Облыс орталығындағы Жеңіс алаңында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан павлодарлық жауынгерлерге арналған еңселі ескерткіш — Даңқ обелискі тұр. Баһадүр жауынгерлердің өшпес рухынан сомдалған аталмыш ескерткішке биыл 9 мамырда 50 жыл толмақ. Жеңіс күнінің 30 жылдығында бой көтерген Даңқ обелискі, міне, жарты ғасыр бойы қаланың келбетіне көрік қосып, ардагерлер рухына тағзым етудің тарихи алаңына айналды.
Ескерткіштің жасалу тарихы сонау 1974 жылдан бастау алады. Ол кезде бүкіл ел фашизмді жеңген Жеңістің 30 жылдығын тойлауға дайындалып жатқан. Павлодар облысының басшылығы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге Павлодар қаласында ескерткіш орнату туралы шешім қабылдады. Штаб құрылды, оның құрамына мемориалды салуға қатысқан кәсіпорындардың бірінші басшылары, мүсіншілер мен суретшілер кірді. Құрамды Павлодар қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Григорий Яковлевич Гольков басқарды.
Ескерткіш орнату орны ретінде «Первомайск алаңы» (Жеңіс саябағының бұрынғы атауы) таңдалды. Айта кететін жайт, бұл жердің таңдап алынуы да кездейсоқ емес. Дәл осы жерден, осы алаңнан павлодарлықтар майданға аттанды, осында қоштасу шерулері өтті, қала тұрғындары майдандағы соңғы жаңалықтарды есту үшін осы алаңда жиналып, соғыстан кейінгі жеңіске жеткен жауынгерлерді де дәл осы алаңда қарсы алды.
Даңқ обелискінің авторлары — Мәскеу сәулетшісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дмитрий Сергеевич Витухин және павлодарлық мүсіншілер Иван Пантелеймонович Лопатин мен Ипполит Ипполитович Виноградов. Жобаның техникалық бөлігін Павлодар «Казсевсельпроект» жобалау институтының қызметкерлері әзірлеген. Ескерткіш биіктігі 24 метрді құрайтын үш бұрышты стелладан тұрды. Олар сол кездегі партияның, армияның және халықтың бірлігін бейнелеуге арналған. Кейбіреулер мұны әуе күштерінің, армия мен флоттың бірлігінің белгісі деп есептейді. Стелланың етегінде авторлардың жоспары бойынша бес бұрышты жұлдызы бар қола гүл шоқтары орнатылған. Оның ортасында Мәңгілік алауға арналған оттық бар. Обелисктің бұл маңызды бөлігін жасау үшін Павлодар кеме жасау және кеме жөндеу зауыты жұмылдырылғанын да айта кеткен жөн.
1975 жылы 9 мамырда қаладағы ең маңызды ескерткіш – Даңқ обелискінің салтанатты ашылуы өтті. Үш бұрышты биік стелла көк аспанға қол созып, етегінде күн сәулесіне шағылысқан бес бұрышты жұлдызбен көмкерілді. Ескерткіштің бүйір жағында ақшыл мәрмәр тасқа мемориалдық даталар жазылған: «1941–1945 жж». «Мәңгілік алау» жанына №1 бекет орнатылып, онда қаланың үздік студенттері мен «Гринабель» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері құрметті қарауыл болып тұрды.
Уақыт өте келе Жеңіс саябағындағы аллеялардың бірінде Кеңес Одағы Батырларының бюсттері мен соғыс кезінде ұрыс далаларында қаза тапқан павлодарлықтардың есімдері жазылған мемориалдық тақталар орнатылды. Екі мыңнан астам есім… Өтіп бара жатқан жұрт еріксіз жылдамдықты бәсеңдетіп, тоқтап, бұл еңселі есімдерге тағзым етпей өте алмасы анық. Себебі Даңқ мемориалы – Павлодар облысындағы жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерінің бірі ғана емес, ол – қаншама тағдырдың көз жасынан құралған қастерлі әрі қасіретті тарих. Ал тарих бетінен «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмасы» хақ!
Алтынбек ЕЛЕМЕСҰЛЫ.