
Елдің жүгі – жігіттің көтергені,
Ұлы мұрат – парыздың өтелгені,
Болашаққа аттанған елдік көші,
Қалтыраса аяқ-қол, кетер кері.
Үлгі алуға тиісті қазір қоғам,
Ар-намыстың заңы бар жазылмаған:
Өсекпенен өлгенше қас болады,
Қауесетке ермейді қажырлы адам.
Жақсылар жақсыларға ерсем дейді,
Адалдар биіктерге қол сермейді.
Бағаланбас ірілік байлықпенен,
Барлықпенен ұлылық өлшенбейді.
Желбіре тек намыстың байрағы боп,
Халқың үшін қайысып, қайғы алып өт.
Әділдік пен жақтаспай адалдыққа,
Бұғып қалған адамның байламы жоқ.
Бөленсек те құрметке, төрге шығып,
Отырсақ та шалқайып, кең көсіліп.
Жалғыз досы пенденің – кісілігі,
Жалғыз жауы кісінің – пендешілік.
Бірде қалып, бір озып, алдық бәйге!
Ешқашан мәрт көңілді жан бұқпайды.
Өзгені дәл өзіндей көрген адам,
Өзімшілдік дертіне шалдықпайды.
Өмір қызық, «Пай-пайы», «Әттеңімен»!
Бой ширатар сан түрлі сәттерімен.
Салмақтадым сөзімді ой теріп ап,
Дүйсенбайдың даналық дәптерінен.
Сөз түйін
Осымен сөз де тәмам, жыр да тәмам,
Жырладым Ерді халқы Тұлға атаған.
Өрлігін де айттым мен, ерлігін де,
Таймасын деп тіредім шынға табан.
Шыны сол – аты өлмейді майдангердің,
Заты өлмейді ел деген байламды ердің.
Батырға керегі жоқ дәреженің,
Соны ұғып, өз-өзімнен қайран болдым!
Жан өлмейді кеудеге Хақ үрлеген,
Ер есімін ел әркез қадірлеген.
Сұрапыл жылдар берген
Мәңгі өшпейтін
Үлкен атақ – жалғыз сөз Батыр деген.
Шыны сол – майдангердің өмірі үлгі,
Ол салған адамдықтың жолы нұрлы.
Сол құнды қазынада сарқылмайтын
Ғибрат барын ертеден ел ұғынды.
Шыны сол – майдангердің еңбегі ерен,
Аярларға қарамас жол бөгеген.
Білгейсің төрлетпейді, өрлемейді,
Адалдықтың жолында терлемеген.
Шыны сол – мың жасайды ер ұрпағымен,
Өскен, өнген әулеттер – бір қауым ел,
Тұлпары кең көсілген даласында,
Аспанда қанат жайған сұңқары кең.
Шыны сол: Батыр аты – ар-құбыла,
Таңданыспен қараймыз тағдырына.
Ұрпағы майдангердің тамыр болар
із-түзсіз кеткендердің барлығына.
Уақыт өзі – тарихтың куәгері,
Тарих өзі тартынбай сынады ерін.
Болашақ деп жан қиған әр боздақтың –
Мен, Сен және Ол нағыз мұрагері.
Шыны сол – ердің мәңгі ұлағаты,
Ұлағаттан ұрпаққа тұнады ақыл.
Адассам, жол көрсетер шоқжұлдыз боп
Әр батырдың төбемде тұрады аты.
Осынау аз сөзімде сыр бүкпедім,
Тек қана ақиқатқа құлдық дедім.
Соғыс Ері жасайды шындық болып,
Қадірлейік әрқашан шындықты, елім!
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.