Әйел жылаған үйде бақыт болмайды

Мам 15, 2025

Күйеуінен жәбір көрген әйел. Әкесінің қаһарынан қорқып, тізесін құшақтаған ұл мен қыз. Берекесі қашқан отбасы… Қоғамда дәл осындай көріністі азайту мақсатында осыдан тура бір жыл бұрын шаңырағының шырқын бұзатындарға жаза қатаңдап, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» Заңның талаптары күшейтілген болатын. Құжаттағы өзгертулер отбасын ойрандағандарды ойландырды ма? Нәтиже қандай?

Бұған дейін  ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне жатқызылып келген  73-баптың 2-тармағы – ұрып-соғу фактісі ҚР Қылмыстық кодексінің 109 бабының 1-тармағына ауысқан болатын. Ресми мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері облыста 8 қылмыс тіркелген. Бұл фактілердің орын алуына ерлі-зайыптылардың ішімдік ішуі себеп болған.

109-баптың 2-тармағы – денеге жеңіл дәрежеде зиян келтіру фактісі бойынша аймақта орын алған қылмыс көп. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 73-бабы — отбасындағы ұрыс-керіс, қызғаныштан туындаған жанжал бойынша 847 жағдай тіркелген. Өткен жылы бұл статис-тика 1013-ті құраған.

— Заң қатаңдағалы әйел адамдарға қатысты әкімшілік құқықбұзушылықтар саны азайды. Бірақ қылмыстық фактілер көбейіп тұр. Ағымдағы жылдың алғашқы үш айы ішінде облыста отбасыларда 16 қылмыс тіркелді. Өткен жылы тек 6 факті орын алған еді. 16 қылмыстың ішінде  кісі өлімі, 106-бап – денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша 4 қылмыс орын алып, қалған фактілер 120-бап – зорлық-зомбылық көрсету бабы бойынша тіркелген. Осы қылмыстың бәрі алкогольді тұтыну салдарынан орын
алған. Ерлі-зайыптылар ара-
сында әкімшілік, қылмыстық жағдайлар ішімдік салдарынан туындайды. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, қаражаттың жетіспеушілігі және қызғану фактілері отбасындағы жанжалға себеп болып отыр, —
дейді Павлодар облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бөлімінің Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Бақытжан Турсаринова.

Адам өліміне себеп болған бірнеше фактіге тоқталып өтейік. Наурыз айының соңында әйел адам өзінің жігітімен үйде ішімдік ішкен. Кейін ащы суға тойып алған ер адам басқа бөлмеде жатқан әйеліне пышақпен қоқан-лоқы көрсеткен. Екеуінің арасында жанжал туындап, төбелес кезінде әйел жігіттің қолындағы пышақты жұлып алған. Арпалыс кезінде жігіттің кеуде тұсына пышақ кіріп, оқиға орнында қайтыс болған.

Дәл осындай оқиға Ақсу қаласында тіркелген. 1957 жылы туған зейнеткер 1952 жылғы күйеуінің сол жақ кеуде тұсына пышақ сұғып, мерт қылған. Бұған дейін сотталмаған әйелге қатысты іс қозғалды. Тергеу кезінде қайғылы оқиғаға қызғаныш себеп болғаны анықталды.

Тағы бір жағдайда невро-логиялық ауытқулар бойынша есепте тұрған 2002 жылғы жігіт отын әкелуді өтінген 1963 жылғы тәтесін бірнеше жерден пышақпен жарақаттап, мерт қылған. Қайғылы оқиғалардың бәрі ашу үстінде жасалғаны өкінішті…

Үйінен қашып шыққан немесе күйеуі қуып жіберген әйелдер облыс орталығындағы Қамзин көшесінде орналасқан Дағдарыс орталығын паналайды. Жыл басынан бері осы орталыққа ауыр жағдайда қалған, барар жері жоқ 32 әйел жүгінген. Оның ішінде 19 әйел 23 баламен Дағдарыс орталығына орналастырылды. Күйеуінен жәбір көрген қыз-келіншектерге қажетті заңнамалық, психологиялық көмек жан-жақты көрсетілді.

ҚР Ішкі істер министрлігінің №50 бұйрығына сәйкес, ағымдағы жылдың қаңтар айында полиция департаменттерінде Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімдері ашылды. Полиция басқармаларында бөлімшелер ашылды. Бүгінде облыстық полиция департаментінде мұндай бөлім-дерде 48 маман жұмыс істейді.

— Ерлі-зайыптылар арасында кикілжің туындаған жағдайда шақыртуға ең алдымен учаскелік инспекторлар баратыны белгілі. Тәжірибеде күйеуінен таяқ жеген әйелдер инспекторларға жан сырын ашып айта алмайтынын көрсеткен. Осы орайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жаңа ашылған бөлімшелерге әйел мамандар ғана қабылдануда. Қазір облыстағы бөлімшедегі штат саны толықтырылуда. Мамандар ерлі-зайыптылар, ана мен бала, әке мен бала, отбасындағы туыстармен байланыс орнатып, жан-жақты көмек көрсетумен айналысады. Яғни, бізден көмек сұраған әр әйелге қолдан келген жақсылықты аямаймыз. Әлеуметтік қызметкерлер, медициналық, психологтың да көмегі қарастырылған — дейді Бақытжан Ескендірқызы.

Жанұядағы кикілжіңнің  алдын алуда 102 қызметі, 8 (718)
2 37-80-11 нөмірі бойынша кезекші оператор жұмыс істейді. Сонымен қатар, Дағдарыс орталығында
8 (718) 2 54-03-03 нөмірі тәулік бойы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 111 және 150 желілері де күні-түні  қызмет көрсетеді.

— Отбасылық зорлық-зомбылықпен күресу мәселесі тек полицияға ғана жүктелмеуі керек. Отбасы – мемлекеттің тірегі, қоғамның айнасы. Балалар жетім немесе қаскүнем әкесінің қас-қабағына қарап өспесін десек, бұл проблемамен қоғам болып күресуіміз керек. Үйінен қуылған әйелдер мен балаларға полиция және Дағдарыс орталығы ғана көмек көрсетіп отыр. Біз жұмыс барысында бір күнде жаяу жүріп 300-ден астам отбасының жағдайымен танысамыз. Екінші Павлодар шағын ауданында әрбір 6-ншы үйдің жағдайы жаға ұстатарлық деңгейде. Жанжалдың басым көпшілігі жұмыссыздықтан туындап отыр. Екі қолға бір күрек таппай отырғандардың ішімдікке салынатыны сондықтан. Егер жауапты мамандар отбасындағы проблеманы шешуде әр отбасының жағдайымен жеке танысып, оларға жан-жақты көмек көрсетсе, жанұядағы кикілжің азаяры сөзсіз, —
дейді Б.Турсаринова.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.