Әсілі, ол туралы сырттай таныс жаннан гөрі қоян-қолтық аралас-құралас жүрген адамның жазғаны ләзім. Олай дейтінім, сырттағы жан елеп-ескермейтін, байқап-білмейтін, ол кешкен өмірдің сүйініші мен күйінішін оның айналасында жүрген адамдар ғана барынша терең сезініп-сезінері, көсіле айтып-жазары анық. Бекен Бекмұратұлы Ыбырайым туралы олай деуге толық құқылымын десем болады. Өйткені Бекеңмен менің таныстығым сонау 70-жылдары Алматыдағы бүкіл республикаға әйгілі КазГУ-ге (cол кезде осылай аталатын) оқуға түскеннен басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Және оның шығармашылығын жете білетінім де рас. Бекеңнің жеткен жетістіктеріне қуанып, алған жүлде, марапаттарына үнемі масаттанып жүремін.
Биыл — Бекеңнің жетпістің белінен асып, сексенге аяқ басқан шағы. Ол – елу жылдан аса қазақ әдеби сыны мен ғылымында ғана емес, балалар жазушысы ретінде де аты әйгілі сыншы-ғалым әрі көрнекті қаламгер. Олай дейтініміз, Бекең жүлделі орынға ие көркем шығармаларымен әрі әдебиеттану ғылымы саласындағы елеулі де екшеулі еңбектерімен танымал.
Атап айтқанда, шығармалары 1976 жылы Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті мен «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті бірлесіп жариялаған конкурста, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті және «Жалын» журналы өткізген дәстүрлі респуб-ликалық жабық әдеби конкурста (1989) жүлдеге ие болған.
Бердақ ақынның өлеңдерін, жекелеген шетел жазушыларының әңгімелерін, ғалымдардың ғылыми еңбектерін, қырғыз, ноғай, татар, тува халықтарының фольклор үлгілерін қазақшалаған.
Ал жарық көрген шығармаларын атайтын болсақ, олар: «Жаз күндері». Повесть, әңгімелер. 1984; «Жұмбақ із». Повесть және әңгімелер. 1988; «Араша». Повесть, әңгімелер. 1989; «Саян». Повесть. 1992;
Бұл — Бекеңнің иемденген жүлделері мен жарық көрген көркем шығармаларының тізімі ғана. Ал егер Бекен Ыбырайымның республикалық газет-жорнал беттерінде жарық көрген сыни, ғылыми еңбектері мен көркем шығармаларының тізімін беретін болсақ, қалың биобиблиографиялық көрсеткіш беттерін толтырары анық.
Жалпы, Бекең – Алматы өңірінің тумасы. Ол қазақтың жаннатты жері – басын қар шалған Алатаудың бауырындағы Қарасай ауданы, Октябрь кеңшарында (қазіргі Байбосын ауылы) туып-өскен.
Бекен Ыбырайымның биік мәреден көрінуіне өсіп-өнген ортасы мен Алматы шаһарындағы атышулы Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-де білімін молайтуы мен сондағы ұстаздардың игі әсері болғандығын айтқанымыз абзал. Олай дейініміз, ұстазы Тұрсынбек Кәкішевтің бағыттауымен әдеби сынға араласты.
Университетті бітіре салысымен (1973ж.) алғашқы рецензиясы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді. Бекеңнің бойына біткен асыл қасиеттер – адал еңбек ету мен биікке деген ұмтылыс бұл жолда өз жемісін берді деп білеміз. Әрине, бұл тұста әкеден дарыған, бойға біткен табиғи дарынның да байқалғаны рас.
Қай қаламгер болса да, ол әдебиет әлеміне «сөз патшасы» өлеңмен енетіні белгілі. Және алғашқы өлеңдерінде жастықтың жалыны, махаббаттың жалауы желбіреп, сезім сырлары суреттелетіні заңды көрініс екені тағы рас.
Алғашқы тырнақалды өлеңдері «Таң шапағы» атты жыр жинағында жарияланды:
Отырысы-ай қарындастың нұрланып,
Қарамайын, қалар бәлкім бұлданып.
Кешіріңіз, қарамайын десем де,
Көзі құрғыр қарап қойды ұрланып… –
Алайда Бекең уақыт талабына орай сын жазуға ойысты. Әсіресе, 1977-1982 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөлімінде қызмет атқаруы бұл бағытқа біржола бұрылуына себепші де болды. Оның жарияланған басылымдарға аса ыждағаттылықпен қарап, білгір әрі білімді сыншы ретінде пікір білдіруі қай кітап авторын болсын мойынсұнуға мәжбүрледі.
Осы жылдардағы жазылым-дарының нәтижесі дерлік сын еңбектерінің топтамасы «Көркемдік көкжиегі» (Әдеби сын. 1981); «Ой мен сөз» (Әдеби сын. 1985) деген атаумен жарық көрді. Бұл әдеби сын мақалалар жинағында Бекеңнің сол тұстағы әдеби процестің тыныс-тіршілігін теориялық тұрғыда қарастыруға ден қойып, көкейтесті ойлар сабақтастығын байқаймыз. Анығын айтқанда, эстетикалық талапқа сай, көркемдік деңгейі жоғары әдебиеттің түрлі жанрындағы шығармаларға жазған ғылыми-сын еңбектерінде өзінен бұрын бұл көркем туындыларға осы тарапта мақалалар берген үлкенді-кішілі ғалым-сыншылар байқап-ескермеген жайттарды түстеп-түгендеп бергені әдеби қауымның есінде деп білеміз.
Ал 1987 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына қызметке ауысқаннан бастап, Бекен Ыбырайым бұрын қалам тербеп, көркем шығармалар жазып, жариялаған балалар әдебиетін зерделеуге ойысты. Және осы сала бойынша «Қазіргі қазақ балалар повесінің көркемдік ерекшеліктері» (1990) атты тақырыпта кандидаттық және «Қазіргі қазақ балалар прозасы және рухани эстетикалық даму мәселелері» тақырыбында докторлық (1998) диссертацияларын қорғады. Әуелгі ғылыми жұмысында балалар повесіне қалам тартқан сол тұстағы қаламгерлердің, нақтылай айтқанда, М.Байғұтов, П.Дүйсенбин, М.Құлкенов, М.Қаназов, М.Гумеров, М.Айымбетов, М.Сүндетов, Т.Нұрмағамбетов, С.Асылбеков және тағы басқалардың көркем шығармаларын байыптай келіп, бұл жанрда өмір шындығын көркемдік тұрғыдан игерудегі артықшылықтары мен кемшіліктерін де атап көрсетеді.
Ғалым келесі зерттеу еңбегінде бүгінгі таңдағы балалар прозасының хал-ахалын рухани эстети-калық даму негізінде пайымдады. Осы жанрдағы қазақ жазушыларының туындыларына тамаша талдау жасады. Сондай-ақ, қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдегі даму заңдылығын, мәтіннің маңыздылығын, нұсқа-
ларын айқындай келіп, жанр түрлері дамуының негізгі тармақтарын айқындады; эстетикалық ерекше-ліктерін көрсетіп, қазіргі тарихи-әдеби процестің негізгі белгілеріне сипаттама берді.
Қазақ әдебиеттану ғылымында өзінің таным таразысымен, толағай тұжырымымен танылған сыншы-ғалым кеңестің керзаманында кернеудегі көрікті ойлары мен көркем сөздерін дәуірімен үндестіре, шеңберге шендестіре шебер шиырлады.
Бекеңнің әр жылдарғы жазбаларын жинақтап шығарған «Сөзтану әлемінде» (2016 ж.) атты ғылыми танымдық зерттеулер топтамасына сонау 1978 жылдардан бергі қазақ әдебиетінің көркемдік ерекшеліктері мен әдебиеттану саласындағы түрлі пікірсайыстарда айтқан не жазылған тұшымды тұжырымдары, шынайы пейілге негізделген пайымдары түзілген болатын.
Сондай-ақ, сарабдал сыншы ретінде ол әлем әдебиетінің жауһарларымен теңдес көркем шығармалар берген қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының шығармашылық портреттерін жасады. Атап айтқанда, Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Бердібек Соқпақбаев, Сәкен Жүнісов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Марал Ысқақбай, Оралхан Бөкеев және т.б. творчествосын әдеби даму үрдісінде жіті саралай отырып, туындыларының сонылығын, ерек-шеліктерін көркем-эстетикалық бағалаудың теориялық негізінде пайымдайды.
Бұл кітапта Бекең ғалым ұстазы Тұрсынбек Кәкішев, академиктер Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Рахманқұл Бердібай мен Мырзабек Дүйсенов, Марал Ысқақбай жайындағы жазбаларында сыншы, ғалым ағаларымыздың әдеби сынның кемелденуі мен дамуына қосқан үлесін айқындауда сол кездегі әдебиеттанудың түйінді мәселелерімен сабақтастықта алады. Қай тұлғаның болса да, қалыптасу жолын жалаң алмай, тоталитарлық жүйе қысымындағы қазақ әдебиеті мен тарихының өзекті тақырыптарымен тығыз байланыста зерделейді. Сол арқылы сыншы тұлғасына тән кәсіби біліктілігін, шеберлігін және елдік мүддеге адал қызмет етудегі азаматтық ұстанымын нақты әдеби және тарихи деректермен дәйектейді.
Жинаққа енген замандас тұлғалар (Cағат Әшімбаев пен Құлбек Ергөбек) туралы жазған эссе, естеліктері достық пейілден туған, жүрекжарды толғаныстар екені анық.
Бекеңнің «Қазақ әдебиетінің тарихы» («20-жылдардағы қазақ лирикасы», «Отызыншы жылдар-дағы қазақ лирикасы мен поэмалары», «Қасым Аманжолов», «Сырбай Мәуленов» бөлімдері) жинағы туралы ғалым Қанипаш Мәдібай: «Бекен Ыбырайым елу жылға жуық қарайлап, қадалып, қарап келе жатқан қазақ поэзиясының бір ғасырлық тарихы, даралық тәжірибесі түзілген қос томдық «ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясы» жинағының 1 кітабында (2019) дәуірдің саяси беталысы, ғасыр басындағы ұлт-азаттық серпіндер, руханият мәселесіндегі тарихи алғышарттар ауқымында қыруар дерек, дәйек айналымға тартылып отырады» — дей келіп, сол тұстағы қазақ поэзиясына құбылыстық сипат әкелген ерекше дара тұлғалардың өлең өрнегіндегі ерекшеліктерін қалай пайымдағанына тоқталған еді.
Шынында, Бекең бұл жинақта Мағжан, Сәкен, Ілияс, Иса, Қасым, Сырбай сынды қазақ поэзиясын, оның ішінде лирика жанрын жаңғыртып, жаңалық енгізген таланттарды әр қырынан сипаттаған.
Ыбырайым шығармашылы-ғының ерекше бір қыры – оның қазақ балалар әдебиетінің жеткен жетістігімен қатар, кем-кетік тұстарын да әлем әдебиетінің жауһарларымен салыстыра салмақтап, дәйектеп қана қоймай, кемшінді толықтыруға өз тарапынан талпыныс жасауы. Ол балалар әдебиетінің, өзі айтқандай, «сырлы әлемнің» сырларына қаныға жүріп, осы салада көркем шығармалар жазды. Және оның бұрындары қалам тербеп, балалардың ой өрісі мен танымына сәйкестендіріп жазған повестері мен әңгімелері де бұл ретте тәжірибе жинақтауға әрі шеберлік шыңдауда өз нәтижесін берді деп білеміз.
Бекеңнің 2000 жылы Мәскеуде жарық көрген әңгімелер жинағы («SOS» с того света. Рассказы) мен былтырғы жылдары «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына ие болған «Іздер құпиясы» атты детективтік романы – бұл айтылымның жарқын көрінісі. Бекең 2020 жылы «Көгершін» деген атаумен балаларға арнап жорнал шығарды. Ондағы ойы – жас жеткіншектерді шетел әдебиетімен таныстыру, әрі қазақ балалар әдебиетінің жанрлық әрі көркемдік тұрғыда дамуына септігін тигізу еді.
Қарымды қаламгер өзінің осы ғұмырында әдебиет майданына белсене араласып, оның әдеби сын мен ғылымы саласында тамсантар туындылар бергені баршаға белгілі. Әсіресе, ол балалар әдебиетінде өнімді еңбек етіп, өзіндік ізденіс, жаңалықтар енгізген жазушы ретінде бағалануда.
Ендігі айтарымыз, бүгінгі күні бүкіл жұртшылық, әдеби қауым кемеліне келіп, толып-толысқан Бекен Бекмұратұлынан әлі де талай көркем шығармалар мен ғылыми-сын туындылар береді деп күтуде. Ол үшін Алла оған зор денсаулық, шалқар шабыт, ұзақ ғұмыр берсін дейік!
Сейфитден Сүтжанов,
филология ғылымдарының докторы.