Жаңа тәжірибе – тиімді

Мам 15, 2025

Аймағымызда мал өлекселерін жоюдың жаңа тәсілі қарастырылуда. Қазіргі таңда мал аурулары мен адам мен жануарларға қауіпті жұқпалы дерттің алдын алу бағытында кешенді шаралар қабылдануда.

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында сөз болды. Облыстық ветеринария басқармасының жаңа басшысы Асылтас Тілеубаев өңірдегі ахуал тұрақты екенін атап өтті.

– Жоспарлы түрде жүргізілген диагностика нәтижесінде 178 мың ірі қара тексеріліп, 1 385 бас малдан бруцеллез анықталды. Инфекция 0,8 пайызды құрайды. Ал 213 мың ұсақ малдың ішінде 78 ауру мал тіркеліп, жұқтыру деңгейі 0,04 пайызды құрады, – деді облыстың бас ветеринары.

2025 жылы 11 аса қауіпті мал ауруына қарсы 6,2 миллион вакцина шарасын жүргізу жоспарланған. Алғашқы төрт айда жоспар 100 пайыз орындалды. Аймақта эпизоотиялық ахуалдың жақсару үрдісі байқалады. Егер 2023 жылы 16 жұқтыру ошағы тіркелсе, 2024 жылы бұл сан екі есе қысқарып, 8-ді құрады. Ал жыл басынан бері бірде-бір ошақ тіркелген жоқ.

— Сібір жарасы қорымдары мен мал қорымдарын бақылау да — маңызды бағыттың бірі. Облыста 131 сібір жарасы жерленген орын бар. Жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде жерлеу орындарының жай-күйіне мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ облыста 239 мал қорымы бар. Оның ішінде 33-і ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай келетін типтік нысандар болса, қалған 206-сы – қарапайым шұңқырлар.

Қазіргі уақытта Баянауыл ауданы Жаңатілек ауылында және Ертіс ауданы Панфилов ауылында заманауи мал қорымдарын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, ведомстводан тыс сараптамадан өтуде. Құрылысты аудандық құрылыс бөлімдері арқылы іске асыру жоспарлануда, — деді А.Тілеубаев.

Осы орайда аймағымыздың бас ветеринары көршілес Ресей өңірінің тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, Алтай өлкесінде биологиялық қалдықтарды көмірмен жұмыс істейтін крематор арқылы жою әдісі кеңінен қолданылуда. Мұндай құрылғының құны – шамамен 15 миллион теңге.

Облыс әкімі бұл тәжірибеге қызығушылық танытты. Егер биоқалдықтарды осындай әдіспен жою жүзеге асса, Павлодар облысы бұл бағытта ел бойынша алғашқылардың бірі болмақ.

– Мұндай крематорларды әрбір ауылдық округке кезең-кезеңімен сатып алу қажет. Ең алдымен мал басы ең көп аудандар – Баянауыл, Май, Ақтоғай және Ертіс аудандарын негізге керек. «Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты қорғайды» деп бекер айтылмаған. Эпизоотиялық қауіпсіздік – бұл азық-түлік қауіпсіздігінің негізі, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Аймақ басшысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына үш жылдық бюджетке крематорлар сатып алу мәселесін енгізуді тапсырды.

Асылтас Абылайұлының сөзінше, құрылғы 160 келі көмір жұмсаған кезде салмағы 450 келі ірі қара малдың мәйітін бес сағат ішінде өртейді. Күлдің қалдығы небары 32 келіге тең болады. Облыста бір тонна көмірдің жеткізілу құны орта есеппен 20 мың теңге екенін ескерсек, бір өлексені жою бар болғаны үш мың теңгеге түседі. Ал дизель отынымен жұмыс істейтін инсинераторға 50 литр жанармай қажет, бұл литріне 300 теңгеден есептегенде 15 мың теңгені құрайды. Бұл 4 есе қымбат. Демек, көмірмен жұмыс істейтін крематор – әлдеқайда үнемді. Сонымен қатар, бұл тәсіл жаңа мал қорымдарын салу қажеттілігін жояды. Себебі, мал қорымдарының айналасында – бір шақырым радиуста әлеуметтік нысан салуға тыйым салынған.

Асайын Қуандықұлы тағы бір өзекті мәселені көтерді. Қаңғыбас жануарлармен күресуде ветеринарларға бір апта ішінде нақты ұсыныс дайындауды тапсырды.

– Бұл мәселе көктем мен күзде ерекше ушығады. Жаңа басшы ретінде сіз бұл жүйелі мәселені шешудің кешенді әрі батыл жолын ұсынып, нақты ұсыныс енгізуіңіз қажет. Қалай шешуге болады? Қаңғыбас жануарларға арналған паналайтын орындар – бұл тек бір жолы ғана. Бұл түйткілге кешенді түрде қарап, жүйелі шешім жолдарын бірге қарастырайық, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, Асайын Байханов Павлодар қаласындағы мысықтар мен иттер паналайтын орындардың жұмысын жоғары бағалады. Оның сөзінше, мұндай мекемелер Екібастұз бен Ақсу қалаларында да ашылуы тиіс.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.