2019 жылы елімізде алғаш рет Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу өткен еді. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметте еңбек етуге ниетті үздік жастар таңдалып, бүгінде олар түрлі лауазымда табысты қызмет атқаруда. Биыл аталмыш резервке іріктеу төртінші рет ұйымдастырылмақ. Құжаттарды қабылдау 1 маусымда басталады.
Айта кетейік, бұған дейін 2019, 2021 және 2023 жылдары Президенттік жастар кадр резерві түзіліп, оның құрамына түрлі сыннан сүрінбей өткен 400 адам қабылданды. Олардың қатарында біздің облыстың 16 азаматы бар. Бірақ бүгінде оның тек үшеуі өңірде жұмысын жалғастыруда. Атап айтқанда, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин, Павлодар ауданының әкімі Дидар Ибраев және облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко – резерв мүшелері. Ал қалған 13 адам орталық мемлекеттік органдарда, яғни Астана қаласындағы мекемелерде, квазимемлекеттік компанияларда еңбек жолын жалғастыруда. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Ескендіров айтты.
Асхат Батыржанұлының айтуынша, биыл төртінші мәрте іріктеу жүргізіледі. Оған 35 жастан аспаған, жалпы еңбек өтілі кемінде бес жыл болатын, мемлекеттік тілді еркін білетін кез келген саланың өкілдері қатыса алады. Ол үшін 1 – 30 маусым аралығында pkrezerv.gov.kz сайтында ЖСН және электронды поштаны енгізу арқылы тіркеуден өту керек. Одан соң жоғары білім туралы диплом, еңбек қызметін растайтын құжат, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес деңгейде меңгергенін растайтын сертификатты жүктеуі керек.
— Биылғы жаңашылдық – тіркеу кезінде қатысушылар алты салалық бағыттың бірін таңдауы тиіс. Яғни, іріктеу алты бағыт — әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам, инфрақұрылым, өнеркәсіп және сауда саясатын дамыту, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвес-тициялар салалары бойынша жүргізіледі. Олардың әрқайсысына квота беріледі. Жалпы, іріктеу алты кезеңнен тұрады, — деді А.Ескендіров.
Бірінші кезең – жоғарыда аталған құжаттарды қабылдау уақыты. Іріктеудің объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жекешелендіріліп, оларға жеке нөмір беріледі. Екінші кезең – мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау. Бұл кезеңде талаптардың сақталуын онлайн-прокторинг жүйесі бақылайды. Әр салалық бағыт бойынша ең жоғары балл жинаған кандидаттардың 50 пайызы сандық тестілеуге жіберіледі. Үшінші кезең – ситуациялық тапсырмаларды шешу. Бұл кезең кандидаттардың өздері таңдаған салалық бағыттар бойынша нақты мәселелерді шешу жөніндегі ұсыныстарын бағалауға бағытталған. Эссе жазу форматында онлайн режимде өтеді. Төртінші кезең барысында ассессмент-орталық және құзыреттер бойынша оффлайн форматта сұхбат өтеді. Яғни, топтық және жеке тапсырмалар беріледі. Бесінші кезеңде кәсіби HR-менеджерлермен онлайн форматта әңгімелесу ұйымдастырылады. Сараптамалық комиссиямен сұхбаттасу нәтижесінде Ұлттық комиссия отырысына ұсынылатын 100 қатысушының тізімі жасалады. Ал қорытынды кезең – Ұлттық комиссия отырысында 50 кандидатты Президенттік жастар кадр резервіне қабылдау туралы шешім қабылданады.
Аталған кезеңдердің барлығынан сүрінбей өтіп, резерв өкілі атанған азаматтар кейін мемлекеттік қызметте жоғары лауазымды қызметтерді атқара алады. Конкурс кезінде де оларға басымдық беріледі. Жастардың бағын сынап, жоғары жетістіктерге жетуіне оңтайлы мүмкіндік туып отыр. Сондықтан маусым айында іріктеуге өтініш жіберген жөн.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.