«Хакатоннан» құр қайтпайды

Мам 15, 2025

Кейінгі кезде «хакатон» сөзін қоғамда жиі еститін боларсыз. Бұл бағытта жүргендерден басқасы оның мағынасына терең үңіле бермейді. Ал біздің кейіпкерлеріміз қай жерде қашан, қандай хакатон болатынын жақсы біледі. Іздеп жүріп, қатысады. Оған қоса, бұл IT-жарыстардан құр қайтпайды. Себебі, үшеуі де үнемі ізденіс үстінде жүреді.

Мәселен, жуырда Павлодар қаласында 20 шақты IT-саласына бойлап жүрген команда қатысқан кезекті «хакатон» өтті. Бұл — өңірлік кезеңдегі топтар саны. Ал жалпы бұл IT-сайыста әлемнен 8 мың команда бақ сынады. Міне, осыншама кіл мықтылардың арасынан павлодарлық команда әлемдік кезеңге өтті. Әлбетте, бұл – үлкен жетістік. Олжалы болған жерлес жігіттерді сөзге тартып, жоба-жоспарларымен таныстық.

— Бұл хакатонға біз күн жүйесінің 3D моделін жасауды ұйғардық. Аталмыш тақырып сайыс идеяларының бірі болды. Сондықтан IT саласына жақынырақ тақырыпты таңдадық. Біздің жобамыз астрономияға қызығушылық танытып жүрген барша жандарға қолайлы қосымша іспеттес. Сондай-ақ, мектептерде оқушылар үшін оқу материалы ретінде пайдалануға жарап тұр. Мектеп бағдарламасына күн жүйесі қаузалатын тақырып аз емес, — дейді жоба авторларының бірі Жан Бейсикеев.

Жобаны үшеулеп жасаған. Олар – Жан Бейсикеев, Роман Устименко және Игорь Мартынюк. Роман мен Жан Павлодар қаласындағы ақпараттық технологиялар колледжінде оқиды. Ал Игорь №34 мектептің 10-сыныбында білім алуда. Үшеуін кезекті бір «хакатон» біріктірсе керек. Жан Бейсикеев алдымен хакатонда өзі сияқты жүлделі орын алған Игорь Мартынюкпен танысады. Екеуі бірігіп команда құрып, келесі бір сайысқа қатысады. Дәл осы «хакатонда» Роман Устименкомен ортақ тақырыптар табады. Осылайша, үшеуінің ойы бір жерден шығып, күш біріктіріп, BlinkDevs атты топ құрады. Облыста, елімізде, тіпті, әлемдік деңгейде болатын хакатондар жайлы естісе, бірден жоба құруға кіріседі.

— Күн жүйесінің 3D үлгісін жасау үшін JavaScript бағдарламалау тілін және Three js кітапханасын пайдаландық. Мұндай «хакатон» барысында жобаны жасауға үшеулеп отырып, 5 сағаттан астам уақыт жұмсадық. Жалпы, IT-саласында жоба жасау үшін, ең бастысы, ниет және талпыныс, ізденіс болу керек. Арифметиканың қарапайым қағидалары деңгейіндегі біліммен де сәтті жобалар жасап шығуға болады. Ал қалғанын ізденсе, әркім табуына болады. Сондықтан, ізденіс үстінде жүру керек. Қазір үшеуіміз алдағы аптада өтетін тағы бір «хакатонға» дайындықты бастап кеттік, — дейді Жан Дәулетұлы.

Тағы бір «хакатонда» үш жігіт оқытатын технологиялар тақырыбын таңдап, көпшілікке қажетті қосымша ойлап тапқан. Нақтысы, телеграм арнада нейрожүйелердегі кітаптарды мазмұндалған күйінде оқуға және тыңдауға арналған шағын қосымша әзірлепті. Бұл жобалары да олжалы болған. «Хакатондардың» бірінен үш азамат 300 мың теңге жүлде иеленсе, келесісінен 250 мың теңге қанжығалаған.

Білімге құштар жастар елімізде IT саласы жыл сайын ілгерілеп келе жатқанына, бұл бағытты дамытуға қолдау көрсетуге әзір азаматтардың көбейгеніне қуанады. Олай дейтіні, саланы алға бастыру үшін мұндай «хакатон» жарыс-тары өте қажет. Жан да «хакатоннан» мол тәжірибе жинап жүргендерін айтты.

Осы ретте, «хакатон» терминінің мәнін қарапайым тілмен түсіндіріп кетсек. Хакатон –
IT-мамандарға арналған жарыс. Мұнда жастар, мамандар түрлі жобалар жасайды. Белгілі бір уақыт ішінде  әзірлеу талап етіледі. Топтасып, алдарына қойылған міндетті атқарып шығады. Жылдам әрі оңтайлы шешімін тапқандар жеңімпаз атанады. Кейбір хакатондарда нақты бір бағдарламаның немесе сервистің прототипін жасау тапсырылуы ықтимал. Тағы бірінде қауіпсіздік жүйесін бұзу, қандай да бір процесті оңтайландыру міндеті қойылады. Кейде ұйымдас-тырушылар әлеуметтік, экологиялық немесе экономикалық мәселелердің шешімін ұсынуды басты мақсат етеді. Мәселен, тұрмыстық қоқысты шығарудың ең тиімді тәсілін ұсыну немесе қоғамдық көлік қозғалысының жаңа сызбасын әзірлеу қажет болады. Міне, осы тапсырмаларды барынша жылдам әрі оның ең пайдалы, ұтымды жолын тапқан қатысушылар озып шығады. Хакатонның уақыты әртүрлі болуы ықтимал. Бірі бірнеше сағатқа ғана жоспарланса, кейбірі тіпті бірнеше тәулікке дейін созылуы мүмкін.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.