Пайдақұмарлыққа бой алдырған

Мам 22, 2025

Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының әр премьерасын асыға күтетін көрермен баршылық. Таяуда өнер ұжымы олардың назарына көпшілікке белгілі ақын, жазушы, драматург Бертольт Брехттың «Кураж шешей және оның балалары» және басқа да шығармаларының желісі бойынша «Пері қатын» деп аталатын драмалық абсурдты ұсынды. Қоюшы режиссер, сценограф – Овлякули Ходжакули. Аударған – Асылбек Ихсанов.

Қойылымның басты тақырыбы – соғыс. Ешкімді аямайтын, жуасты батыр, батырды тасжүрек қылатын соғыс адамдардың тағдырын ғана емес, бүтін бір ұлт пен мемлекеттердің тағдырын да өзгерте алатын алапат күшке ие. Адамзат тарихы соғыс пен шайқас шежіресінен тұрады. Отыз жылға созылған соғыс оқиғасының темірқазығы – Пері қатын. Біздің ұғымымыздағы Әйел–Ана образын Брехт түгін қалдырмай талқандап тастаған. Дәстүрлі түсінікте, ана баласы үшін жанын жаялық етіп төсеп, от пен суға түсіп, етінен ет кесіп беруге даяр. Бірақ Брехт бейнелеген Пері қатын бұл қасиеттің бәрінен жұрдай. Қайда болса да аяулы ана, әдемі әйел болып бейнеленетін асыл болмыс соғыстан пайда көрген, соғыстың арқасында балаларын асырап, ақшаға құл болған қу, айлакер әйелдің кепиетімен ауысқан. От пен оқтың ортасындағы астан-кестеңі шыққан өмірге, қирандыға, айналасында ажал құшып жатқан адамдарға шімірікпей қарап, еті өліп кеткен Пері қатынға басқа өмірдің, бейбіт өмірдің түкке де керегі жоқ. Соғыссыз, бейбітшілік заман болса, ол мынау көл-көсір табысынан қағылып, шырт түкіріп, шекесінен қараған шамасынан айырылып қаларын бақай есебімен жақсы біледі.

Бар өмірі күреспен өтіп келе жатқан қу, пайдакүнем Пері қатын елді алдап-арбап, тартысып-таласып жүріп соғыстың бар зұлымдығын өз бойына көшірген. Үш баласы бар. Үшеуі үш әкеден, тұрақтап тұрмыс құрмаған көкек әйел олардың әкесінің кім екенін өзі де анықтап айта алмайды. Пері қатынның балалық шағын соғыс  жалмап, өзі бойжеткен кезінде-ақ озбыр басқыншылардың қорлығына ұшыраған. Жалғызілікті, қорғансыз әйел өмір үшін жанталасып жүріп қалайша есерсоқ, періге айналғанын өзі де білмейді. Адамгершілікті табан астында ақшаға айырбас-тай салатын оны өзі өмір сүрген заманның құрбандығы десек те, ол өз өмірін өз қолымен жасаған. Бірақ бетпе-бет келсе, көп адамның сағы сынып, көтере алмайтын соғысқа да төтеп беріп, қиындықтың ішінен жол тауып, балаларын тістелеп жүріп жеткізген өте мықты, еңбекқор әйелдің ерлігі көрерменге ұнамайды. Оның пысықтығы, жанкештілігі жиреніш тудырмаса, құрмет туғыза алмайды.

Сахнада адуынды, қайсар мінезді Пері қатын образын Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, күні кеше «Құрмет» орденіне ие болған Ж.Аймауытов театрының әртісі Талжібек Атамбек сомдады. Сөзінше, бұл рөл бүгінге дейін берілген рөлдердің ішіндегі қиыны болыпты. Спектакльдің дайындығына үш айдай уақыт кеткен.

— Шынымды айтсам, маған бұл рөлді сомдау ауырға соқты. Себебі, кейіпкерім табиғатыма жат болды. Алайда кәсіби театр әртісі болғандықтан әрі маған осындай жауапты кейіпкер жүктелгендіктен барынша Пері қатынның ішкі жан күйін, тағдырын көрерменге жеткізуге тырыстым. Дайындық жұмыстарына үш айдай уақыт кетті. Бір айдай режиссермен онлайн нұсқада, қалған екі айда тікелей жұмыс істедік. Керемет бір дүние өмірге келді деп ойлаймын, — дейді актер Талжібек Жұмаділқызы.

Лондондық режиссер Овлякули Ходжакули бір отбасының тағдыры арқылы бүкіл қоғамның шындығын қопарады. Пьеса дәуірмен шектелмеген шартты бір әлемде өтеді. Мекені белгісіз, мұнда ешқандай мемлекеттің, нақты ұлттың аты аталмайды. Ол жерде адамдар көзге көрінбейтін, мылтықсыз майдан құрсауында қалған, оқиғаның өзі адамдарды күреске итермелейді. Жеңетін, жеңіліс табатын тарап жоқ. Тек арпалыс. Пьесада соғыс туралы айтылады, ал нақты соғыс сахнасы көрсетілмейді. Брехт XVI ғасырдағы отыз жылдық соғысты негізге алғанымен, бұл шет-шегі жоқ, ешқашан аяқталмайтын адамдар арасындағы соғыс туралы шығарма екенін түйсігіңмен тұспалдап отырасың. Құндылықтар қақтығысы. Бір сөзбен айтқанда, «өмірдің өзі – соғыс».

Жадыра БЕЙБІТҚЫЗЫ, театр көрермені:

— Қойылым қатты ұнады. Спектакль көп дүниені ойлауға мәжбүр етеді. Оның ішінде пайдақұмарлық, арсыздық, мақтаншақтық, нәпсіқұмарлық секілді жағымсыз мінездерді суреттейді. Қойылымды тамашалау барысында «Пері қатын осындай екен, ал мен кіммін? Өзімді адам ретінде сақтай алдым ба? Қоғамға пайдалы ісімді, жақсы мінезімді қоса алдым ба?» Спектакль әр адамның қоғамдағы өз рөлі туралы еріксіз ойландырады. Басты рөлді сомдаған Талжібек Атамбек өзінің ізденісімен, жауапкершілігімен өзінің кейіпкерін жан-жақты көрсете білді.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.