Ұлы Жеңіске жетуге үлес қосқандардың қатарында қарт майдангер Қайыр Хасенов те бар. Адам айтқысыз азапты күндер мен жалын шарпыған отты жылдардың куәсі болған батыр жерлесіміз бүгінде мерейлі 100 жасқа толып, үрім-бұтағымен бірге бейбіт күн кешуде. Ұлы Жеңіске куә болған қайсар азаматтың өткен өмірі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай.
Соғыс ардагері Қайыр Хасенұлы Хасенов Павлодар облысы, Тереңкөл ауданының Жасқайрат (бұрынғы №7 Таубай) ауылында туған. Оның балалық шағы ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келіп, Ресейдің Омбы облысына көшіп кетеді. Бірнеше жылдан соң, яғни 1935 жылы елге қайта оралып, туған ауылы Жасқайраттағы бастауыш мектепті, одан кейін Қашыр орта мектебін бітіреді.
— 1942 жылдың қыркүйек айында 9-сынып оқушыларын таратып жіберді. Ер мұғалімдер жаппай соғысқа кетті. Ал біз бастауыш сынып оқушыларына білгенімізді үйретіп, сабақ беруге кірістік. Мен Жасқайрат бастауыш мектебінде мұғалім болып жұмыс істеп жүрген кезімде, нақтырақ айтқанда 1943 жылдың 25 қаңтары күні әскер қатарына шақырылдым. Красноярск қаласындағы полктік мектепте 6 ай оқып, ел мен жерді қорғау үшін майдан даласына аттандым. Сұрапыл соғыста 6-шы армия құрамында, Украинаның 204-ші дивизиясында, 312-полкінде болып, жауға қарсы шабуылға шықтым. Житомир қаласын екінші рет азат еткен кезде қатты жараланып, Горький қаласындағы госпитальде жарты жылдай емделдім. Сауығып шыққан соң Забайкалье майданына қатысып, Манчьжурия, Харбин қалаларын қорғап қалдық, —
деген қарт жауынгер өзі көрген сұм соғысты «өзгелер көрмесін, жас ұрпақ бейбіт өмір сүрсін» деп үнемі тілеп отыратынын айтады.
Жеңіс туын желбіретуге атсалысқан жерлесіміз бұл ерлігі үшін II дәрежелі «Отан соғысы» орденіне, Украинаны азат еткені үшін Украинаның 60 жылдық мерейтойына орай Украина президентінің медаліне және басқа да марапаттарға ие болған екен.
Осылайша, жалынды жастық шағын қан майданда өткізген қайсар азамат соғыс біткен соң абыроймен елге оралады. Бұдан кейін Кеңес Одағы Прези-диумның қаулысы бойынша М.Горький ауданындағы Октябрь мектебінде төрт жыл ұстаздық етіп, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып қызметін жалғастырады. Екі жылдан соң Павлодар облыстық партия комитетінің әкімшілік, сауда, қаржы бөлімінде нұсқаушы болып еңбек етеді.
— Сол жылдары жұбайым Мәриям Серікбайқызымен бірге шаңырақ көтердім. Кейін мені Алматы жоғарғы партия мектебіне оқуға жіберді. Онда 4 жыл білім алып, оқуды ойдағыдай бітіріп, облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөліміне қызметке қабылдандым. Ары қарай 1960 жылдың тамыз айынан 1961 жылдың наурызына дейін Баянауыл партия комитетінің бөлім меңгерушісі болдым. 1965 жылдың көктемінде аудандық атқару мектебі төрағасының бірінші орынбасары болып сайландым. Ал 1969 жылы аудандық бақылау комитетінің төрағасы атандым. Сол аралықта бюро мүшесі, бірнеше рет аудандық атқару Кеңесінің депутаты да болдым. 1975 жылдың сәуір айында тұтынушылар одағының төрағасы болып тағайындалдым. Осы салада 12 жыл еңбек еттім. Жемісті қызметім үшін Мәскеудегі орталық одақтың төсбелгісімен марапатталдым, — деп өткен еңбек жолын есіне алады Қайыр Хасенұлы.
Ол соғыстан кейінгі жылдары да ерінбей еңбек етіп, ел дамуына сүбелі үлес қосады. Осынау табысты қызметі үшін «Құрмет белгісі» ордені және басқа да түрлі марапаттарға қол жеткізеді.
Сөйтіп, 1986 жылы құрметті еңбек демалысына шығып, облыстық кеңестің қаулысымен «дербес зейнеткер» атанды. Зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмай, елге еңбек еткісі келген Қайыр Хасенұлы Баянауыл аудандық азаматтық қорғау штабының бастығы болып үш жылдай жұмыс істейді. Подполковник әскери шенін де алады. Бұған дейін де Баянауылды дамытуға қосқан үлесі ескеріліп, 2002 жылдың қыркүйек айында мәслихат шешімі бойынша «Баянауыл ауданының Құрметті азаматы» атағы беріледі.
Бар ғұмырын туған елін көркейтуге арнаған ардагер — үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде олардан 14 немере, 13 шөбере сүйіп отырған аяулы әке, сүйікті ата.
— Мен атаммен бір шаңырақтың астында 35 жылдан астам уақыт тұрып келемін. Біз үшін оның орны ерекше. Әр ісінен үлгі аламыз, көп нәрсе үйрендік. Талапшыл, тәртіпке бағынғанды жақсы көреді. Тіпті, ас-суын, дәрі-дәрмегін де белгіленген уақытында ішеді. Немере-шөберелері десе жанын береді. Балаларының оқуын жақсы оқып, жоғары білім алғанына айрықша назар аударады. Бір сөзбен айтқанда, ұрпағының қатарынан қалмай, көзі ашық, көкірегі ояу болғанын қатты қалайды әрі қадағалайды. Атамыздың ақылшы болып ортамызда отырғанына қуанамыз, шүкіршілік етеміз.
Қарты бар үйдің қазынасы бар демекші, көпті көрген, елге сыйлы, абыройлы атамыздың қал-қуатын сұрап келіп-кететін кісілер де аз емес. Осындай ел-жұртымыздың барына ризамыз. Жаз бойы жан-жақтан балалары да келіп, арқа-жарқа болып, бір марқайып қаламыз. Мұның бәрі атамыздың арқасы деп білемін, — дейді ардагердің қолында отырған келіні Анар Хасенова.
Ғасыр жасаған ардагерді Жеңістің 80 жылдығымен құттықтай отырып, әлі де жас буынға үлгі-өнеге болып ортамызда отыра беріңіз дейміз.
Нұржайна ШОДЫР,
Баянауыл ауданы.