Қоғам дертін сахнаға әкелді

Мам 15, 2025

Өмірде қоғам дертіне айналған күрделі мәселе көп. Айналамызда алаяқтар, нашақорлар, педофилдер қаптап жүр. Тәнін сатқан жезөкшелер мен жынысын ауыстырған трансгендер де жоқ емес. Міне, қоғамдағы осындай былықтарды Торайғыров университетіндегі «Мұрагер» студенттер театры көпшілік алдында сахналады. Талапты жастар өзгенің өміріне балта шапқан қылмыскерлерді айыптап, әділ жазалады.

«Айқай-2» премьерасына облыстық полиция департаментінің өкілдері арнайы шақырылды. Залдың іші оқытушылар мен студенттерге толды.

Заманауи фантастика әрі трагедия жанрында жазылған қойылым жабық сот отырысымен басталды. Судья мен сот өкілдері қылмыс, заңбұзушылық әрекеттерге барған адамдардың ісін талқылап, олардың жан дүниесіне үңілді. Алдымен сот алдына арам пиғылы арқылы жұртты арбауына түсіріп жүрген алаяқ шығарылды. Айлакер адамдар аңқау, аңғалдығынан тез алданатынын алға тартып, қаскүнемдік әрекетіне еш өкінбейтінін жеткізді. Сот алдына есірткіге тәуелді нашақордың  жан-айқайы тыңдалды. Сонымен қатар, адам өлтіруге барған қылмыскер, тәнін өзгеге сатқан жезөкше, балалардың болашағына балта шапқан педофилдің де әрекеттері әшкереленді. Бұдан бөлек, жынысын әйелге ауыстырған еркектің ішкі күйзелісі мен тылсым әлеммен байланыс жасап, жұртты емдеу арқылы алдаған бақсының қызметі сөз болды. Қоғамдағы дертті бейнелеген 7 кейіпкерден жауап алынған соң, сот мүшелері оларды өлім жазасына лайық деп таныды.

Премьера сценарийін жазған студент Бауыржан Мұсаев бұл қойылым арқылы көрерменге қоғамдағы кеселге айналған өзекті мәселелерді ашық айтып, қылмыскерлердің жан айқайы мен ішкі күйзелісіне үңілуді көрсеткісі келген.

— Мен «Мұрагер» студенттер театрының төрағасымын. Бұған дейін «Айқай»  тақырыбымен қойылған спектакльде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін көтерген едік. Көрермен тарапынан жоғары баға алды. «Айқай-2» қойылымы — сол спектакльдің жалғасы. Онда  қоғамдағы бірнеше мәселені қозғауға тырыстық. Қоршаған ортамызда әлі күнге дейін жауабы шешілмей жатқан дерт көп. Құқық қорғау органдары қылмыскерлерді құрықтаумен айналысып, жазаласа да, әлі күнге дейін заңбұзушылықтар орын алуда. Күнәһарларды сахнаға шығарып, жазалау арқылы көпшілікке жамандық атаулыдан аулақ болуда ой салғымыз келді. Спектакльдің ауқымы кең болғандықтан рөлге кіру, образды сомдап шығу оңайға соқпады. Сценарий бір жарым ай көлемінде жазылды. Қойылымға бір ай дайындалдық. Қойылымға 1-4-курс аралығындағы 25 студент қатысты. Олардың барлығы түрлі факультетте білім алады. Өзім актер мамандығында 3-курста оқып жүргендіктен, бар жауапкершілікті мойныма алып, студенттердің дайындығын қадағаладым. 50 минутке созылатын спектакльді бірлескен жұмыстың нәтижесінде сәтті көрсеттік деген ойдамын, — дейді Бауыржан Нұржанұлы.

Бауыржан Мұсаев қойылымдағы актерлердің сахналық киімдерін өздері тіккенін  атап өтті. Болашақ актер спектакльде тәнін ауыстырған қыздың рөлін сомдап шықты.

«Айқай-2» қойылымы-
ның режиссері Сандуғаш Нұрбол-қызы студенттер премьераға жауапкершілікпен дайындалғанын айтады. Өзі театрда көркемдік жетекші болып еңбек етеді.

— Қоғамда алаяқ, педофил, нашақор сынды қылмыскерлер, адамды алдайтын тәуіптер бар. Оларға заң бойынша жаза қатаңдаса да, қатары азаяр емес. Спектакль арқылы еліміздің жастары – студенттер қауымына осындай   былықтардан сақтануға, өмірлеріне балта шаппауын көрсеткіміз келді. Күнәһарлармен қоғам болып күресу үшін қойылымға ішкі істер органдарының мамандарын да шақырдық, — дейді Сандуғаш Нұрболқызы.

Қоғамда студенттер театрының маңыздылығы зор. Премьера зор қошеметпен, зерделі көрер-меннің зор ықыласымен өтті. Текті өнерге бет бұрған ұл-қыздардың талабын, талпынысын көріп, қуанып қалдық. Бұл — ел болашағының рухани бай, мәдениеті биік, ойы озық азамат болып қалыптасуына негіз боларлық игі қадам. Театр —
жүрекке жол табатын, санаға сәуле себетін қасиетті мекен. Осындай ортада шыңдалған жас өнерпаздар ертеңгі күні қазақ сахнасының жарқын жұлдыздарына айналатынына сенеміз.

Атап өтерлігі, «Мұрагер» студенттер театры 9 жыл көлемінде жұмыс істеп келеді.

 

Бақытжан ТҰРСАРИНОВА, Павлодар облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің маманы:

— Студенттердің өнеріне тәнті болдым. Қойылымды тамашалай отырып рухани демалдым әрі жастардың қылмыс тақырыбын қозғап, өзгелерге ой сала алғанына ерекше қуандым. Театр жетекшілеріне құқық қорғау қызметкерлерін көрермен ретінде шақырғандарына алғыс айтамын. 7 кейіпкер сомдаған айналамыздағы кеселмен қоғам болып күресуіміз керек. Залды толтырған студенттер спектакль арқылы қылмыстың, алдау-арбаудың зардабы ауыр екенін ұғына алды деп санаймын. Себебі жастар өз өнерлерімен қойылым мақсатын жеткізе білді. Жастардың өнер ордасы өркендей берсін!

Айдана ҚУАНЫШЕВА.