Абайды әлем оқиды

Мам 22, 2025

Қазақ ақын-жазушыларының арасында өзге тілге ең көп аударылғандардың бірі — Абай Құнанбайұлы. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапхана қорында ақынның бес шет тіліне аударылған кітаптары сақталған.

Абайды бүкіл әлем оқиды десек артық айтқан болмаймыз. Интернет деректеріне қарап отырсақ, Абай шығармалары әлемнің 30-дан астам тіліне аударылған екен. Ал осыдан 5 жыл бұрын ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әлемнің 10 тіліне аударылды. Атап айтсақ, ақын мұрасы ағылшын, араб, қытай, испан, итальян, неміс, орыс, түрік, француз және жапон тілдерінде сөйлеп, әлемге жол салды.

— С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Абайдың бес тілдегі кітабы сақталған. Атап айтсақ барлық кітаптары қазақ және орыс тілдерінде екені баршаңызға мәлім. Сонымен қатар, ағылшын тілінде поэзия және прозалары аударылған. Ол 2020 жылы Халықаралық Абай клубының қолдауымен Семей қаласында шыққан. Одан бөлек қытай тіліндегі кітаптары бар. Ол 1995 жылы қытайдағы қазақ жазушысы Әкпар Мәжитұлының аудармасымен басылған. Кітап Қытай Халық республикасының ұлттық баспасында шығарылған. Сонымен қатар, 2020 жылы ақынның қара сөздері мен өлеңдері үнді тіліне аударылып басылды. Оған ақынның 45 Қара сөзі мен 40-тан астам өлеңдері кірген, — дейді кітапхана директоры Шолпан Шахметова.

Осы ретте ұлы ақын шығармаларын әлем тілдерінде сөйлетіп жүрген аудармашылар туралы да айта кетуді жөн санадық. Жалпы, Абай арқылы қазақ әдебиеті мен мәдениетін әлемге айшықтау жұмысында халықаралық «Абай клубының» еңбегі зор. Бұл бағытта әйгілі жазушы Роллан Сейсенбаевтың халқаралық деңгейдегі ірі жобалардың жүзеге асуына ұйытқы болғанын естен шығармау керек.

Абайдың көптеген өлеңдерін орыс тіліне орыстың ХХ ғасырдағы ұлы ақындарының бірі Юрий Кузнецов аударған екен. Ал Қара сөздерін орыс әлемімен қауыштырған белгілі аудармашы Клара Серікбаева. Ал ағылшынның әйгілі ақыны, аудармашы, түркітанушы Ричард МакКейн Абай мұрасының ағылшын тілінде басылып шығуына зор еңбек сіңірген.

Абайдың өлеңдері мен «Қара сөзін» француз тіліне аударған Антуан Гарсиа. Ол – Лев Толстойдың, басқа да атақты орыс жазушыларының шығармаларын аударып, Па-рижде кітап қылып шығарған белді аудармашы. Сонымен қатар, қазақ жерінің тумасы, неміс, қазақ, орыс тілдерін жетік білетін неміс қаламгері Лариса Захарова ақынның бірталай өлеңін неміс тіліне аударып шығарған.

Тілеуберді САХАБА.