Облыстық И.Байзақов атындағы филармонияда Қазақстанның Халық әртісі, дәулескер
күйші, композитор және дирижер Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай «Құстар әні» атты концерттік бағдарлама өтетінін және оркестрге асылдың сынығы Дінзухра Тілендиева жетекшілік ететінін естідім. Сөйтіп, не де болса белгілі композитордың қызынан сұхбат алу керегін мақсат еттім. Алайда ой-санамда «Мұндай белгілі адамдар сұхбат беруге келісе ме екен?» деген күдік пайда болмасы бар ма? Бірақ қуанышқа орай, екі сағаттық концерттен соң бүгінде Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестріне көркемдік жетекшілік ететін әрі оркестрдің бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Нұрғисақызымен әңгімелесуге мүмкіндік туды.
— Дінзухра Нұрғисақызы, Павлодар өңіріне қош келдіңіз. Бұл сіздің Павлодар қаласына алғаш келуіңіз бе?
— Көп рақмет! Жоқ, Павлодар қаласына осыдан 10 жылдай уақыт бұрын келген болатынмын. Әкемнің қос бауыры болған екен. Бірі ерте қайтыс болса, екінші бауыры соғыстан қайта оралмай, хабар-ошарсыз кетіпті. Сол кісіден туған Лариса әпкем қазір Павлодар қаласында тұрады. Сондықтан бұл өңірге жиі келіп тұрамын десем болады.
— Музыкаға өз таңдауыңыз бойынша келдiңiз бе? Әлде әкеңiздiң ықпалы басым болды ма?
— Менi музыкаға жетелеген әкем едi. Бiрақ кiшкене кезiмнен музыкаға жақын болып өстiм. Менiң музыкаға деген қабiлетiм болмаса, әкем менi бұл салаға араластырмас та едi. Себебi, ол музыкадағы жасандылықты ұнатпайтын. Күләш Байсейiтова атындағы мектепке алты жасымда қабылдануыма да әкем себеп болды. Менiң саусақтарыма қарап, скрипка сыныбына алатын болды. «Қызыңыз скрипкаға кеттi» деп әкеме хабарлап, «мiне скрипка аламыз» деп отырғанда, әкем қарсы болды. Музыканың «королi» фортепианоға барады деп кесiп айтты. Сонымен қатар, музыка тiлi орыс тiлiнде болғандықтан, орыс сыныбына баруымды қатаң қадағалады. Сөйтiп, мен фортепиано сыныбынан бiр-ақ шықтым. Мықты деген мұғалiмнiң қолына тапсырды. Мектепте он екi жыл оқыдым, 8-сыныпта оқып жүргенiмде әкем қайтыс болды. Содан кейiн домбыра сыныбына жазылып, үзбей қатысып жүрдiм. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын өзiм таңдап, оқуға түстiм. Бұл кәсiптi жалғастыруыма анам бiраз қарсылық бiлдiрдi, бiрақ менiң алдыма қойған мақсатым айқын болғандықтан жолымды қақпады. Төлепберген Әбдiрашев ағамыздың сыныбына түсiп, кейiннен Нұрлан Саламатұлының сыныбын бiтiрiп шықтым. Содан кейiн өзiмнiң оқыған мектебiме жұмысқа тұрып, кiшiгiрiм ансамбльге дирижерлiк қызмет атқардым. Дирижерлiк тәжiрибем де сол жерде шыңдалды.
— Ал дирижер мамандығын таңдауыңызға не түрткi
болды?
— Бұл мамандықтың күрделi де, қиындығы да мол екенi анық. Сахнадағы өнер көрсетуден тыс шаруашылық, қаржылық, ұйымдастырушылық жұмыстары да бар. Сондықтан көп ешкiм бел шешiп, бара бермейдi. Алғаш-
қыда анам қарсы болды. Жүрек қалауымен таңдау жасағандықтан, маған ештеңе кедергi бола алмады. Әкемнiң көзiндей болған ұлттық аспаптар оркестрiне оралу, оның дамуына өз үлесiмдi қосу әкем алдындағы парызым деп бiлем. Сол үшiн де аянбай еңбек ету керек. Себебi, халық аялаған ұлдан қалған жалғыз тұяқпын. Оның үстiне осы оркестрдi әкемнiң өзi ұйымдастырғандықтан, әкемдi көргендей боламын.
— Әкеңіз Нұрғиса Тілендиевтің өнердегі жолы көпшілікке аян. Ал үйде қандай жар, қандай әке болатын?
— Әкем — өнегелі өмірін өнерге арнаған жан. Қазақ халқының терең жанын музыка арқылы жеткізіп, бар туындысын халқына арнады.
Иә, жұмысқа келгенде қаталдау болса, үйде, бала тәрбиесінде жұмсақ болатын. Бірақ, мінезі құбылмалы болды. Тез ашуланып, тез басылатын. Жалпы, әкемнің өнер адамы әрі көпке белгілі, сыйлы адам екенін марқұм ағам екеуіміз бала кезімізден біліп өстік. Жұмыс істеп отырғанында бөлмесіне рұқсатсыз кіріп мазаламайтынбыз. Себебі, жаны тыныштықты қалайтын. Әкем, тіпті судың сылдыры, масаның ызыңы шықпайтын тыныштықтың ортасында отыратын.
— Дінзухра Нұрғисақызы, бүгінде «Отырар сазы» оркестрінің басшысысыз. Бастапқыда қандай әсерде болдыңыз?
– Филармонияны аяқтайтын жылы мен К.Байсейітова атындағы мектепте оркестр дирижері болып жұмыс істедім. Сосын, дипломымды қолыма алғаннан кейін «Отырар сазы» оркестріне бас дирижердің ассистенті болып қабылдандым. Бір жылдан кейін талабымды байқап бас дирижер дәрежесіне көтерді. Мен оркестрді басқара бастағанда көрермендер мен айналамдағы жандар менен әкемдегідей биіктікті күтті. Сонымен қатар, әкеммен жиі салыстыратын болды. Ал бала кезден бірге өскен, өзім қатарлас музыканттар сынамай, мінемей, жақсы қабылдады.
— Сіздің балалық шағыңыздағы оркестр мен қазіргі оркестрдің арасында айырмашылық бар ма?
– Әрине, бар. Тіпті, айырмашылық жер мен көктей. Әкем өмірден озған соң «Отырар сазында» көптеген өзгеріс орын алыпты. Мысалы, құрамында адамдар азайған. Мен басшылыққа келген соң он адам қосылды. Қазір оркестрімізде 66 музыкант жұмыс істейді. Біз әйгілі оркестрдің деңгейін, абыройын, кәсіби шеберлігін және аспаптардың қадір-қасиетін жойған жоқпыз, барынша сақтап қалуға тырысып жатырмыз. Қазіргі кезеңде «Отырар сазы» тек ұлттық аспаптарды қолданатын Қазақстандағы жалғыз оркестр екені көпке мәлім.
— Биыл әкеңіз Нұрғиса Тілендиевтің туғанына — 100 жыл. Мерейтойға орай қандай шараларды өткізуді жоспарлап отырсыздар?
— Нұрғиса Тілендиевтің есімі халықтың жадында мәңгі сақтаулы. Сондықтан мен оған еш алаңдамаймын. Біз шетелге шыққан сайын әкемнің танымал шығармаларын орындаймыз. Шетелдегі жанкүйерлеріміз де қазақ өнерін, әкемнің туындыларын жақсы біледі. Бұйырса, ансамбльмен сіздердің өңірлеріңізге гастрольдік сапармен келіп қалуымыз әбден мүмкін.
— Ал өзіңіз жазған музыкалық шығармалар бар ма?
— Әзірге ән шығармаймын. Бірақ домбыраға деп арнап жазған бірқатар шығарманың жөн-жобасы ойымда тұр. Тек оны жазуға уақыттың тапшылығы мен шабыттың болмауы кедергі келтіріп тұрғаны бар. Егер сондай қолайлы сәт туып жатса, өзімнің де туындыларым жарық көріп қалары анық.
— Сіздің шын есіміңіз Дінзухра екенін білеміз. Алайда сізді көпшілігі «Динара» деп атайды екен… Мұның сыры неде?
– Иә, әкем мені Динара деп еркелететін. Біздің отбасымыз Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың отбасымен жақын қарым-қатынаста болды. Үйіміз де жақын орналасқан еді. Дінмұхамед Қонаев және оның жұбайы Зухра Шәріпқызының құрметіне менің есімімді «Дінзухра» атаған екен. Ағам екеуміз сол кісілердің үйіне жиі баратынбыз. Димаш атамыз өзге елдердегі сапарынан әкелген тәттілерін бізге беріп, қылығымызды қызықтап отыратын. Димаш ата бізді ерекше жақсы көрді және қамқорлығын аямады. Мектеп табалдырығын алғаш аттағанда сол кісі сыйлаған сөмкемен барғаным есімде.
— Нұрғиса Тілендиев секілді ұлы композитордың қызы болу қиын ба?
— Нұрғиса Тілендиевтің қызы болу –
маңдайыма жазылған бақыт деп білемін. Әрине, мұндай әкенің қызы болу оңай емес. Себебі, елдің назары менде болады. «Әкесінің ісін қалай жалғастырып жатыр екен, әкесінің атына кір келтірмей жүр ме екен?» деп сын көзбен қарайтындар да бар. Меніңше, бала әкесіне яки анасына ұқсауы, солардың жолын қууы шарт емес, әр бала өз жолын табуы керек. Әр адамның өмірде де, өнерде де өзіндік қолтаңбасы болғаны дұрыс деп ойлаймын. Әрине, әкемнің деңгейіне жету, әкемнен асып түсу — менің қолымнан келмейтін іс. Бірақ әкемнің ісін әрі қарай жалғауды өзіме парыз етіп алғаннан кейін, әке атына кір келтірмеуге тырысатыным даусыз.
— Музыкант болмағанда басқа қай саланы таңдар едіңіз?
— «Музыканы, өнерді бекер таңдаппын» деп ешқашан өкінген емеспін. Өйткені, музыка мені таңдады. Ол — менің тағдырым. Елордаға қоныс аударып, басқа салаларға үлес қосуға аса ынталы емеспін. Себебі, «Отырар сазы» – әкемнен қалған асыл мұра. Оның жолын жалғау — маған парыз әрі зор жауапкершілік. Тыңдармандар тек эстраданы емес, ұлттық құндылығымызды дәріптейтін әсем әуенге де құмартса ғой деп армандаймын. Ол үшін әрбір ата-ана перзентінің бойына ұлттың асыл қасиеттерін жастайынан сіңіру керек. Мәдени іс-шараларға жиі апарып, баланың көңіл көкжиегін кеңейткен кезде ұлттың музыкасына да жанашыр ұрпақ қалыптасатын болады.
— Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге көп рақмет! Өнердің биік шыңдарын бағындыра беріңіз.
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.