(ағайынды неміс жазушылары Якоб және Вильгельм ГРИММ)
Бір жесір әйелдің өзінен туған және өгей қыздары болыпты. Өгей қызы ұқыпты әрі көрікті, ал өзінен туған қызы өте жалқау әрі көріксіз болды. Өз қызын қатты жақсы көріп, оның ағат істерін үнемі кешірді. Ал өгей қызына жұмысты көп істетіп, оған дұрыс тамақ та бермеді.
Күнде таңертең өгей қыз құдықтың жанында отырып, жіп иіруі керек. Жіпті көп иіргендіктен, қолдары жиі қанайды.
Бірде күндегідей жіп иіріп отырғанда, қолының қаны ұршыққа жұғып, оны жумақшы болып еңкейгенде, ұршық қолынан сусып құдыққа түсіп кетеді де, жылап жібереді. Бұл туралы өгей шешесіне айтады.
– Өзің түсірдің, өзің алып шық! – дейді өгей шешесі зілденіп. – Бар, ұршықсыз қайтып келуші болма!
Қыз құдыққа қайтып келіп, қайғыдан әрі амалсыздан құдықтың ішіне секіріп кетеді де, есінен танып, біраз жатып қалады.
Есін жиғанда жан-жағына қараса, шалшық судың ішінде жатыр екен. Аспаннан күн сәулесін төгіп, маңайында гүлдер өсіп тұр.
Қыз шалшық сумен келе жатып, ортада тұрған пешті көреді. Пештің ішіндегі піскен нан:
– Әй, қыз, бізді пештен тезірек алып шық! Біз әбден пістік. Тезірек алып шықпасаң, мүлдем күйіп кетеміз! –
дейді айғайлап.
Қыз күрекпен нанды пештің ішінен алып шығады.
Ол біраз жүргеннен кейін алма ағашының жанына келеді. Ағаштың бойында піскен алмасы толып тұр екен.
– Әй, қыз, мені сілікші! Алма әбден пісті, – дейді алма ағашы қызға.
Қыз ағашты сілкіп еді, алмалар жерге топырлап түсті. Ол барлық алманы бір жерге үйді де, ары қарай жүріп кетті.
Біраз жүргеннен кейін бір үйшікке келіп тірелді. Терезеден қарап тұрған кемпірдің ырсиған үлкен тістерін көріп, шошып кетіп, қашпақшы болып еді. Кенеттен:
– Оу, аяулым-ау, неге сонша қорқып кеттің! – деген кемпірдің дауысын естіді. – Менің жанымда қал. Осында жақсы жұмыс істесең, өзіңе жақсы болады. Менің төсегімді дұрыстап салып берші. Жастығымды қаттырақ сілкіп көпсітіп берші. Қатты сілкісең, қауырсындары жан-жаққа ұшып, жұмсақ мамық қана қалады. Менің құстөсегімнен қауырсындар жан-жаққа ұшқанда, жерге қар жауады. Менің кім екенімді білесің бе? Мен Метелица ханымның өзі боламын.
– Олай болса, – дейді қыз, – мен сізге қызмет істеуге дайынмын.
Сөйтіп қыз кемпірдің қасында жұмыс істеуге қалады. Әдепті әрі жұмыс істеуге дағдыланған қыз кемпірдің барлық айтқанын бұлжытпай орындайды.
Құстөсек пен жастықтарды қыз қатты-қатты сілкігенде, оның қауырсындары жан-жаққа ұшып кетті.
Қыз Метелицаның үйінде жақсы өмір сүрді. Кемпір оған ешқашан ұрыспады, дәмді тағамнан тойғанынша берді.
Алайда, біраздан кейін қыздың көңілі бір нәрсеге алаңдай берді. Мұндағы өмірі үйіндегіден жүз есе артық болса да, нендей нәрсе жетіспейтінін алғашқыда өзі де түсінбеді. Кейін өзі кішкентай кезінен өскен үйін сағынатынын сезді.
Сосын бірде қыз:
– Мен үйімді қатты сағындым, – дейді кемпірге. – Мында жақсы болғанымен, бұдан әрі осында қалғым келмейді. Өз туған адамдарымды көргім келеді.
Оны тыңдаған Метелица:
— Өз туғандарыңды ұмытпағаның маған ұнап тұр. Сен осында жақсы жұмыс істедің. Сол үшін мен саған үйіңе баратын жолды көрсетемін, – дейді.
Ол қызды қолынан жетектеп, үлкен қақпаның алдына алып келді. Қақпа ашылып, қыз одан сыртқа өте бергенде, үстіне алтын төгіліп кетеді.
– Бұл — адал қызметің үшін саған берілген сыйлық, – дейді де, кемпір оның қолына бір кезде құдыққа түсіріп алған ұршығын ұстатады.
Іле қақпа жабылып, қыз тағы да жоғарыда – жердің үстінде тұрғанын көреді. Кешікпей өгей шешесінің үйіне кіре бергенде, құдықтың үстінде қонақтап отырған әтеш:
– Батырлықпен берілмеген үрейге,
Қызың, міне, алтын әкеп тұр үйге! – деп әндетіп қоя берді.
Өгей шеше мен оның туған қызы өгей қыздың мол алтын әкелгенін көріп, оны құшақ жая жылы қарсы алады, тіпті көп уақыт көрінбей кеткенін де бетіне баспады.
Қыз басынан кешкенінің бәрін айтып бергенде, өгей шеше өз қызының да бай болуын, үйге көп алтын әкелуін қатты армандап кетеді де, қызын құдықтың жанына жіп иіруге отырғызады. Бірақ жалқау қыз жіп иірмейді, қолын жүннің ішіндегі шөгірмен жаралап, қанын ұршыққа жағып, ұршықты құдықтың ішіне лақтырып жіберіп, артынан өзі де суға секіріп кетеді.
Сөйтіп ол айналасында әдемі гүлдер өсіп тұрған шалшық суда жатқанын көреді. Сосын жалғызаяқ жолмен жүріп өтіп, ішінде нан пісіп жатқан пештің жанына келеді.
– Әй, қыз, бізді пештің ішінен тезірек алып шық! Біз пістік! Әйтпесе, күйіп кетеміз! – деп жанұшыра айғайлайды пештің ішінен нандар.
– Немене, мен сендер үшін үстімді былғауым керек пе! –
деп қыз оларға мойын бұрмай, әрі қарай жүріп кетеді.
Сосын алма ағашының жанына келгенде:
– Әй, қыз, мені сілкіші! Алмаларым әбден пісіп болды! –
дейді жеміс ағашы.
– Қарай гөр! Егер мен сені сілкісем, бір алма басыма тиіп, басым ісіп кетпей ме! – деп қайырылмай кетеді.
Ақыры жалқау қыз Метелица ханымның үйіне келеді. Ол Метелицадан еш қорықпайды, өйткені сіңлісі оның қорқынышты үлкен тістері туралы және оның қорқатындай адам еместігін айтқан болатын.
Міне, жалқау қыз Метелицаға жұмысқа тұрды. Бірінші күні бойындағы жалқаулықты әйтеуір бірдеңе ғып жеңуге тырысты. Құстөсек пен жастықтарды қауырсыны жан-жаққа ұшатындай қатты сілкіп көпсітті. Ал екінші және үшінші күні оны жалқаулық иектеп алды. Ертеңгілік төсектен әрең тұрды, үй иесінің төсегі мен жастығын көпсітуді мүлде қойды.
Метелицаға мұндай қызметшіні ұстау ұнамады да, ол:
– Үйіңе қайт! – деді зілденіп.
Жалқау қыз қуанып кетіп, «қазір менің үстіме алтын құйылып кетеді» деп ойлады. Метелица оны үлкен қақпаның алдына алып келді. Қақпа ашылып, қыз өте бергенде, оның үстіне алтын емес, жоғарыда тұрған қазан аударылып, үстіне қарамай төгіліп кетті.
– Бұл сенің жұмысыңа берілген сыйлық, – деді де, Метелица қақпаны сарт еткізіп жапты.
Жалқау қыз үйіне келгенде, құдықта отырған әтеш:
– Жұмысқа ешбір жарамай,
Тапқаны содан қарамай! – деп әнге салды.
Осы қарамайдың денесіне сіңіп кеткені сондай, өмірінің соңына дейін кетпеді.
Орыс тілінен аударған — Серік САТЫБАЛДИН,
Павлодар қаласы.