Интернет алаяқтық асқынып тұр

Мам 22, 2025

Қоғамда алаяқтық фактісінің белең алуына тұрғындардың аңғалдығы себеп болып отыр. Құқық қорғау өкілдері жұртшылықты сан мәрте ескертсе де, әккілердің арбауына түсіп қалатындар азаймай отыр. Қазір Павлодар облыстық полиция департаментінің мамандары ауылдарды аралап, халықты алаяқтардың жымысқы әрекетінен сақтануға шақыруда.

Жуырда полицейлер Атамекен кентіне барып, ауыл тұрғындарына оңай пайданы көздеушілердің жиі қолданатын әрекеттерін айтып берді. Мамандар айлакерлер бұрынғы есепшотқа ақша аудару, онлайн дүкен арқылы тауар сату, ұялы телефонның SIM-картасының мерзімін ұзарту, банк қызметкері болып хабарласу сынды схемалардың әлі де барын жасырмады.

Мәселен, жуырда павлодарлық «Iphone 16 Pro max» телефоны үшін алаяқтарға 1 млн теңгеден астам қаражатты санап берген. Қазір халықтың басым көпшілігі Instagram әлеуметтік желісін белсенді пайдаланады. Алаяқтар да осы мүмкіндікті жақсы игерген. Жалған дүкен парақшасын ашып, бағалы тауарларды арзан бағада ұсынып, жұртты қызықтырады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін жоғарыдағы оқиғаға толығырақ тоқталып өтсек. Павлодар қаласының тұрғыны әлеуметтік желі арқылы екі «Iphone 16 Pro max» ұялы телефоны бар болғаны 1 млн 160 мың теңгеге сатылып тұрғанын көрген. Бағасына қызыққаны сонша, бір төлем арқылы екі телефонды алатынына қуанып, аз уақыттың ішінде танымайтын сатушының есеп-шотына қаражатты аударған. Көп ақшаға кенелген сатушы дереу парақшаны бұғаттайды. Миллион теңгеден айырылған павлодарлық телефонсыз қалады.

— Танымайтын адамға қашықтан ақша жіберуге болмайды. Онлайн дүкеннен тауар сатып алмас бұрын парақшаны толық зерттеп, пікірлерге мән берген дұрыс. Сатып алғалы тұрған тауарды видеоқоңырау арқылы қарап, барына көз жеткізу керек. Тек сенімді болғанда ғана қаражат аударуға болады, — дейді Павлодар қалалық полиция басқармасы орталық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Дәуіт Саттар.

Қазіргі уақытта алаяқтар адамдардың WhatsApp парақшасын бұзып, таныстарынан ақша сұрауды әдетке айналдырған. Мұндайда жазу мәтініне мән беру керек. Яғни, алаяқ бір мәтінді құрастырып, соны бәріне жолдайды. Танысыңыздан қомақты қарыз сұрағаны жөнінде хабарлама келсе, оның нөмірін бұғаттап, басқа нөмірден қоңырау шалу арқылы жағдайын білуге болады. Алаяқтар SIM-карталардың жарамдылық мерзімі өткенін, оны ұзарту керектігін айтып та хабарласады. Мұндайға да сенуге болмайды. Телефонға хабарласып, жеке код нөмірін сұраған болса, телефонның ар жағында алаяқ екенін білу қажет.

Алаяқтардың арбауына түскен уақытта бірден полицияға хабарласу керек. Бұл әрекет алданудан қорғайды. Мәселен, жуырда Павлодар қаласының тұрғыны Kaspi мобильдік қосымшасы қашықтан жіберілген есепшотқа 60 мың теңге аударған. Жеке кәсіпкерлік иесінен жауап болмағандықтан, ақшасының далаға кеткеніне уайымдап, дереу учаскелік полиция инспекторлары Дәуіт Саттар мен Айтан Әбілқасовқа жүгінеді. Мамандар әйел ақша жолдаған есепшот арқылы жеке кәсіпкерлік иесіне хабарласады. Сөйтсе, алаяқтар әлгі кәсіпкердің есепшотын бұзып, жалған сауда жүргізбекші болған. Бұдан бейхабар болған кәсіпкер полицейлер айтқан әрекетті орындап, есепшотын қорғап, әлгі әйел аударған қаражатты кері аударып жібереді. Сөйтіп, тәртіп сақшылары сатып алушы мен кәсіпкерді де құтқарып қалады.

Енді жағаұстатарлық мына статистикаға қараңыз. Облыстық полиция департаментінің мәлі-метінше, жыл басынан бері 750 адам алаяқтарға алданған. Айлакерлер халықты алдау арқылы жалпы сомасы 500 млн теңгеге жуық қаржыны жымқырған.

— Алаяқтарды көбейтіп отырған халықтың өзі. Күн сайын әлеуметтік парақша, бұқаралық ақпарат құралдары және кездесулерде алаяқтардың жымысқы әрекеті туралы айтып, жадынамалар таратамыз. Бірақ тұрғындар тез сеніп, сан соғып қалып жатады. Олардың ішінде жастар мен қариялар да бар. Егер жұртшылық ескертпелерге құлақ асып, танымайтын адамдардың қоңырауына, арзан тауарларға күдікпен қараса, алаяқтық фактілері азаяр еді, — дейді учаскелік полиция инспекторы Айтан Әбілқасов.

Иә, алаяқтар заманауи технологиялар мен цифрлық платформаларды пайдалану арқылы алдаудың түрлі күрделі тәсілін қолдануда. Сондықтан әрбір желі қолданушысы алаяқтардың құрбанына айналуы мүмкін. Бұл қатерден әр адам өз-өзін қорғай алады.

Алаяқтықтың кең тараған бес тәсілі:

  1. Банк қызметкері ретінде хабарласу. Яғни, алаяқтар өздерін банк маманы ретінде таныстырып, күмәнді транзакцияларға сілтеме жасап, жеке деректерді сұрайды.
  2. Онлайн-сатып алудағы алдау. Бұл ретте жалған тауар жарнамасын жариялап, алдын ала төлем алған соң, хабарсыз кетеді.
  3. Фишинг сайттары. Бұл кезде ресми сайттарға ұқсайтын жалған ресурстар арқылы қолданушылардың логин, құпиясөзін иемденеді.
  4. Инвестициялық алаяқтық. Мұндайда қолайлы инвестициялық мүмкіндік ретінде ұсынылған алаяқтық платформалар салым салдыртып, қаражатты шешуге келгенде жоқ болады.
  5. Мессенджерлерді бұзу. Яғни, парақшаларды бұзып, таныс адамыңыздың атынан ақша сұрап, хабарлама жібереді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.