Қаржылық сауаттылық курстарына барған азаматтардың алдымен мамандар жеке қаржысына талдау жасайды. Себебі, кіріс пен шығысқа есеп жүргізілмеген жанның есесі түгел болмайды.
«Қарызсыз қоғам» жобасының аймағымыздағы менторларының бірі Зухра Тұрдиеваның айтуынша, дәл осы кіріс пен шығысты есептемегеннен көп адам ұтылады. Сондықтан, әрбір азаматтың жеке қаржысын жан-жақты талдайды.
Яғни, әр отбасы бюджетіне түсетін кірісті ескеруі тиіс. Кіріске жалақы, пассивті табыс, жеке кәсіпкерліктен түсетін табыс кіреді. Оның бәрі есептеулі, көлемін ескеріп отыру керек. Ендігі кезекте табыс бар, кіріс түсіп тұр деп оңды-солды жұмсай беруге тағы болмайды, дейді мамандар.
— Шығысқа да есеп жүргізу өте маңызды. Әрбір тиынды саналы түрде шығындау керек. Шығатын шығыстың екі түрі болады. Біріншісі — міндетті шығындар. Оған азық-түлік, ай сайын төленетін коммуналдық төлемдер, несие және тағы басқа да қажеттіліктер. Екіншісі — қосымша шығындар. Былайша айтқанда, артық шығындар. Мұнда қыдырыс, той-томалаққа жұмсалатын қаржы. Сонымен қатар, күнделікті артық заттар алуға кететін шығындар да жатады, — дейді Зухра Махмудқызы.
Яғни, кейбір адамдар қызығып аса қажет емес затты сатып алуға бейім болады. Мәселен, курсқа келген жандардың бірінің кірісі мен шығынын талдау кезінде күнде кешкі астан кейін отбасымен кока-кола сусынын тұтынатыны белгілі болған. Мамандар бірден дәл осы артық шығыннан бас тартуға кеңес береді. Әлгі әйел бір апта жеке қаржысына есеп жүргізіп, сусынды алуды доғарған. Бір аптада біршама ақша жиналып қалғанын айтып, менторларға бұл жаңалығын қуана жеткізіпті. Тіпті, бір апта бойы ішпегеннен ағзасы да оңалып, аяғының ауырғаны басылғанын айтып келіпті. Бұл ретте, азаматтарға артық шығыннан арылу үшін ерік-жігердің болуы аса қажет, дейді маман.
— Кіріс пен шығысқа аптасына немесе айына 1 рет талдау жүргізіп отырса, қаржының қаншалықты дұрыс жұмсалып жатқаны белгілі болады. Бүгінде есеп жүргізудің жолдары мен жағдайы көп. Мәселен, онлайн калькулятор да бар. Соған күнделікті жұмсаған ақшасын белгілеп отырса, көп жағдайды аңғара алады. Яғни, қаржысының көп бөлігі қандай бағытқа кетіп жатқанын біледі. Артық шығындардың қаншалықты екенін көреді. Осылайша, қорытынды жасап, алдағы қадамдарын айқындай алады, — дейді ментор.
Мамандар күтпеген, жоспарламаған шығындар болатынын да ескеру керектігін айтады. Сонымен қатар, менторлар тұрғындарды бюджетті құруға бейімдейді. Бұл дегеніңіз, кірісінің бір бөлігін жинауды үйренуі тиіс. Тым болмағанда 10 пайызын ертеңгі күні қысылған кезде қолдануға жарату үшін жинаудың қажетін түсінеді.
— Қаржылық жағдайды талдағанда тағы бір мән беретін бағытымыз – шығындарды азайту, оңтайландыру. Бұл ретте, біреу алды деп, өзіне соншалықты қажет емес затты алуға ұмтылмау керек. Кейбір мекемелерде әріптестері сауда-саттықпен айналысады. Ұжымына сол тауарларын көрсетіп, қызықтырады. Бұл кезде де шамаға қарап, сол тауарға дәл бүгін-ертең зәру болмаса, алмауды әдетке айналдырыңыздар дегім келеді, — дейді З.Тұрдиева.
Мамандар бұдан кейін қаржы жинау, депозитке қаржы салу жолдарын түсіндіреді. Депозитте ақша жинаса, оның үстіне пайыз түсіп, өсімдік қаражатты кішігірім қажеттіліктерін жұмсауға болатынын айтады.
— Жалпы, отбасылық бюджетті басқарудың классикалық үлгісі бар. 50/30/20 ережесі деп те атаймыз. Яғни, бюджеттің 50 пайызы — міндетті шығындарыңыз, қажеттіліктеріңіз. 30 пайызы өз қалауларыңызға жұмсалады. Оған дәмханада тамақтану, киноға, тойға, туған күнге бару, қыдыру және тағы басқалары кіреді. Ал 20 пайызы жинаққа кетуі тиіс. Кірісіңіздің осыншама бөлігін алып қойып, оны көбейту, инвестициялау жағын немесе қарызыңызды азайту жағын ойластыруды үйренсеңіз, ұтасыз, — дейді Зухра Махмудқызы.
Дегенмен, классикалық үлгіге шығындарыңыз келмесе, әркім өз жағдайына қарай есептеуіне болады. Мысалы, 60/20/20 немесе 70/20/10 деп өзіне лайықтап, сол ережені сақтаса, қаржылық қиындықтарға тап болмайды. Себебі, жинағы жоқ адам қысылғанда пайызы көп несиеге жүгінеді.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.