Ғажайыпқа толы «Музей түні»

Мам 22, 2025

Гүл — ерте заманнан бері суретшілерге, композиторлар мен ақындарға шабыт беретін көркем нысан. Оның түсі, пішіні, хош иісі талай өнер туындысының жарық көруіне себепкер болды. Сұлулықтың әрі әсемдіктің белгісіне айналған бұл тақырып жуырда Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде өткен «Музей түніне» арқау болды.

Музейдің бас қор сақтаушысы Ольга Пашконың айтуынша, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына тұспа-тұс келген аталмыш шара айрықша мәнге ие. Себебі, «Гүлшоқтарымыз батырлар үшін» атты музей кешінің бағдарламасы Отанымызды қорғаған батырларымызға деген терең тағзымымызды айғақтайды.

— Біз өнерге жақын әр адамның өзін шығармашылық қозғалыстың бір бөлігі ретінде сезінуі үшін осындай шараны ұйымдастырдық. Ал жергілікті кәсіби суретшілердің шеберлік сағаттары жиналған қауымның өнерге деген қызығушылығын ашуға себепкер болды. Нәтижесінде келушілер өз қолымен сурет салуға мүмкіндік алды, — дейді ол.

Халықаралық музей күніне орайластырылған музей түні көркемсурет музейінің бірнеше алаңында өтті. Мәселен, дәрісханада павлодарлық суретшілердің Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған көрмесі ашылды. Кіші залда қылқалам шеберлері Станислав пен Татьяна Чевтаеваның көрмесі ұйымдастырылып, олардың шеберлік сабақтарымен жалғасты.

Ал музейдің фойесінде қонақтарды биология ғылым-дарының докторы Наталья Тарасовская қарсы алды. Ол экспедиция кезінде біздің аймағымыздың елді мекендерінен жинаған шөптердің бейнелерін матаға кесте ретінде түсірген. Солардың бір тобын келушілер назарына ұсынды.

— Далалық ізденіс жұмыс-тарының нәтижесінде 2010 жылы өсімдіктің 545 түрі жиналды. Қазіргі уақытта олардың саны 900-ге жетті. Олардың қатарында жергілікті дақылдар да бар. Өткен оқу жылынан бастап біз осы экологиялық қолөнер тобын құруды ұйғардық. Бізде өсімдіктердің көптеген суреті бар. Өзім түсірілген фотосуреттен де, есте сақталған өсімдіктің түрлерінен де кесте тігемін. Алайда кесте тігуге жиі уақыт табыла бермейді, — дейді Н.Тарасовская.

Бұл алаңда, сондай-ақ, Павлодар қалалық көркемсурет мектебінің оқытушысы Светлана Рейннің шеберлік сағаты өтті. Онда шебер қағаз пластикасы техникасында көкнәр, күнбағыс және қызғалдақ композицияларын жасады. Олар линогравюра техникасындағы үш ұлы суретшінің портретін бейнеледі. Мәселен, күнбағыс гүлі – Ван Гог, көкнәр гүлі – Гүлфайруз Исмаилова, ал қызғалдақ гүлі Әбілхан Қастеевтің бейнесін суреттеді.

Келушілер үшін ерекше алаңдардың бірі флористикалық студияның «Кинзандағы букет» шеберлік сыныбының демонстрациясы болды. Ондағы шеберлік сағат сабағы болғанмен, қатысушылар әр гүлді арнайы стендке ине арқылы бекітіп, икебан үлгісіндегі гүл шоғын құрайтын процесті бақылай алды. Ал суретші Наталья Решетова жиналған қауымды гүлдердің бейнесін салуға арналған кескіндеме шеберханасымен таныстырды. Бұдан бөлек, бұл тақырыпта Елена Каркавина кескіндеме бойынша, Камила Байбулова балаларға арналған «Көңіл-күй гүлдері» сабағын өткізсе, Ольга Ловина келушілерді Шығыс елдерінің кескіндеме әлеміне енуіне себепкер болды.

Аталмыш музей түні әуезді әуендердің сүйемелдеуімен өтті. Үлкен залда классикалық әуендер ойнаса, кіші залда жас өнерпаздар рок стиліндегі шығармаларды орындады. Ал музейдің сыртқы алаңында граффитишілер ағаштарды полиэтиленмен орап, оған танымал суретші Нағымбек Нұрмұхаммедовтің портретін салды.

Музей түніне арналған шара «Вернисаж» сән театрының ұйымдастыруымен өткен «Гүлдер симфониясы» атты сән көрсетілімімен жалғасты. Павлодар қалалық политехникалық жоғары колледжінің студенттері өздерін бір мезгілге модель ретінде сезінді.

— «Гүлдер» топтамасы театры-мыздың 40 жылдығына орай дүниеге келді. Қазір көктем мезгілі болғандықтан, әр үлгінің ашық түстермен әрі әртүрлі гүлдермен безендірілуіне аса мән бердік. Топтамаға 30-ға жуық көйлек енді, — дейді театрдың жетекшісі Ольга Харитонова.

Көрме залдарына экскурсия жасап, шеберлік сағаттарға қатысқан қала тұрғындары мен қонақтары әдемі картиналардың адам психикасына оң әсер ететін қасиетін сезініп, классикалық өнердің ой салатын қуатына тамсанды.

— Өз басым облыстық деңгейде өтетін бірде-бір «Музей түнін» құр жіберген емеспін. Өзіме де, отбасыма да осындай музей мерекесі қатты ұнайды. Мұнда сан түрлі көрме де, әртүрлі тақырыптағы қызықты шаралар да өтеді. Биылғы «Музей түні» де көңілімізден шықты, — дейді кеш қонағы Меруерт Жылқайдарова.

Музей күніне арналған шаралар күндізгі уақытта Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінде ұйымдастырылса, кешкі уақытта «Ertis» мультимедиялық музейінде жалғасты. Бұл күні келушілер аталмыш музейдің тыныс-тіршілігімен танысып, қордағы тарихи әрі құнды жәдігерлермен танысты.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.