Саяжайларда от жағуға болмайды!

Мам 15, 2025

Мамыражай күндер туа сала жергілікті тұрғындар саяжай алқаптарына ағылып, бау-бақша төңірегін тазар-туға кірісетіні мәлім. Жалпы, Павлодар облысының аумағында 29 саяжай бар. Оның ішінде Павлодар қаласында 19 саяжай, Екібастұз қаласында 7 саяжай, Ақсу қаласында 4 саяжай тіркелген. Ереже бойынша саяжай аумағында қоқыс өртеуге, от жағуға тыйым салынған. Мұндай жағдайларда зардап шеккендер шағым түсірсе, шығын көп болса, қылмыстық жауапкершілікке дейін барады. Алайда көп тұрғындар бұдан бейхабар. Өрт қауіпсіздігінің ережелері мен жауапкер-шілік туралы Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовпен әңгімелестік.

— Қайрат Зиядаұлы, көктем келісімен өрт қауіпсіздігінің алдын алу шаралары күшейе түсетінін білеміз. Десек те, соңғы жылдары көктем мен күз мезгілінде саяжайларда өрт жиілеп кетті. Сіздің ойыңызша, осы бау-бақшалардағы «тілсіз жаумен» күресудің жолы қайсы?

— Қажетті шараларды жүзеге асыру үшін, мысалы, су құбырын орнату немесе өрт сөндіру машинасының сорғысын сатып алу үшін қаржылай шығынды бір бау-бақша бірлестігі көтере алмайды. Бұл кешенді тәсілді қажет етеді. Бұл мәселені шешуде бағбандар, бағбандық бірлестіктер өкілдері, жергілікті атқарушы биліктің өзара бірлесе жұмыс істегені маңызды. Бұл ретте барлық саяжайлар мен бау-бақша бірлестіктерінде өрт сөндіруге арналған сорғылар орнатылып, жолдар кеңейтілуі тиіс.

Өткен жылы Екібастұз бен Павлодар қалаларындағы бірқатар саяжайларға өртті сөндіру үшін арнайы су құятын гандерлер орнатылды. Жалпы, бізде су тапшылығы апатты деуге болмайды. Қажет болса, орталық су құбыры мен өрт сөндіру гидранттары бар жақын жердегі саяжай ықшамауданынан немесе Ертістен су ала аламыз. Бұл мәселе кешенді түрде шешімін табуы тиіс, яғни, әр тұрғынның жауапкершілігі күшейіп, бау-бақша бірлестіктері де қажетті құрал-жаб-дықтармен жарақтанғаны жақсы.

— Өрт қауіпсіздігін сақтамайтын тұрғындар мен бау-бақша бірлестігінің төра-ғаларын қандай жауапкер-шілік күтеді?

— Саяжай бірлестігінің төрағасы әр саяжай иелерінен ақы алады. Яғни, қауіпсіздік үшін олар да жауап беруі тиіс. Біз бау-бақша бірлестіктерін тексеріп, ұйғарым шығарып, тәртіп бұзғандарды әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Кінәлары дәлелденсе, құқық бұзушылар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 410-баптың 1, 2, 3-бөліктері бойынша жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар, биыл 18 наурыздан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 410-бабының 1-бөлігіне қатысты түзетулер күшіне енді. Енді ескерту тек жеке тұлғаларға берілетін болады. Заңды тұлғаларға – лауазымды тұлғаларға және ірі кәсіпорындарға ескерту берілмейді. Оларға 50 АЕК, яғни 196 600 теңге көлемінде айыппұл салынады.

— Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан қазір саяжай аумағында қоқыс өртеуге, от жағуға тыйым салынғаны туралы шағымдар түсуде. Олар енді қоқысты қайда өртейміз деп дал. Бұл жөнінде не айтасыз?

— Жалпы, саяжай және бау-бақша учаскелерінде от жағуға, қоқыстарды жағуға және өрт қауіпті жұмыс-тарды жүргізуге тыйым салу — жаңа енгізілген норма емес. Бұл норма 2006 жылдан бері бар, сәйкесінше әкімшілік жауапкершілік те бұрын бекітілген.

Қазіргі уақытта бұл норма қолданыстағы Өрт қауіпсіздігі қағидаларының 174-тармағында жазылған. Онда құрғақ, ыстық және желді ауа райы тұрақты болған жағдайда қалаларда, ауылдық елді мекендерде және кәсіпорындарда, саяжайлық ауылдарда, бау-бақша учаскелерінде от жағуға, көмір, қоқыс, қалдықтар, құрғақ шөпті жағуға, өрт қауіпті жұмыстарды жүргізуге, сондай-ақ, стационарлық емес сұйық, қатты және газ тәрізді отынмен жұмыс істейтін пештерді, ас-үй ошақтарын және қазандық қондырғыларын жағуға жол берілмейді делінген.

Тұрғындар саяжайларда қоқысты желсіз күні арнайы орынға апарып, бөшке ішінде өртеуі керек. Оның жанында су дайын тұруы қажет. Өртеуші адам бақылап тұрып, жанып болған соң сөндіріп кетуі тиіс. Бұл арнайы орынды саяжай бірлестіктерінің төрағалары ертерек дайындап, оқшаулап қоюы керек.

— Ақпаратыңызға рақмет.

Әңгімелескен — Алтынбек МҰҚЫШЕВ.