Кәсіпкерлердің қолдауы айрықша

Мам 15, 2025

Ертіс ауданына қарасты Ағашорын ауылдық мешіті ауыл тұрғындарымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Аталған мешітте атқарылған жұмыстар туралы ақпараттар жергілікті БАҚ-та, тіпті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтына дейін шығып, жоғары бағасын алып жатады. Әрине, бұл нәтиженің барлығы ауыл мешітінің имамы Амантай Кәкімовтің еңбегі. Сондықтан, ауылдағы дін қызметкерімен арнайы хабарласып, сұхбаттасқан едік.

— Амантай Асқарұлы, сіз ауыл мешітінде қашаннан бері еңбек етіп келесіз?

— Мен 2007 жылы Ертіс ауданының Ленин ауылындағы «Солтанбет» мешітінде еңбек жолымды бастадым. Ал 2016 жылдың  қазан айынан бастап осы Ағашорын ауылдық мешітінің молдасы болып қызмет істеп келемін.

— Ауылдағы ғибадат үйле-рінің арасынан үлгі ретінде Ағашорын мешіті жиі аталып жатады. Бұл, әрине, алдымен дін қызметкерлерінің еңбегі. Сонымен қатар, ауылдағы ағайынның мешітке деген көзқарасы да жақсы болар…

— Әрине, ауыл тұрғындарының мешітке  деген көзқарастары өте жақсы. Қандай іс бастасақ та ауылдастарымыз бір кісідей атсалысып жатады. Жалпы, бұл мешіт 2023 жылы салынып, пайдалануға берілген. Ғибадат үйі ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлердің демеушілік жасауының арқасында салынды. Ал биылғы жылы мешітіміздің  жанынан хатымхана салу жоспарымыз бар. Оны да жамағат қолдап отыр. Ғимараттың қысқы отыны мен коммуналдық шығындарын жергілікті кәсіпкерлер бөлісіп алған. Атап айтсақ, Балғабай Бакишев, Ерғанат Байғазинов сынды кәсіпкерлер көмектесуде. От жағатын жұмысшының айлығын «Нива», «Нұр», «Данат», «Замандас», «Еңбек», «Данияр»,  «Жанел» шаруа қожалықтары жауаптанып алған. Мешіт жанынан ақсақалдар алқасы құрылған.  Жұмсалатын барлық қаражат сол ақылдастар алқасымен келісіледі. Биылғы Рамазан айында жеке кәсіпкер Ерғанат Қайрақбайұлы бір жылқы сойып, етін ауылымыздың көпбалалы отбасыларына таратып берді. Сондай-ақ, көршілес Ұзынсу ауылындағы мұқтаж отбасыларына да үлестірді. Бұл дәстүр әр жыл сайын қайталанып келеді. Яғни, ауыл азаматтары қайырымдылық шараларына жиі қатысады.

—  Ағашорын мешітінде көптеген ауқымды іс-шаралар, балалар арасында жарыстар өтіп жатады. Оған демеушілерді қайдан табасыздар?

— Алдымен жақын уақытта қандай шаралар өткенін қысқаша баяндап өтейін. Биыл Мәуліт айында және Рамазан айында шәкірттер арасында Құран жарысын өткізіп, жеңімпаз болғандарына велосипедтер бердік.Одан кейін оразаның құрметіне ат бәйгесін ұйымдастырдық. Одан бөлек спорттық сайыстарын да жиі өткіземіз. Аудандық деңгейдегі үстел теннисіне Амангелді, Ұзын су, Сілеті ауыл жастары қатысты. Барлығы сыйлықтармен және мақтау қағаздарымен марапатталды. Барлық іс-шараға жоғарыда аталған кәсіпкерлер демеушілік жасады. Көршілес Амангелді ауылының жастары жүлдеге
1 велосипед тігіп, табыс етті.

— Мешітте ересек жамағаттар мен балалар үшін діни дәрістер өткізіле ме?

— Ауыл тұрғындары үшін діни сауат ашу курсы бар. Ересек адамдар кешкі уақытта келеді. Ал мектеп оқушылары күндіз сабақтан тыс уақытта келіп, дәстүрлі дініміздің тарихымен, құндылығымен танысуда. Сонымен қатар, көршілес Амангелді ауылында да сабақ алғысы келген шәкірттер бар, оларға дәрісті онлайн түрде өткіземін. Жазғы демалыс басталғанда «Иманы жаз» жазғы курсын бастаймыз. Мұнда Құран оқу, Пайғамбарымыздың өмір тарихын тану және ата-ананы сыйлау, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді құрметтеу тақырыптарында сабақ өтіледі. Ең бастысы, жастарды Отанын сүюге, береке-бірлікті сақтауға шақырамыз.

— Әңгімеңізге рақмет! Істеріңіз сауаптан болсын!

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.