Биыл мамыр айында бүкіл әлем Дүниежүзілік метрология күнін және Метрикалық Конвенцияның 150 жылдығын атап өтпек. Бұл — адамзат өркениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тарихи оқиға. Өйткені дәл осы құжат Халықаралық бірліктер жүйесінің негізін қалап, өлшемдердің бірыңғай жаһандық стандартына жол ашты. Өлшемдегі дәлдік — ғылым мен техника дамуының, экономиканың өркендеуі мен күнде-лікті өмірдегі қауіпсіздіктің басты кепілі екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
1875 жылдың 20 мамырында Парижде 17 елдің өкілдері қол қойған бұл Конвенция Халықаралық өлшемдер мен салмақтар бюросының (BIPM) құрылуына себеп болды.
Қазақстанда метрология тарихы өткен ғасырда бастау алады. 1923 жылы Семей қаласында алғашқы өлшеу құралдарын тексеретін мекеме – Омбы тексеру палатасының бөлімшесі ашылды. Ол кезде тексеру деп аталатын бұл үдеріс сауда мен өндірісте қолданылатын қарапайым құралдардың көрсеткіштерін неғұрлым дәл эталондармен салыстыру арқылы жүзеге асырылды.
1929 жылы бұл мекеме Қазақ өлкелік өлшемдер мен салмақтарды тексеру палатасы болып қайта құрылып, Алматы, Орал, Петропавл және Ақтөбе бөлімшелерімен кеңейді. 1930 жылы ол Алматыға көшірілді. Ал бастапқыда тек таразы, гір тасы, ұзындық пен көлем өлшемдері, манометрлер секілді қарапайым құралдар ғана тексерілсе, елдің экономикалық-мәдени дамуы артқан сайын тексеру органдары да көбейіп, құралдардың түрлері де күрделене түсті.
Қазақстанда метрология саласының шын мәніндегі қарқынды дамуы 1960-жылдары басталды. Облыстарда екінші және үшінші деңгейдегі зертханалар салынып, заманауи эталондық құралдармен жабдықталды. Ал 1971 жылдан бастап Қазақ КСР-де өлшеу құралдарының бірыңғайлығына мемлекеттік бақылаудан гөрі өлшем бірлігін қамтамасыз ету бағытына көшу үрдісі басталды. Бұл бүкіл КСРО-ға ортақ маңызды бетбұрыс еді.
Бүгінгі таңда метрология — аккредитация, стандарттау және сәйкестікті бағалаумен қатар, Ұлттық сапа жүйесінің ажырамас бөлігі. Бүгінде бұл сала өнеркәсіптен бөлек, адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, климаттың өзгерісімен күресте де септігін тигізеді. Әсіресе, Павлодар облысында бұл сала үлкен даму жолынан өтті. Облыс аумағында 20-дан астам калибр-леу және тексеру зертханасы жұмыс істеп тұр. Олардың ішінде «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның Ақсу ферроқорытпа зауыты, «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ, «Павлодарэнерго» АҚ, «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ-ның филиалы, «ЭкоМетр» ЖШС, «Метролог ПВ», «Гринпром ПВ», «ҚазТрансТахограф», «ПМХЗ» секілді ірі өндіріс ошақтарының зертханаларын ерекше атап өтуге болады.
2025 жылғы Дүние-жүзілік метрология күні «Барша адам үшін — барлық уақытта өлшеулер» ұранымен өтеді. Бұл — өмірдің барлық саласында – медицинадан бастап сауда мен экологияға дейін – өлшеудің дәлдігі қаншалықты маңызды екенін ұғындыратын ұран.
Қазақстан — метрология саласында халықаралық деңгейде мойындалған инфрақұрылымға ие ел. Онда мыңдаған жоғары білікті мамандар еңбек етіп, өлшеудің дәлдігі мен сапасын қамтамасыз етіп келеді. Осы ретте Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті бұл саланың ардагерлері — А.Төлегенова, К.Каримова, Н.Ким, Р.Исин, Б.Ибраева, Е.Смирнова, С.Попов, А.Суманосов сияқты азаматтардың ерен еңбегін ерекше атап өтуге болады. Олар — еліміздегі өлшем бірлігінің мемлекеттік жүйесін дамытуға зор үлес қосқан тұлғалар.
Метрология – бұл жай ғана сандар мен құралдар емес. Бұл – сенім мен сапа, қауіпсіздік пен даму кепілі. Сондықтан бұл салада еңбек етіп жүрген әр маман құрметке лайық. Баршаңызды кәсіби мерекемен құттықтай отырып, еңбектеріңізге табыс, жаңа биіктер мен ғылыми жетістіктер тілейміз!
Айбек ӘЛІБАЕВ,
ҚР Сауда және интеграция министрлігі
Техникалық реттеу және метрология комитетінің
Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы.